Шетіне көз жетпейтін шалқар теңіз бен бұйрат-бұйрат құм Нарын. Айғырөлген, Мыңтөбе, Мұңайтпас, Манаш... Осы бір Манаш деген құйттай ауылдан үш министр шыққан. Осы ауылда ақын Фариза туған. Қазір ол жерде «Манаш» деген жазуы бар қалақ қана тұр...
– Фариза апайдың әкесі Оңғарсын бізге жезде еді. Үйіміздің арасы жүз қадамдай болатын. Біздің үй жазда құм ішіне кететін, қыста теңіз жағасына көшіп келетінбіз. Теңіз суы ащы болғанымен, қыста жағаға қатқан мұзды ерітіп ішеміз, тұщы болады екен. Мен әкемнің 18 жасында көрген тұңғышымын. Әжеміз жалғыз ұлын мектеп бітірісімен үйлендірген екен. Менің он жасымда, 1957 жылы арнайы қаулы шығып, теңізден балық аулауға тыйым салынды. Сөйтіп, теңіз жағалаған балықшы ауылдар көшіріліп, қазіргі Атырау қаласының айналасына орналасты, – деп еске алады Ғабдрахим аға бала кезін.
Бір ғажабы, Манаш ауылының адамдары шетінен домбырашы болатын. Ғабдрахим де әкесінен үйреніп, жастайынан домбыраны сүйіп өсті. Сырнай да ойнайтын. Мектептегі би кештерінде бұл сырнаймен сүйемелдеп, өзгесі би билеп, алаңқайдың шаңын аспанға шығаратын. 1964 жылы Фариза апай институт бітірген соң туған ауылына келіп, кешкі мектепте сабақ берген. Сол кездері жоғары сыныпта оқитын өнерлі жас Ғабдрахимді жиі шақырып алып, мектептегі шараларға қосатын.
Таза қазақы ортада, өнер қонған өлкеде өссе де жас Ғабдрахим кішкентайынан техникалық мамандыққа құмартыпты. 1965 жылы Балықшы ауданының Дамба ауылындағы орта мектепті (қазір бұл мектеп Фариза Оңғарсынова атында – авт.) күміс медальмен бітірген ауыл баласы бірден Алматыға, Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына тартқан. Бұл КСРО-да Гагариннің ғарышқа түрен салып, ер баланың бәрі техникалық мамандыққа құмартқан кезі болса керек. «Келешекте жұмыстың бәрін робот істейді» деген аңыздар желдей есетін. Ғабдрахим де сол кездегі ең сәнді мамандық – автоматика және телемеханика факультетіне құжат тапсырған. Бір орынға 22 талапкер таласса да кейіпкеріміздің жолы болды, сол жылы оқуға түсіп кетті. Міне, содан бері жарты ғасырдан асты, Ғабең кәсібін де, нәсібін де осы техника саласынан – энергетика құрылымдарынан тауып келеді.
1970-1974 жылдар аралығында академик Шапық Шоқиннің қарауында Қазақтың энергетикалық ғылыми-зерттеу институтында қарапайым лаборанттан плазмалық энергетика зертханасының инженері лауазымына дейін жетті. 1974-1976 жылдары Гурьев астық комбинатында бас энергетик болып қызмет етті. 1976 жылы Алматы энергетика институты құрылғанда арнайы шақырылып, 1994 жылға дейін сол жерде аға инженерден бастап, проректор лауазымына дейін көтерілді. Нарық келіп, бұрынғы жүйе ыдыраған кезде біраз уақыт «FIAT International SPA» компаниясының Қазақстандағы өкілі болып қызмет атқарды. Кейін әріптестерімен бірге «Азияснабэлектро» акционерлік қоғамын құрып, жеке кәсіпкерліктің де көрігін қыздырғаны бар. Қазір азуын айға білеген «ҚазТрансОйл» компаниясын осыдан 20 жыл бұрын «Қазнефтепровод» атты компания етіп алғаш құрушылардың қатарында Ғабдрахим ағамыз да жүрген болатын...
Біз сөз басында Ғабдрахим ағамыздың бірнеше өмірі бар дегенбіз. Ондағы айтқымыз келгені – ағамыздың қазақтың аяулы ақыны, батыл қызы Ақұштап Бақтыгерееваның жан жары екендігі еді.
Ал жан жарының өзіне әйел ғана емес, қазақтың қабырғалы ақыны, халық сөзін сөйлейтін қаламгері екенін сезінген, оның ақындық қабілеті тұрмыстың түйткілінде жаншылмай, жұлдызы жануына себепші болған азамат көп емес шығар. Сонау 1974-1976 жылдары Атырауда болашағы бар бақуатты қызметін тастап, Алматыға ауысуы да жан жарының әдеби ортадан алыстап, жүдеп жүргенін көріп, сезінгендіктен еді.
– Алғаш Фариза апайдың үйінде танысып, дәм-тұзымыз жарасып еді. Кейін әдеби ортаның өз адамына айналып кеттім. Хамаң, Әбу ағай, Жұбандармен көп араласып, Қадыр мен Тұманбай, Жұмекендермен талай сырластық. Кітапты жақсы көрдім. Кітапты қадірлеуді маған Қадыр ағам үйретті. Кітап оқуды бала күнімнен сүйсем де, Қадыр ағам жүйелі оқуға баулыды. Жазушылардың бағасын беріп, жақсы шығарманың қандай болатынын айтып отыратын. Қадырмен дос болдым, жақсы көрдім. Қадыр ағамның маған берген автографы қазір халық сөзі болып кетті, – дейді кейіпкеріміз.
«Ғабдрахим!
Өмір сүру жеңіл ғой
тиын құрап,
Көп нәрсеге жетпейді
миым бірақ.
Аға болу, бауырым,
оңай емес,
Іні болу одан да қиынырақ!
Қадыр Мырза, 17 февраль, 1978» деп қол қойыпты Қадыр ақын 1977 жылы шыққан «Алақан» жинағына.
«Биязы, бекем азамат Қабдырақым бауырыма, қазақтың ұлтшыл қызы, ақын Ақұштапқа құрметпен, игі тілекпен Мұхтар Мағауин» – Бұл белгілі жазушының 2007 жылы Прагада басылған «Жармақ» кітабындағы қолтаңбасы.
«Қадым заманнан бірге өскен інім Хабдрахимға ең ізгі тілектермен» – бұл лебіздің иесі – әйгілі Әбіш Кекілбаев. Осы бір аз сөзді автографтардан танымал қаламгерлердің кейіпкерімізге деген құрметін байқауға болатындай.
Кейіпкерімізді жазушы қауымға етене жақындастырған – әуелі әдебиетке, кітапқа құмарлығы болса, екіншіден Ғабдрахим ағаның домбырашылығы дер едік.
– Мен саған бір ғажап айтайын, – дейді Ғабдрахим аға. – Мен жазушылардың арасында көп жүрдім ғой. Хамаң бар, Жұбағаң бар, Әбу бар, Зейнолла бар, қай-қайсысы да әңгіменің майын тамызып айтып отырып, домбыраның дауысы шыққанда тып-тыныш болып қалатын. Біреуі үндемейді! Қадыр ағам да сол. Ол кісі домбыраның дауысын естісе «Әппа! Ал енді тынышталайық!», дейді. Сосын есі кетіп күй тыңдайды. Қайрат Жұмағалиев марқұм өле-өлгенше домбыра тыңдап кетті. Маған «келмейсің, домбыра тартып бермейсің!», деп ренжитін. Бір-екі рет кеште бардым, екеуміз түнгі 2-3-ке дейін домбыра тарттық. «Саранжап», «Жеңгем сүйер» секілді ескі күйлер, Мәменнің «Қаражан ханымы», «Қайғылы қара», Дәулеткерейдің «Салық өлгені», Соқыр Есжанның «Қош бол, Ақбикеші» секілді көп орындалмайтын күйлерді кезек тартып отыратынбыз...
Ғабдрахим Жаңбырбаевтың орындауындағы кейбір шығармалар «Атырау өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинаққа да енген. Мұның өзі Ғабекеңнің күй өнеріне қызығушылығы, оны меңгеруі әуесқойлықтан асып, кәсіби деңгейге жеткендігін көрсетеді.
Иә, қай өнердің де бастауы бір, түбі туыс қой. Ақынның жары, қаламгерлердің досы, күйшілердің туысындай болып кеткен Ғабдрахим Маралұлы әлі күнге дейін көңілі сүйген кәсібі – энергетика саласынан да қол үзбеген. 70-ке толған жасында «Атырау Жарық» компаниясында кеңесшілік қызмет атқарады. Баяғы өзі туып-өскен Манаш топырағында жел электр стансасын салу жобасы жүзеге асып жатыр. «Болашақ жел мен күн қуаты секілді таусылмайтын табиғи көздерде. Ерте ме, кеш пе бүкіл адамзат соған келеді» дейді сеніммен Ғабдрахим аға. – Өйткені мұнай да, газ да таусылады, оның үстіне олардың экологияға тигізіп жатқан зардабы қаншама!».
Міне, жетпіс жасына мағыналы да мәнді өмір иесі болып жетіп отырған Ғабдрахим Маралұлы мен ақын Ақұштап Бақтыгереевадан тараған ұрпақ та мақтауға тұрарлық. Үлкені Жазира – түрік тілінің маманы. Әрі кәсіпкерліктің де тізгінін тең ұстап жүр. Ортаншысы Ғазиза Ғабдрахимова – белгілі қобызшы, «Magic of Nomads» тобының көркемдік жетекшісі. Ұлттық өнерді эстрадамен, симфониялық оркестрмен синтездеп, әлемге жарнамалап жүрген өнерпаз. Ал үшінші қызы – мұнай саласында, «Аджип» компаниясында қызмет етеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал