Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2017

Орал ән бұлбұлы Роза Бағланованы еске алды

941 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованы еске алу кеші өтті. Өнер жұлдызын еске алу кешіне белгілі әншілер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шадаева мен халықаралық байқаулардың жүлдегері Гауһар Қаспақова арнайы келді.  

Орал ән бұлбұлы Роза Бағланованы еске алды

– Роза Бағланова апамыз 90 жасына 10 ай ғана жетпей өмірден өтті. Қазақ жұртына ғана емес, КСРО аталған алып мемлекетке танымал болған әйгілі әнші бақытты ғұмыр сүрді деп айта аламын. Роза апамыздың жанында 24 жыл бірге жүріп, көмекші болдым. Бармаған жерім, баспаған тауым болмады, апамның арқасында талай-талай азаматпен етене болып кеттім. «Бақыт деген не?» десе, бақытты адамдардың қасында жүріп, қызмет ету дер едім, – дейді осы кешті ұйым­дастырушы, Қазақстан Респуб­лика­сының мәдениет қызметкері Қуа­ныш Әбдіқалымов ағынан жарылып.

Еске алу кешінде көрермен­дер әйгілі әнші туралы деректі фильмді тама­шалап, естеліктер тыңдады. Ғари­фолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармо­ниясының жанынан құрылған «Орал сазы» фольклорлық ансамблі сахнаға шығып, өнер көрсетті.

– Биыл Роза Бағланованың туғаны­на 95 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің бірқатар облысында осындай еске алу кештерін ұйымдастырдық. Қорытынды шараны келер жылдың басында Астанада өткізбекпіз. Құдайға шүкір, апамыз көзі тірісінде өзі құрған «Алтын сақа» қайырымдылық қоры әлі қызмет етіп жатыр. Жетім, мүгедек балаларға, соғыс ардагерлеріне көмек көрсетеміз. Алматы қаласында Роза Бағланованың атына көше берілді. Мұндай құрмет Астана қаласында да көрсетіледі деп күтіп отырмыз. Осы кешті ұйымдастыруға демеушілік көр­сет­кен «Эйр Астана» әуе компания­сына алғысым шексіз, – дейді әншінің про­дюсері Қуаныш Өтешұлы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Суретті түсірген

Айбатыр НҰРАШ