Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жергілікті мұнай компаниясы Доссор кентіне демалыс орынын сыйға тартты. Жоба құны – 72 млн теңге. Компания өкілі Рашид Отаров: «Доссор кенті еліміздегі мұнай саласы тарихының бастауы болғандықтан, біз игі істен шет қалмадық. Жергілікті тұрғындар демалатын орын болмағандықтан, осындай саябақ салып, барлық ережелерге сай абаттандыруды жөн көрдік», дейді.
Қазір аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 108 жоба жүзеге асуда. Бұған қосымша жобалар мен іс-шаралар да бар. Оның ішінде құны 4 млрд 360 млн теңге болатын 18 жобаны жергілікті демеушілер қаржыландырған.
Тәуелсіздік күні облыс орталығында, сондай-ақ барлық аудандар мен ауылдарда аталып өтті. Атырау қаласы маңындағы Геолог поселкесінде 165 орындық «Нұрәлем» бөбекжай-балабақшасы, Қайыршақты ауылдық округі Томарлы елді мекенінде жаңа жеңіл атлетикалық және футбол стадионы пайдалануға берілді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ