Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2017

«Нұрлы жердің» Жамбыл облысындағы қарқыны қандай?

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде тұрғындардың еліміздегі түрлі бағдарламалар арқылы да, банк салымшысы есебінде де баспаналы болуына мүмкіндік мол. Сонымен қатар «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің әрбір шаһарында құрылыс қарқынды жүріп, халықты тұрғын үймен қамту мәселесі жолға қойылды. Әр шаһардың төрінен бой көтерген сәні мен салтанаты келіскен нысандар әр қазақтың көкірегінде қуаныш сезімін оятып, үміт отын маздата түседі. Сондықтан да қарқынды құрылыс халық игілігі, ел болашағы үшін қызмет етпек.

 

«Нұрлы жердің» Жамбыл облысындағы қарқыны қандай?

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында тұрғын үй құрылысы негізінде «Арай» алқабынан 19 үйдің жобасы бекітілген. Оның ішінде жалпы құны 8,57 миллиард теңгеге 2015-2017 жылдары 1245 пәтерлі 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал қалған 4 үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасына ауысқан. Бір қуанарлығы, өңірде әсіресе жас отбасылар баспаналы болып, қоныс тойы көбейді. Ағымдағы жылдың өзінде Астана күні қар­саңында 800 пәтер пайдалануға берілген еді. Бұл да өңірде бү­гінгі таңда халықты тұрғын үй­мен қамтуға баса назар ауда­рылып отырғанын көрсетеді. 

Өңірде ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп қабатты және бір үлгідегі жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталды. «Бағдарлама жоспары бойынша ағымдағы жылы республикалық бюджеттен көп қабатты үйлер құрылысына бөлінген 1,56 миллиард теңгеге жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр немесе 258 пәтерлі 4 үйдің құрылысы жүргізілуде. 178 пәтерлі 3 үй үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі. Ал 5,8 мың шаршы метр немесе 80 пәтерлі 1 үйдің құрылысы жоспар бойынша 2018 жылы аяқ­талады», дейді облыс әкімі­нің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов.

Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен жұмысты жалғастыру мақсатында 37 көп қабатты үйдің жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға 236 миллион теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 26 көп қабатты үйдің сараптама қорытындылары дайын. Аталған жобалардың негізінде 2017-2018 жылдарға жоспарланған жалпы құны 5,843 миллиард теңгеге ауданы 57,7 мың шаршы метр немесе 1070 пәтерлі 13 үйдің құрылысы басталды. Бұл жоба келесі жылы аяқталып, тағы да мыңдаған отбасының баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Аталған жоба жуырда ғана Әулиеата жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа таныстырылған болатын.

Келесі жылдан бастап Тараз қаласындағы «Автобекет» маңынан 14-шағын аудан салынады. Бүгінде бұл мақсатқа 100 гектар жер бөлініп, 44,35 шақырым аумаққа су, кәріз, газ, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде. Жылу және электр жүйелерін тарту 2018-2019 жылдары аяқталатын болады. Ал Ы.Сүлейменов көшесінің соңынан бой көтеретін 15-шағын аудан құрылысына 362,2 гектар жер бөлініп, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 922 бір үлгідегі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу жос­парланып отыр. Бүгінгі таңда бұл жерге 139,8 шақырым су, кәріз, газ, инженерлік жүйелер тартылуда. Ал мұндағы жылу және электр жүйелері 2018-2019 жылдары аяқталады деп жос­парланған.

Бүгінгі таңда облыста жеке тұрғын үйдің 1 шаршы метрі­нің құны 120 мың теңге болып отыр. Сонымен қатар рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлінетін 3,6 миллиард теңгеге 300 бір үлгідегі жеке үйлерді тұрғызып, Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы банк салымшыларына сату көзделген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылға бекітілген, сондай-ақ барлық қаражат көздерінен салынатын тұрғын үй құрылысының ауданы 319,6 мың шаршы метр болса, қазіргі кезде 293,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
 
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы