14 Желтоқсан, 2017

Дарын мен қарым

656 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дарын – тағдырдың сыйы. Ұстай алсаң құстай ұшасың, ұстай алмасаң мұрттай ұшасың. Ұстай алғанның қарымы зор. Бағы биік. Затына қарай аты, еңбегіне қарай өнбегі телегей теңіз. Ұстай алмағанның ұсқыны кірмейді. Қадамы ілгері жүрмейді. Қанша жетектегенмен, қамқорлық көрсеткен кері кетіп, күндердің күнінде күлкіге айналып, көлденең «кермеге» ұрына береді. Мұны өмір сабағына көз жібергенде көріп-біліп отырмыз.

Дарын мен қарым

Қазақ дарыннан кем болған емес, қайта кең болған. Арғы тарихқа бармай, бергі тарихқа ой жіберсең, бой емес ой жарыстырғандар күншілік жерден көз тартады. Оларға серік болған баянсыз бақ емес, ұлт тағдырын бекіткен ақберендер болып шығады. Оларды көресің де көрсоқыр тірліктен безіп, күйкі іске қолды бір сілтеп, халықтық қалыпқа ат байлайсың. Мұның арғы жағында тәубе мен шүкір жатады. Осы шүкір мен тәубеден кетпегендер кемелдікте күн кешіп, ұлтының ұлысына айналды. Жалған дүниенің жетегінде кеткендер бір кемнің шарасында қалып отыр. Бұрын таланттар толқын-толқын болып шығып, жұлдыз шоғырындай болып көрінетін. Бұл дәстүрге айналып үлгерген. Қазір шашыраңқы. Әлгі дәстүрді жасанды жұлдыздар «басып алған». Тіпті болсын-болмасын, айтуға тұрсын-тұр­масын «жұлдыздар жарқырайды» деп күпілдететінді шығардық. Ол жұлдыз жарқырай ма, қалтырай ма, ұлт рухания­тын өсіріп жатыр ма, әлде өшіріп жатыр ма онда шаруамыз жоқ. Айғай-шуға үйреніп алдық па, не салғырттықтың «тұтқынында» қалдық па түсіну қиын. Ән делінетін «өлі» айқай-шуға ұласып кеткенін несін жасырамыз. Бұған «намыстанбайды» (А.Байтұрсынұлы), кемшілікке санамайдының керін келтіріп отырмыз. Тіпті орынсыз әжуаның өзіне, «еркек әйелдердің» қылжағына мәз болатынымызды қайтерсің? Бұған ұлт болып бұл қалай десек болмас па? 

Жақында жұрты мойындаған белгілі әншімен дастарқан басында отыр­ған­да ол «Біз тойдың, тобырдың әншісі­не айналдық. Той жасайтындар ғана бізді іздейді», деді. Алғашында бұл сөз құлаққа түрпідей тиді. Артынан шын өнерді шын түсінетіндер іздейтінін, бүгінгі нөпір ертең жойылатынын айтқан болдық. Міне, дарынның қарымын осылайша пайдалана алмай отырмыз. Қашанғы дарынсыздарды талғамсыз сахнадан, той төрінен көре берер екенбіз?!

Ал бесіктен белі шыға бастағандар, оның ішінде дарынды болғанмен ата-анасының қарымы кемдердің жайы көпті ойландыруға тиіс деп білеміз. Біз мұны неге айтып отырмыз? Соған тоқта­лып көрелік. Желтоқсанның басында «Таңғы шұғыла» деп аталатын балабақ­ша бүлдіршіндерінің өнер фестивалі өтті. Балаңның өнерін тамашалағың келсе, мың теңге төлеп залға кіруің керек. Балаңыз жеке дауыста ән салсын десеңіз 15 мың теңге төлесеңіз жетіп жатыр. Сахна төріне шыға береді. Көп көгенкөзбен хорға қатысу үшін 3500 теңге шығындасаңыз болды. Ұл-қызыңыз қанша жерден дарыны тасып тұрғанмен, жоғарыдағыдай теңге жұмсамасаңыз сыртта қала береді. Аз қамтылған отбасы балаларының арасында да дарындылар бар ғой, олар өнер бәйгесін былай қойып балабақшаға төлейтін ақшасына қиналып жүргенде, мынандай таланттар тобынан ысырылып қалып қоймай ма деген сұрағымызға ұйымдастырушылар нарық заңы осылай деген уәждерін айтты. Сонда қолынан келгендер қонышынан басып, қолынан келмегендердің дарынды ұрпағы сыртта қала бермек пе? Олардың арасынан болашақ Бетховен мен Моцарттар шықпайтынына кім кепілдік бере алады. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын», деген сөзді Ахмет Байтұрсынұлы осындай бір тұста айтса керек. Шынында, тәуелсіз елдің ертеңгі тұтқасы саналатын Асан мен Үсенді дарыны мен қарымын қазір ақ адал анықтап, Қазақ елінің кемел келешегі десек ұтылмас едік. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында ұлт­тың дарынды ұрпағын елдің ішінен таңдап алып, білім бәйгесінде көрсетіп, олар келешекте мемлекетіміздің дамуы­на үлес қосуы тиіс деп «Дарын» рес­пуб­ликалық орталығын құрған еді. Сол орталықтан түлеп ұшқандар кейін «Болашақ» бағдар­ламасымен әлемнің жоға­ры оқу орын­дарында білім алып, қазір Отаны­мыздың дамуына ерекше үлестерін қосып жүр. Олар мыңдап саналатынын да еске сала кетейік. Әлемдік пән олимпиадаларында, ғылыми жобаларда таланттарымыз жүлдегер атанып, мемлекетіміздің көк Туын төрткүл дүниеде желбіреткен еді. «Дарын» орталығы балабақшадан басталған осындай өнер бәйгелеріне бұрын ұйытқы болып келген болатын. Сол үрдісті жалғастырып, жақсы бастаманың басы-қасынан табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы кездері әлемдік білім сайысынан жүлде алған ондай жастар шоғыры туралы мәліметтер аз естіліп жүр. Сондай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар туралы деректер беріліп отырса, өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, ұрпақтың бойындағы дарынды нарықтың талабына сүйеп, олардың ертеңгі қарымын жоғалтып алмау жағын ойластырсақ, бұл ұлт жастарының жарқырап шығуына жол ашары ақиқат.