Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2017

ҚР Әскери-теңіз күштері «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесімен толықты

950 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда шекарашыларға су жаңа "Маңғыстау" кемесі табысталып, теңіз әскерінің жалауы салтанатты түрде көкке көтерілді. Отандық су көлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына сәйкес арнайы шығарылған. Бұл осымен Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған төртінші кеме. Экипаж құрамында 23 адам бар.

ҚР Әскери-теңіз күштері «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесімен толықты

Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР ӘТК бас қолбасшысының вице-адмиралы Жандарбек Жанзақов қатысты.

-Қазақстанның халқы бақытты деп толықтай айтуға негіз бар. Бүкіл дүниежүзі мойындаған ірі мемлекеттің қатарына ендік. Мәңгілік ел болуды мақсат еткен Отанымыз міндетті түрде мықты ел болу керек. Тәуелсіздікті алу бар да, тәуелсіздікті нығайту бар. Оны қорғау бар. Осы бағытта ең алдымен әскери күштерге тікелей байланысты. «Маңғыстау» кемесінің қатарға қосылуы – үлкен тарихи жағдай. Қазақстанның әскери күштерінің күннен-күнге күшейіп келе жатқанындығының айқын көрінісі» деді Ералы Тоғжанов.

Салмағы  240 тонна, ұзындығы – 41,75 метр, ал ені -7,8 метрді, жүзу қашықтығы  1200 мильді құрайтын «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесі - Каспий теңізінде Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің жауапкершілік аймақтарында жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін жасалған.  Ол су астынан төнетін қауіп-қатер мен астыртын әрекеттерді алдын ала анықтай алады. Сондай-ақ, заманауи артиллериялық құрылғымен, радиотехникалық қарумен жабдықталған. ​Жаңа көліктің тағы бір кереметі, жанармай қоры сағатына 60 шақырым жылдамдықпен ашық теңізде 10 тәулік жүруге жетеді. 

«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің техникалық сипаттамалары қарсыластың жауынгерлік суүсті кемесін, катерін және көлігін дербес және кемемен соққы беру күштерімен өзара іс-қимылда жоюды қамтамасыз етеді. Кеме бұл үшін қажетті жылдамдығы, басқаруы, жүзу алшақтығы, дербестігі, экипаждың мекендеу шарттары сияқты теңізде жүзу сапасына ие.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы