Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

Шымкенттегі кондитерлік фабрика жаңа өндірістік желісі арқылы 200 т өнім шығарған

678 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рахат-Шымкент» өнімдері ТМД мен Еуропа елдеріне, Қытай мен Моңғолияға экспортталуда

Шымкенттегі кондитерлік фабрика жаңа өндірістік желісі арқылы 200 т өнім шығарған

Шымкенттегі кондитерлік фабрика жаңа өндірістік желісі арқылы осы жылдың он айында 274,6 миллион теңге болатын 200 тоннадан астам өнім өндірген.

Оңтүстікқазақстандықтар бүгінде отандық өнімді тұтынуға құмбыл. Бұл орайда индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында іске қосылған «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің жаңа заманауи өндірісі тұтынушы сұранысына сай өнім шығаруда. Фабриканың жылдық қуаттылығы 23 мың тонна. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпорынның жұмысымен танысып, бағдарламаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Серіктестік директоры Абдукарим Борановтың мәлімдеуінше, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға компания инвестиция құйып келеді. «Рахат-Шымкент» ЖШС-і кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жаңа вафель шығаратын өндірістік желіні іске қосқан. Жобаны жаңғырту мақсатында 850 миллион теңге жұмылдырылып, 28 жұмыс орны ашылған. 2001 жылы жұмысын бастаған зауыт өз өнімдерін ТМД мен Еуропа елдеріне, Қытай мен Моңғолия нарығына шығарып отыр екен. Яғни, отандық өнім әлемдік стандарттарға сай.

Соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған зауыт бүгінде 30-дан астам атаумен 4 түрлі өнім өндіреді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»