Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Астанада бес жылға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылға қарай елордадағы бала туу көрсеткішін арттыру мен халықтың  өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізу бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары болып табылады деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада бес жылға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр

Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша елорданың Денсаулық сақтау басқармасы «Астана – дені сау адамдардың қаласы» атты саланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде.

Аталмыш бағдарламалық құжат елорданың денсаулық сақтау жүйесінің алдағы бесжылдық даму бағытын  анықтайтын болады.

«Халықтың денсаулығын медициналық көмектің сапасын жоғарылату мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің негізінде нығайту, денсаулық көрсеткішін жоспарлы түрде әлемнің 30 дамыған елінің деңгейіне жеткізу үшін медициналық көмек көлемі мен құрылымын ауру-сықау мен халық сұранысына сай келтіру тұжырымдаманың басты мақсаты болып табылады», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров қоғамдық тыңдау барысында.

Оның айтуынша, 2022 жылға қарай елордадағы бала туу көрсеткішін арттыру мен халықтың  өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізу бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары болып анықталған.

«Негізгі индикаторларға қол жеткізу мақсатында біз бірқатар фокус индикаторды анықтадық. Дәлірек айтқанда, бұл: қанайналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, жарақаттар мен уланулардан болатын өлімдер санын, сондай-ақ, ана мен бала өлімдерін азаайту индикаторлары», - деп атап өтті Қ. Надыров.

Күн сайын елордада 70 бала дүниеге келіп, 10 адам өмірден озады, 400-ден астам адам ауруханаға жатқызылады, 1500 тарта адам жедел жәрдем қызметін шақырады. Күн сайын қала емханаларының көмегіне 8,5 мың адам жүгінеді. Жергілікті хирургтер күн сайын 120 аса күрделі ота жасайды.