Бұл біріншіліктің пошымы бөлектеу. Өйткені кәсіптік білім алып жатқан жастардың арасындағы «қолы алтын» дерлік шеберлер сынға түсуде. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан чемпионатқа 36 білім ұйымынан 186 қатысушы өтініш білдіріпті. Шеберлер сайысының ашылу салтанатында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков маңызы мен мәні өте зор шараның мақсаты - техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің уақытпен ілесе отырып, өз ісін білетін және жақсы көретін білікті мамандармен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жалпы облыста «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» аясында 15668 адам техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық, қызмет көрсету салалары бойынша білім алуда. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша 4584 студент білімін жетілдіруде.
Шеберлер арасындағы сайыс жеңімпаздары алдағы уақытта Қазақстанда өткізілетін Worldskills - 2018 чемпионатына қатысуға мүмкіндік алатын болады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»