Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2017

Өскеменде Құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс орталығында Құқық қорғау қызметтері орталығы жұмысын бастады. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, облыс прокуроры Құсайын Игембаев және құқық қорғау органдарының басшылары мен қоғамның белсенді өкілдері қатысты. Орталықтың мақсаты - шағымдарды шұғыл түрде қарап, тиісті шешім шығару және азаматтардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарға сенімін арттыру.

Өскеменде Құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау қызметтерінің орталығының ашылуына Бас прокуратура бастамашылық танытып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау мақсатында іске асып отыр. Орталықтың басты ерекшелігі - заң қызметтерін бір жерде шоғырландыру болып табылады. Адвокаттар, сот орындаушылар, медиаторлар, Әділет департаментінің, Құқықтық статистика басқармасының, халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері, пробация қызметкерлері тегін кәсіби заң көмегін көрсетіп, консультация жасайды.

Аймақ басшысы кездесуге қатысушыларды орталықтың ашылуымен құттықтап, орталықтың маңыздылығын атап өтті.

- Бұл орталық халық үшін өте пайдалы болады, әкімшілік кедергілерді жояды, мемлекет пен құқық қорғау органдарының имиджін көтереді. Орталықтың жұмысы халықтың көңілінен шығып, болашақта облыстың ең үлкен қалалары мен аудандарында ашуды жоспарлау керек деп ойлаймын, - деді Даниал Ахметов

Ашылған орталық - электронды кезек жүйесі, күту залы және басқа қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан тыс қалмаған. Бұл жерде пандустар, тактильді көрсеткіш,  жазбалар, мүгедектерге көмек көрсете алатын мамандарды шақыру үшін арнайы тетіктер орнатылған. Сонымен қатар, кез келген азамат құзыретті органға, оның ішінде орталық деңгейдегі органдарға бейнеөтініш бере алады. Орталық қала прокуратурасының ғимаратында орналасқан.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

 

Соңғы жаңалықтар