Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте халықаралық турнирдің бас жүлдесіне автокөлік тігілетіні ерекше аталды. Оның бас төрешісі ретінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Марат Қойшин бекітілді. Жалпы, құсбегілік өнері бұған дейін де талай насихатталған. Алайда халықаралық деңгейге алғаш рет көтеріліп отыр. Өйткені қазір әлемде құспен аң аулауға қызығушылық артуда. Оның үстіне Қазақстанның тамаша табиғаты мен қысы құсбегілерді қызықтырып отырған сияқты. Ұйымдастырушылардың мәліметіне қарағанда, 5 елден 50-ден астам үміткер өздерінің бақтарын сынады. Бұл ретте Ш.Батырханов облыс басшысы Мәлік Мырзалинге қолдау білдіргені үшін ризашылығын айтты. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының құсбегілік өнері бойынша бас бапкер Күнтуған Базарбек бұл атакәсіптің 10 облыс пен 1 қалада кең өріс алғандығын жеткізді. Тағы бір белгілісі, ұлттық ойындар қауымдастығы 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлген.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы