Парламент • 21 Желтоқсан, 2017

Парламент кедендік реттеу, жер қойнауы мен оны пайдалану туралы кодекстерді және БАҚ туралы заңды қабылдады

303 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексті екі оқылымда қарап қабылдады.

Парламент кедендік реттеу, жер қойнауы мен оны пайдалану туралы кодекстерді және БАҚ туралы заңды қабылдады

Кодекспен кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары туралы ережелер, сондай-ақ кедендік төлемдерді есептеу, кедендік төлемдер мен баждарды төлеу жөніндегі міндеттердің туындауы мен  тоқтатылуы, төлеу мерзімдері, оларды төлеу және өндіріп алу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету бойынша ережелер реттеліп отыр.

Құжатпен тауарлардың ЕАЭО-ның кедендік аумағына келуімен және кетуімен, кеден декларациясын тапсырумен және кері қайтарып алумен, тауарларды шығарумен байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі бекітілген. Сондай-ақ ішкі тұтыну үшін шығару, экспорт, кедендік транзит, кеден қоймасы, еркін кеден аймағы кедендік рәсімдерін және басқаларды қоса алғанда, кедендік рәсімдер анықталады.

Сонымен бірге, халықаралық тасымалдау көлік құралдары, халықаралық пошта жөнелтілімдері, құбыржолмен және электр беру желілерімен тасымалданатын тауарлар сияқты тауарлар санаттарын
ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы тасымалдаудың тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері және басқалар заңнамалық түрде белгіленеді.

Кодекс шеңберінде декларантты әкімшілік жауаптылықтан босату жағдайлары айқындалады. Кедендік бақылау реттелді. Кеден ісі саласындағы тұлғалардың және уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қатысты ережелер енгізіледі.

Кодекспен кедендік реттеу саласындағы жаңа басым бағыттар көзделеді. Атап айтқанда: кеден декларациясын кеден органына тиісті құжаттарды ұсынбай электрондық түрде беру мүмкіндігі; кедендік төлемдерді аванстық төлемдер енгізу арқылы төлеу; мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жасауында «бір терезе» тетігін пайдалану енгізілді.

Бұдан басқа, Кодекспен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік баждар мен төлемдер бойынша мерзімді кейінге шегеру енгізіледі. Тауарларды кедендік декларация тапсырғанға дейін шығару мүмкіндіктері кеңейтілген. Кодекс ережелері Қазақстан Республикасы Салық кодексінің ережелерімен үйлестірілген. Кеден ісі саласындағы тұлғаларды тиісті тізілімнен шығару үшін бұрын негіз болған, олардың қызметін тоқтата тұру үшін негіздер көзделген.

 

Заңнамаға кедендік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер қабылданды.

Құжаттың мақсаты Қазақстан Республикасының заңнамасын «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі жобасының ережелерімен сәйкес келтіру болып табылады.

Заң жобасымен тауарларға декларация бергенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште немесе уақытша әкетілген халықаралық тасымалдың көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсете отырып, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы ірі мөлшерде өткізуді экономикалық контрабандаға жатқызу бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Аталған өтініштер кеден органы тіркеуге алған сәттен бастап, осындай өтініштерді беру заңдық мәні бар фактілер туралы куәландыратын құжатқа айналады.

Құжат шеңберінде мемлекеттік кіріс органына Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларында белгіленген мерзімдерде уақытша әкелудің кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтінішті ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Сондай-ақ декларацияламаумен және анық емес декларациялаумен қатар декларацияны табыс еткенге дейін тауарды шығару туралы өтініштегі анық емес мәліметтер үшін жауапкершілік белгіленеді.

Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес енгізілген алдағы төлемдерді төлеу есебіне аванстық төлемдерді қоса алғанда, кедендік операцияларды жасау кезінде республикалық бюджетке жіберілетін салықтық түсімдердің түрлері нақтыланады.

Бұдан басқа, қазіргі кезде көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган іске асыратын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізудің теңіздегі өткізу пункттерінде және өзге де өткізу орындарында көліктік бақылау функцияларын мемлекеттік кіріс органдарына беру көзделеді.

Заң жобасымен ақпарат ауыстыру және валюта заңнамасын сақтау мақсатында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары мен Ұлттық банкінің өзара іс-қимылын заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде толықтырулар енгізіледі.

Сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексін екі оқылымда қарап, қабылдады.

Кодекс жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің жаңа тәсілдерін көздейді. Негізгі жаңалықтары «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланудың Аустралиялық моделін ендіру, пайдалы қазбалардың қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшу, геологиялық мәліметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ету, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу, уранды, көмір қабаттарының метанын өндіруді реттеу, пайдалы қазбаларды старательдік өндіруді ендіру болып табылады.

Бұдан басқа, Кодекс жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюды қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін енгізу ұсынылады, оған сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар өндіру бойынша операциялар басталғанға дейін жою жоспарын және жою жұмыстары құнының бағасын жасауға тиіс.

Жоюды қаржыландыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар қамсыздандыру ұсынуға міндетті, оған уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда өндіріп алуды қолданады. Мұндай тәсіл жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар аяқталған кезде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және салдарды уақтылы жоюға мүмкіндік береді, бұл қоршаған ортаның жай-күйіне және халықтың өмір сүру сапасына әсер етеді.

Жер қойнауы саласына қаржыландыруды тарту процесін жеңілдету шеңберінде несие алу үшін кепілге жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде уәкілетті органның рұқсатын алу қажеттілігі алып тасталды.

Жер қойнауы саласындағы басқаруға қойылатын бірыңғай тәсілдер шеңберінде Кодекс жобасында жер қойнауы мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын ендіру ұсынылады, онда жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды басқару және елдің минеральдық-шикізаттық базасын шығару саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен басымдықтары бекітіледі.

Сондай-ақ Кодекспен жер қойнауын пайдаланушылардың ерікті негізде құзыретті орган айқындаған ұйым бекіткен сатып алу стандарттарын қолдану мүмкіндігі де көзделеді, яғни жер қойнауын пайдаланушы осы ұйымға мүше болған жағдайда ғана сол ұйымның сатып алу стандарттарын басшылыққа алуға құқылы.

Осылайша, Кодекс жер қойнауы саласын реттеудің кешенді, ашық және тиімді жүйесін құру мақсатында нормативтік актілерді жүйелеуге және дәрежелеуге, сол арқылы ұзақ мерзімді өсу үшін жағдай жасауға бағытталған.

Жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер қабылданды.

Құжатпен жер, әкімшілік, экологиялық, бюджет заңнамасына, атап айтқанда жер қойнауын пайдалану саласын қозғайтын, сондай-ақ геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін әкімшілік кедергілерді және рұқсат беру рәсімдерін қысқарту бөлігінде түзетулер енгізуді көздейді.

Атап айтқанда:

Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

жер қойнауын пайдалану саласындағы облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар (қаладағы аудандардан басқа) уәкілетті органдарының құзыретін нақтылау;

барлау кезеңінде жария сервитутты (сервитут үшін өтемақы төлей отырып немесе залалдарды өтей отырып) енгізу;

жер қойнауын пайдалану мақсатында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою талаптарын нақтылау бөлігінде.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне:

қоршаған ортаны қорғау эмиссиясына рұқсат алу үшін қағаз жеткізгіште ұсынылатын құжаттардың мерзімдері мен тізбелерін қысқарту, материалдарды беруді алып тастау бөлігіне.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне:

жер қойнауын пайдалану саласындағы кейбір құқық бұзушылық құрамдары бойынша айыппұлдардың мөлшерін арттыру, санкцияларды қатаңдату бөлігіне;

алып тастауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ведомствоға бағынысты қарауды нақтылау бөлігіне.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның шарттарын сақтауға бақылау жасауды қоса отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне мемлекеттік бақылау саласын кеңейту бөлігінде түзетулер енгізу көзделеді.

Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер екі оқылымда қаралып қабылданды.

Құжат бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Бюджет, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Кәсіпкерлік кодекстерге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстеріне, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Пошта туралы», «Жарнама туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттеледі; БАҚ-пен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан айқындалады.

Заңда бұқаралық ақпарат құралдарының шығындарын қысқарту мақсатында уәкілетті органға жіберілетін мерзімді баспасөз басылымының міндетті данасының қағаз нысанын алып тастап, электрондық нысанда жіберу ұсынылады.

Бұдан басқа, заңда халықтың тыныс-тіршілігін бұзатын оқиғаларға жедел ден қоюды және оларды уақтылы хабарлауды қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың үш сағат ішінде халықты ақпараттандыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады.

Ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар бойынша жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, сұрау салу келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, берілген сұрау салу сипатында және тілінде ұсынылады.

«Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңында оларды жарнамамен бөлудің мүмкіндігін болдырмайтын «діни», «білім беру» және «балалар» телебағдарламасы ұғымдарына анықтама берілген.

Отырыс барысында сенатор Әбдәлі Нұралиевтің облысаралық, қалааралық және ауданаралық тасымалдауды заңдастырудың жаңа әдісін әзірлеу қажеттілігі туралы депутаттық сауалы жария етілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының Баспасөз қызметі