Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2017

Тәуелсіздік тұғырындағы тарих

477 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне арналған әрбір салтанатты жиын азат­тықтың ақ таңындай нұр­лы, қастерлі. Әрине, Арқа төрі ол мерекені әр­қашан өз биігінде қарсы алады. Мереке мезе­тінде аймақ бас­шысы Ерлан Қошанов қатысқан Кеншілер мәде­ниет сара­йындағы рәсімді жиын соның айғағы. Онда елі­­міздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар құр­метке бөленді.

 

Жиынды ашып берген облыс әкімі мейрамның маңыз­дылығына мән берді.

– Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлы мерекесі. Армандаған азат­тық таңын қарсы алдық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәңірдің ұлы сыйы – Тәуелсіздік екенін айтты. Егемендік жылдарында Қазақстан еңселі биіктерді бағындырды. Әрине, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірліктің арқасы. Қарағанды жері ынтымақтың өлкесіне айналды. Ынтымақ бар өңірден ырыс айналмайды. Достығымыз жараса берсін, – деді өңір басшысы.

Жиын барысында Елбасы Жар­лығына сәйкес, аймақтың сая­си және қоғамдық өміріне белсене араласып, елдің әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуына елеулі еңбек сіңірген, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін бір­қатар азаматтар мемлекеттік мара­пат­тарға ие болды.

Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Еркін Кө­беев, Нұра ауданындағы «Жараспай» ЖШС директоры Сейілхан Қоңырбаев «Па­расат» орденін өңіріне тақ­ты. Сондай-ақ «Құрмет» орде­ніне Теміртау қаласының әкімі Ға­лым Әшімов, облыстық тубер­кулезге қарсы диспансер директоры Ноян Бидайбаев, Қара­ғанды облысының құрметті аза­ма­ты Николай Дрижд, Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының жетекшісі Игорь Жабяк, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС атқарушы директоры Ахат Календарев, жезқазғандық еңбек ардагері Сағындық Қо­жам­сейітов, Қарағандыдағы «Шы­ғыс» шаруа қожалығының жетекшісі Шамиль Осин, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева, Жезқазған қала­сының өкілі, еңбек ардагері Жақсылық Шоқтаев ие болды. Ал «Шапағат» медаліне қол жеткізгендер қатарында облыс­тық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков, қалалық бастауыш медициналық-санитарлық көмек орталығының директоры Татьяна Баширова, Қаражал қалалық орталық ауру­ханасының перзентхана бөлімінің акушері Гүлнәр Жақыпбекова, Бұқар жырау аудандық орталық ауру­ханасының хирургия бөлі­мінің меңгерушісі Мереке Жұ­ма­қаев, Жезқазған қалалық орта­лық ауруханасы эндоскопия бөлім­шесінің меңгерушісі Бейсен Көлбаев, облыстық туберкулезге қарсы диспансер Жезқазған бөлімшесінің фтизиатр-дәрігері Марияш Оразбекова болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Қарағанды қаласының құрметті азаматы Рымбала Омарбекова және еңбек ардагері Жағыпар Әлімхановқа табысталды.Жиында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және құр­мет грамоталары тапсырылды.Салтанатты жиынның ең елеулі сәттерінің бірі, әрине ол Қара­ғанды облысының құрметті азаматы атанған азаматтардың есімін айтатын мезет. Әуелі аймақ басшысы қазыналы өлкенің тумасы, мем­лекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Камали Дүйсембеков ағамызға «Құрметті азамат» атағын тапсыру үшін сахнадан түсті. Сонымен қатар  «Халық қаhарманы», армия генералы Мұхтар Алтынбаев ағамызға облыстың Құрметті азаматы атағы берілді. Генералдың үлкен өмірге сапары көмірлі өлкеден басталғаны белгілі.

– Жерлестеріме мың алғыс. Бұл құрмет – маған көрсетілген зор сенім деп білемін. Мен алғаш осы жерден көкке көтерілдім. Сый­дың үлкенін Қарағанды жұр­тынан көргеніме ризамын, – деді генерал. Сонымен қатар бұл атаққа Алаштың туын аспандатып жүрген атпал азамат, чемпион Геннадий Головкин де ие болды.

– Бүгін үш батыр Қарағанды облы­сының құрметті азаматы атанды. Бірі – өздеріңіз бі­ле­­тін сыйлы ағамыз Камали Жұматайұлы. Халық қаһар­маны, генерал Мұхтар Алтын­баевтың орны бір бөлек. Және әлем танитын Геннадий Голов­кинге Құрметті азамат атағын берудің орайы келіп тұр. Жұрт білетіндей, Геннадий кезекті жек­пе-жегіне дайындалу үшін жат­тығу жиынында жүр. Бұйыртса, Қарағандыға келеді деп ойлаймын. Салтанатты рәсімде атақты тапсырамыз, – деді облыс әкімі.

Топтаманы дайындаған
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы

Суреттерді түсірген 
Дмитрий Кузмичев