Үкімет қаулысымен бекітілген «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алған жобада темір жол секторы мен логистиканы дамыту, сондай-ақ теңіз сауда флоты саласындағы табиғатты қорғаудың озық технологиялық шешімдерін қолдана отырып, өте қысқа мерзімде үлкен көлемде транзиттік және отандық жүктерді жылдам тасымалдауды қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті паром флотын құру көзделген болатын. 2015 жылдың сәуір айында жобалық қуаты жылына 4,1 млн тонна жүк тасымалдауға негізделген, ал құны 30,6 млрд теңгені құрайтын Құрық паромдық кешені бірінші фазасының құрылысы басталып кетті. Алдын ала үйлестірілген жоспарға сай, одан бір жыл бұрын басталған «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құрылысы да осы жылы аяқталды.
Жүк ағынын тұрақты қамтамасыз ету үшін темір жол инфрақұрылымын дамыту қажеттігі белгілі. Жаңа «Боржақты-Ерсай» темір жол желісі алғашқы бес жылдың ішінде жылына 8 млн тоннадан астам жүк тасымалын қамтамасыз етеді деп болжанған, себебі ол Құрық порты ауданындағы кеме жасау және кеме жөндеу зауыты, металл конструкцияларының зауыты сияқты дамып келе жатқан өндірістерге көліктік қызмет көрсетеді.
Құрық портындағы паромдық кешен құрылысының бірінші кезеңінің тұсауы 2016 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен тікелей телекөпірде кесілген-ді. Телекөпірде Елбасы Құрық портының еліміздің жүктерін Кавказ бен Еуропаға шығаруға мүмкіндік беретінін, ұзақ күткен жоба мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажетті екенін айтып өткен болатын. Көп ұзамай Құрық портында паромға жүк вагондарын тиеу басталып, алғашқы жүк көлігі Бакуге аттанды. Жалпы, паромға шамамен 52 вагон жүктеуге болады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы тиеледі. Барлығы 3 қабаттан тұратын паромның бір қабатының сыйымдылығы – 14 вагон. Нәтижесінде Каспий теңізінде порттар арқылы жүктерді қайта тиеудің жалпы көлемі 2020 жылға қарай шамамен 25 млн тоннаны құрайтын болады, оның ішінде Құрық паромдық кешені 4 млн тоннаға дейін жүкті қайта тиеуді қамтамасыз етпек.
Паромдық кешеннің екінші кезеңі автомобиль кешенін жүзеге асыру болатын. Екінші кезең Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен биылғы жалпыұлттық телекөпірде іске қосылды. Жобаның құны 97,7 млрд теңгені құрап, порттың қуаты жылына 7 млн тоннаға жетті. Қазіргі таңда Құрық порты арқылы экспорттық және транзиттік жүктерді Транскаспий дәлізімен әлемдік нарыққа шығару жоспарланып отыр.
Каспий теңізі арқылы паромдық қызметті жүзеге асыру – экономикалық дамудың қозғаушы күштерінің бірі десек, теңіздегі Құрық порты – транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні болып табылады. 2017 жылы Құрық портында 1 млн 350 мың тоннадан астам жүк тиелсе, жаңадан автокөлік паромының іске қосылуы порттағы жүк көлемін 2 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Құрық паром кешені темір жол мен автокөлік жолы арқылы келген жүкті жерге түсірместен, бірден кемеге тиеуге барынша қолайлы жағдай жасалған, заманауи теңіз инфрақұрылымы.
Құрық көп салалы паром кешенінен экспорттық бағдарға алғашқы қазақстандық және транзиттік жүктерді жіберу де көп күттірген жоқ. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында кедендік ресімдеуден өткізілген алғашқы жүк тиелген 29 автокөлік, бес автокөлік пен бір жеңіл машина паромға тиелді. Тасымалданатын жүк құрамында Қазақстанда және Орталық Азияда өсірілген ауылшаруашылық өнімдері мен құрылыс материалдары және басқа да тауарлар бар.
– Компания Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларды орындауын жалғастыруда. Жаңа экспорттық-импорттық бағдар Кавказ, Түркия және Оңтүстік Еуропаға және кері қарай бағытталады, – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров.
Еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін дамытуды жүзеге асырып жатқан Жаңа Жібек жолының маңызды тізбегі болып саналатын паром кешені Иран, Әзербайжан секілді көрші мемлекеттермен халық тұтынатын тауарлар, жабдықтар, құрылыс материалдары және өзге де қажетті жүктердің тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы