Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2017

Мәртөкте марал өсірілуде

822 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің аумағында марал тек Шығыс Қазақстан­да өсірілетіні белгілі. Марал өсіру кәсібі биыл Ақтөбеге де келді. Бүгінгі күндері мүйізді жануарлар облыстың солтүстік өңіріндегі Мәртөк ауданы­ның Қазан ауылында емін-еркін жайылып жүр. 

Мәртөкте марал өсірілуде

Оның аталығы мен ана­лы­ғының сандары бірдей. Марал­дар­дың төлдеп, көбейетін кез­дері келесі жылға есептелген. Өңір үшін дәстүрлі емес шаруа­шы­лық­ты іске асыруға «Зару» жеке қожа­лығының иесі Ертарғын Тілегенов белін бекем буыпты. Таңсық жобаны жүзеге асыру мақ­сатында ол «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында 150 миллион теңге несие алған екен. Ұрыста тұрыс жоқ дегендей, бүгінгі күні жаңа кәсіп­ті игеруге байланысты біраз іс­тің басы қайырылыпты. Арнайы бө­лін­ген 700 гектар алқапта жайылым аумағы жасалып, түгелдей қоршалған. 

Қоршаудың биіктігі үш метр. Бұған қоса қоралар салынып, маман-жұмысшыларға арналған үй тұрғызылыпты. Құдықтар қа­зыл­­ған, жайылымдық жерді тиім­­ді түрде пайдалану шаралары белгіленген. 

Ертарғын Тілегенов бізге марал өсіру ісіне бет бұрғандағы басты мақсат – пантамен емдеу орталығын құру екенін айтып берді. Ол мұны іске асыру үшін екі қабатты шипажай ғима­ра­тын тұрғызып та қойыпты. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқанына куә болдық. Іскер азамат оны алдағы жылы пайда­лануға беруді ұйғарған. Бұл іске кіріспес бұрын Шығыс Қазақ­стандағы марал өсіру ісін бес саусағындай меңгерген «Багратион» шаруашылығы­ның іс-тәжірибесімен танысып қай­тыпты. Осыдан жаңа кәсібінің қыр-сырына байланысты көп жайттарды көңіліне түйген. 

Алғашқыда Ертарғынның ойын­да маралдар Ақтөбе айма­ғын жер­сініп кете алар ма екен деген алаңдаушылық болыпты. Деген­мен бүгінгі күні бұл топы­­рақтың таби­ғаты марал өсі­ру­ге қолайлы екені­не көзін жет­кізіп келеді. Өйт­кені оның бақы­лауынша, өңірдің кли­мат­тық ерек­шелігі марал­дарға ешқандай әсер етпепті. Тіпті бір күні ол жайы­лым­да жүр­ген жануарлардың бір жерге шоғыр­ланып, ойнақтап, секі­ріп жүр­генін көреді. Мұның өзі жергілікті жер­дің табиғаты мен кли­матына марал­дардың үйреніп қалғанының белгісі дейді кәсіпкер. 

Е.Тілегеновтің ендігі тілегі Ақтө­бенің қысына алғаш рет түс­келі тұрған жануарлардың жай-күйі болып отыр. Бұдан әрі төлдейтін уақыттары да жақын­дайды. Маралдардың қыр-сыры мен жай-күйін жақсы біле­тін, оны күтіп-баптай алатын маман­дар­дың қажеттілігі де осында. Бір жақсысы бұған да алдын ала қам жасалыпты. Биыл жоға­рыда айтылған «Багратион» шаруа­шы­лығында алты адам арнайы оқып қайтып­ты. Бұған қоса алда­ғы жылы ашылатын пантамен емдейтін шипажайдың қызметін жолға қою үшін 4-5 маман Алматы қаласындағы орталықта арнайы курстан өткізілмек.

– Біз үшін тағы бір қажетті мәселе бар, – деп жалғастырды Ертарғын бұдан әрі өз әңгімесін. – Бұл маралдардың азығы мен өзге де қажетті рациондық қорек­­теріне байланысты. Рас, бар­­лық тұяқты жануарлар секіл­ді марал­дардың да басты қорегі – табиғи шөп пен жем. Біз оның қажетті мөлшерін дайын­дадық. Бұған қоса 5 тонна асқа­бақты, 5 тоннаға жуық сәбіз бен орамжапырақты көкө­ніс өсірумен айналысатын әріп­тес­терімізден сатып алдық. Бұ­лар маралдардың бойын­дағы дәру­мендер мөлшерін көбейтеді.

Міне, осылайша кең-бай­тақ республикамыздың шығы­сында өркендеген марал шаруа­шылығы бүгінде өз ауқы­мын кеңейтіп, еліміздің батыс өңірі­не де орнығып келеді. Ең бас­тысы, ақтөбеліктердің бұған дейін беттесіп көрмеген кәсіпті жатыр­қамай, тосырқамай, бұған кәдімгідей икемделе бастағаны сүйсіндірмей қоймайды.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы,
Қазан ауылы