06 Ақпан, 2010

ҚОЛТАҢБА

1367 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Маңғыстау... Маңғыстау десе, менің көз алдыма алдымен асау толқынды теңізі, тасы­­ған мұнайы, баяғы асасын іздеген Бекеті, бү­гінгі абыз тұлға Әбіші елестейді. Сол Әбіштің бір сөзі бар-тұғын: “Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самға­масаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз. Иллюминатордан қағынды тиіп арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көңін­дей солғын жер бедерін көр­ген­де, ғарыштың әлдебір әлі белгісіз пла­нетасына келіп қал­ған екенбіз деп ойлайсыз. Бірақ, бедірейіп жатқан осы бір бедеу кеңіс­тіктің түбіне бой­лай түскен сайын көзіңізге жылт оянып, көңіліңіз әрі-сәрі күйге тола­­ды” немесе “...Ұлы Тұранның теріскейі мен күн­гейінің, батысы мен шығы­сының, ежел­гі, кешегі, ертеңгі кескіндері түгел қылаң береді...”-деген. Мен Маңғыстау­ға табан тіресем болды, осы сөздер алдымен ойыма оралады. Жуырда ғана сол қазақтың Әбіші­нің ел боп тойлаған мерейлі жасы, жет­піс жылдығында үш жүз алпыс екі әулиелі, Қыдыр қонған киелі мекен Маңғыстауға дәм бұйырып тағы жолым түсті. Бізді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекет­тік технологиялар және инжиниринг уни­верси­тетінің ректоры, облыстық мәсли­хат де­пу­таты Әбдімүтәліп Әбжаппаров қарсы алды. Алдыңғы ойдың жетегінде келе жатқан бұл кезекті сапарымда өр өлкенің бұрын­ғыдан да бөлек, бұрынғыдан да ажарлы кейпін көріп, көңілім қуанып қалды. Ұшақ­тан түскен бойда байқағаным – жаңа әуе­жай ғимараты... Жол бойына жарқыраған баға­налы шамдары, тақтайдай тегіс асфальті­мен жүйткіп келе жатып, баяғы “құлазыған кең мекен дала­ның” қайта түле­геніне куә болдым. Ару қала Ақтауға кір­местен бұрын сонадайдан “мен мұн­далап” тұрған әсем ғимаратқа көзім түсті. Бұл да шаһар... Білім шаһары... Жаңадан бой көтерген универ­ситет қалашығы екен. “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасының алғашқы он жылдығына, маңғыстаулықтардың “Жер-Теңіз-Аспан” ауқымды ықпалдасқан инвестициялық ғажап жобаларымен жетуі өңір болаша­ғының перспективасын айқын танытады. Мысалға, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың шетелдік инвесторларды “Каспий энер­гетикалық хабын” құру жобасын қолдауға шақыруы да өлкенің өркендеуі жолындағы тамаша баспалдақтар екенін атап айтар едім. “Біз қазір Каспий энергетикалық хабын құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол Ақтаудан солтүстікке қарай Қазақстанның негізгі мұнай-газ кеніштеріне таяу жерде орналасады. Бұл хаб энергетика саласын­дағы сервистік қызмет көрсету технология­сымен қатар өнеркәсіптік білім беру және ғылыми кешен жасақтауға бағытталады. “Самұрық-Қазы­на” қоры бұл жобаны жүзе­ге асырумен шұғылдануда. Кеңес мүшелері осынау аса ма­ңыз­ды жобаға қажетті қолдау көрсетеді деген үміттемін”, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөзі ел-жұртты жігер­лен­діріп, үл­кен сенім артады. Айта кететін бір жәйт – “Каспий энергетикалық хабы” энерге­ти­ка­лық саланың одан әрі дамуына қажетті қыз­мет пен технологиялар кластерін құратын болады. “Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы инфра­құрылымдардың дамуына қомақты мөл­шерде шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік пайда болып, Ақтауда жаңа жұмыс орындары ашылып, іскерлік қарқындылық жандан­ды­рылады. Бұл Қазақстан Республика­сының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес келеді”, – деп атап өтті облыс әкімі Қ.Көшер­баев. Каспий теңізінің қазақстан­дық секторын игерудің мемлекеттік бағдар­ла­масына сәйкес, энергетикалық хаб Каспий маңындағы кеңістікте мұнай-газ секторының толыққанды дамуын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді. Аталмыш жоба жа­қын­­­да ғана Президенттің халыққа кезекті Жол­дауында ұсынылған өңірлік даму сая­сатын белсенді жүргізуге осы Каспий өңірі үшін ма­­ңыз­ды бағыты болады. “Өңірлік даму рефор­маларынсыз біз жедел әртараптанды­руға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге эко­номикалық өсу орта­лық­тарын қалыптас­ты­руды бастау қажет. Қазақстанның баты­сын­да мұнай-газ секторын, химия өнеркәсі­бін, жабдықтар өндірісі және көліктік қуат­тарды дамыту керек... Жаңа өңірлік саясат – 2020 Стра­тегия­лық жос­пары­ның аса маңызды бөлігі”, деп атап көрсетті Елбасы өз Жол­дауын­да. Эко­номикалық өсу орта­лығын ке­шенді түрде құрып жатқан маңғыстаулықтарға Прези­денттің бұл тапсырмасы жаңа екпін беретіні сөзсіз. Өңірдің әкімімен әңгіме барысында “Каспий энергетикалық хабының” біліми-ғылыми орталығы болып Каспий мемлекет­тік технологиялар және инжиниринг уни­вер­сите­тінің анықталып отырғаны тілге тиек болды. Мұның өзі ұзақ әңгіме. Сөзіміздің әл­қис­сасын білім ордасының жаңа ғимара­тынан бастап едік қой, сол еңсесі биік орда да аталмыш жобаның бір бөлшегі екен. “Бітер істің басына, жақсы келер қасы­на” дегендей, отыз төрт жылдық тарихы бар бұл қарашаңырақты кейінгі жылдары қарқынды дамыту ісі университет басшысы Әбдімүтәліп Әбжаппаровтың маңдайына жазылғандығын айрықша атағанымыз абзал. Әу баста осы Маңғыстаудың ірі жобаларын талқылау қолға алынған кезде көптен ойында жүрген мақса­тын Әбекең ортаға салыпты. Нәтижесінде, Үкімет қаулысымен Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік уни­вер­ситеті Каспий мем­ле­кеттік техноло­гия­лар және инжиниринг университеті болып қайта құрылды. Аймақта тұңғыш рет Каспий атауы мемлекеттік оқу орнына берілді. Бұл тіпті Каспий аймағын­дағы көрші мем­лекеттерде де кездеспейді. Мақ­сат белгілі – болашақ мамандарды әлем­дік деңгейдегі стандарттарға сәйкес даярлау. Оған қол жеткізу үшін, әрине, ең алдымен оқу орда­сының атына заты сай болуы керек. Орайлы сәтті қолайлы пайдаланып, ойда жүрген жобаның іс жос­парын жасақтап, об­лыс басшылығының назары­на дер кезінде ұсынған. Сөйтіп, “құлан­ның қашуына мыл­тық­­­тың басуы” сәйкес кеп, Әбекеңнің ұсы­нысы алдағы атқарылар қыруар жұмыстың қатарына қабылданады. Бұл кезек күттірмей­тін, күн тәртібіндегі мәселе болған­дықтан “әп” дегенде басталған шаруа да осы болды. Алғашында көпке қиялдай боп көрінген көк сарай күн өткен сайын көкке құлаш ұрып, биіктей берді. Бір топ зиялыларды бастап ара­латып, қуанышын “сүйіншілеп” жеткізген Әбе­кеңе сонда байғазы үшін қандай сияпат, қан­дай құрмет көрсетсе де артық болмастай еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің 75 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі бар­лық оқу орын­дары мен оның ұстаздар қауымына, шәкірттеріне арнаған дәрісінде біраз мәселе­нің басын қайырды. Соның бастысы – “Сапалы білім мен ғылымсыз қазіргі заманғы әлемде Қазақстанның келе­шегі жоқ... Қазақ­станға интеллектуалдық секіріс қажет”, – деп, мемлекет кездескен түр­лі қиыншы­лықтарға қара­мастан, жаңа білім нысандары­ның құрылысы үшін қаржы аямау керектігін баса айтты. Ал оның маңғыстаулық үлгісі Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің бүгінгі жетістігі дер едім. Бұл университеттің өзі 1976 жылы ашыл­ған. Құрамындағы әр институттары мен колледжі, тіпті бас ғимаратының өзі қала­ның әр шағын ауданында, онда да бұрынғы мек­теп­тер, жатақхана мен балабақшаға арнал­ған ғимараттарда орналасқан еді. Бір орталық­қа шоғырланған жаңа оқу орнының салынуы, оған көшу – басшы тұрмақ ұстаз­дардың, тіпті шәкірттердің арманы болмады дейсіз бе? Сол арманға бүгін, дағдарыс кезі­нің өзінде қол жеткізу – еліміздің эконо­ми­касы өз күшіне еніп, дағдарысқа дес бермей даму жолын бастан кешуінде деп сенімді айтуы­мызға себеп. Жекелеген тұлғалардың қаншама іске, қаншама оңды оқиғаға ұйытқы болуы тарихта аз емес. Сондай айтулы істердің ықпалды бір иесі осы біздің Әбдімүтәліп ініміз дер едім. Университет кешенінің құрылысы әрі қарай да тұрғызыла бермек. Бұл бүгінгі таң­да университет қабырғасында оқып жүрген жастардың сапалы білім алуы үшін жасалған оңды қамқорлық. Ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Елба­сы­мыз өз Жолдауында “Білім беру рефор­­масы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет”, – деп тапсырды. Бұл сөзді іліп әкеткен кез келген білім ошақ­тарының басшылары оны барынша насихат­тады. Бірақ оның іс жүзінде жүзеге асуы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал талап үдесінен шыға білу – бүгінгі күннің тау көтерер Толағайларына ғана тиесілі. “Бұлақтың көзін ашса бір кісі кеп, басы­нан су ішпей ме мың кісі кеп?” Университет халықаралық деңгейде білім беруді көздеп отыр­ғандықтан, алда артылар міндет те, жауапкершілік те зор. Президентіміздің “Қазақ­­­станда халықаралық ұйымдардың қаты­суымен осы заманғы ғылыми орталық­тар мен “технологиялық парктер” құру және дамыту, технологияларды игеру үрдісіне қол­дау көрсету мен кадрлардың білігін бағ­дар­лаудың икемді жүйесін қалыптастыруымыз керек”, – деген ойымен үндес ең маңызды бас­­тамасын бізге Әбекеңнің өзі әңгімелеп берді: “Отандық білім беру жүйесіндегі сапа­лық өзгерістер біздің оқу ордамызда да болу керек. Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жаңа форма­цияның инженер-техникалық мамандарын, оның ішінде бүгінгі таңдағы аса қажетті ІТ-техноло­гия, нанотехнология, атом энергети­касы және аймақта жасалатын мұнай-химия, логистика, туризм, энергетика, теңіз техноло­гиясы секілді озық технологиялық иннова­циялық кластер­лер­дің аса зәру мамандарын даярлайтын болады. Тәуелсіздікке қол жет­кізген кезден бастап Қазақстан өзінің әскери-теңіз және сауда флотын, теңіз жағалауы инфрақұры­лымы мен білікті мамандарын қалыптас­ты­рып және жетілдіріп, өз алдына теңіздік дер­жава ретінде дамып келеді. “Қашаған” кен ор­нын игеру жобасы Каспий теңізінің қазақ­­стан­дық сек­торын­дағы теңіз флотының қыз­метін негізгі тұтыну­шылардың бірі болып табы­лады. Сон­дықтан, теңіз мамандықтары бойынша кадр­ларды дайындаудың қажеттілігі пісіп-жетілді. Теңіз мамандарын дайындау мәселесі осы біздің универ­ситетімізде шешілуі тиіс. “Каспий энергетикалық хабына” т.б. аймақта қабылданған ірі инвестициялық жоба­ларға қажет мамандар дайындау бағытында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті алдында маңызды міндеттер тұр. Шетелдік инвестор­лармен жүргізген бірнеше келіссөздердің нәтижесінде “Каспий энергетикалық хабы­ның” біліми-ғылыми орталығы университет­тің Мұнай және газ институты негізінде қалыптасып, қызмет етуіне қол жеткізілді. Бұл істі атқару үшін қазақстандық жастардан Американың Техас, Колорадо, Голландияның Дельфий универси­тет­терінде осы институттың болашақ 120 ұс­тазын дайындау мақсаты қойылды. Ұстаздыққа үміткерлер республика­ның барлық универ­си­теттерінен конкурстық негізде іріктеп алынады. 2010 оқу жылында алғашқы отыз маман ірік­теліп оқуға жібе­ріледі деп күтілуде. Оқу мерзімі екі жыл, бұл мамандар келісім-шарт негізінде универси­тетте алты жыл қызмет етуге міндетті. Осы жылдар ішінде олардың бір жылдық жала-қысының төменгі мөлшері 75000 $ (АҚШ долларын) құрайды. Осылайша әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды қамтамасыз етпекпіз”. Иә, білімді болу мен оны жан-жақты жетілдіру – өзіңде барды игеріп, өзге елдің де ілімін үйрену болмақ. Бұл – Елбасымыздың тапсырмасы. Ол өз сөзінде “Ақтау мемлекеттік университеті Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті болып өзгертілді, жетекші америкалық және еуропалық ғылыми орталықтармен элитті білім беру кешенін құруға қатысу туралы келіссөздер жүргізілуде. Республикалық бюджеттен университеттік кешеннің құрылысына 2,9 млрд. теңге бөлінді. Университет бүкіл Каспий аймағы­ның халық­аралық білім беру базасына айналу керек”, деген болатын. Бұл істерді бастамас бұрын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жобаны тікелей қарап, қолдау жасаған. Ел басшысының батасымен басталған жұмыстың бұл алғашқы мысалдары ғана. Оның нәтижесін болашақ көрсетеді. Өйткені, ел ертеңі жастар үшін, білім мен ғылым үшін жұмсалған дүние далаға кетпейді, керісінше, еселеп қайтары сөзсіз. Қойнауы қазба байлық пен құпия тылсым сырларға толы өлкені тани түсу үшін танымның, зерттей түсу үшін зерденің, игеру үшін игілікті істің бастамасы – әлеуметке қызмет етер білім болмақ. Ә.Әбжаппаров басшылыққа келгелі бұл университеттің ішкі-сыртқы мазмұны жаңар­тылып, айта қаларлықтай сапалық өзгеріс­тер­дің жүзеге асырылғанын байқадық. Сондықтан, мұны білікті басшының айқын қолтаңбасы деп айта аламын. Өркениетті елдердегідей біздегі білім ошақтарының оқу жүйесін қалыптастыру, оны әуелі әркімнің жете түсіне білуі, содан кейін барып ортақ оқыту жүйесін жасақтау, білім сала­сында жүрген мамандарға, басшы­ларға оңай тиген жоқ. Алдымен кеңес дәуірін­де тозы­ғы жеткен протекция мен коррупция көзі болған жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібін жөнге келтіру үшін әрбір талапкерге бірдей мүмкіндік беретін, протекцияның бар­лық түріне тосқауыл қоятын, талапкерлерді конкурсты түрде іріктейтін жоғары оқу орын­дарына қабылдаудың жаңа моделі қажет болды. Міне, осындай қызметте білгірлік пен білімділіктің, басшылық қасиетінің нақ сыналар тұсында, қажырлы еңбек көрсете білген білікті ғалым, басшы Ә.Әбжаппа­ровтың үлесі аз болған жоқ. Ол сонау 1999-2001 жылдары Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта арнаулы білім беру департаментінің басшысы қызметін атқарды. Осы жылдары Қазақстанда алғаш енгізілген талапкерлерді қабылдаудың жаңа моделі ­– Кешенді тестілеу жүйесін қалып­тастыруға білікті басшылардың бірі ретін­де атсалысты. Әбекең мен әріптестері негізін қалаған сол кездегі бастама қарқын алып, бүгінгі таңда – Ұлттық бірыңғай тесті­леу (ҰБТ) атты көпшілікке ұғынықты студент­терді қабыл­даудың формасы қалыптасты. Білім сапа­сын арттыру мақсаты тұрғысынан – ҰБТ қазіргі заман талабына сай, дер кезін­де жүзеге асырыл­ған игілікті шара ретінде ТМД-ның білім жүйесіндегі түбегейлі өзге­ріске жол ашқан тәсіл. Ә.Әбжаппаров сын­ды тәжірибелі бас­шы­ның мұндай қызметті аса жауапкерші­лікпен атқаруының өзі азаматтық қасиетінің бір қыры. Міне, осындай жауапты қызметті талапқа сәйкестендіре орындай білген Әбекең мен сол кездегі ұжымға айтар алғыстан басқа бөтен ниетіміз жоқ. Есімізде, бұрын балаларын оқуға түсіру үшін ағайын-туысты жағалап, тамыр-таныс­тыққа иек артатын ел үшін ҰБТ – жоғары білім жүйесіндегі революциялық-рефор­малық өзгеріс болды. Үйінен алысқа ұзамай, мемлекеттік сынақты тапсырып, қалаған мамандығына жолдама алуы – біле білгенге, кім-кімнің де күнінің туғаны. Сондай-ақ, Әбдімүтәліп тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Білім министрлігінде еңбек ете жүріп, жас мемлекетімізде білім-ғылым бойынша атқа­рылған аса маңызды істерге өз үлесін қосқан, Қазақстандағы жоғары білім берудің норма­тивтік-әдістемелік базасын жасақтау істеріне қатысып, әр жылдары “Білім туралы”, “Жоға­ры білім туралы” заңдардың жасақталуына тікелей атсалысқан. Заманның жаңаша тала­бына төселген, бойындағы қажыр-қайратын ел игілігі­не жаратпаққа, жауапты жұмыстар­дағы басшы­лық қабілетін одан әрі шыңдай түскен Ә.Әбжап­паров 2001-2005 жылдар аралығында С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. Ол кездегі игі бастамаларын сол жақтағы әріп­тестерінің өзі әлі де ризашылық­пен айтып жүр. Көп ішінде жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келер іс болса да, көппен бірге, көпші­лік көңілінен шығатындай, пікірің мен бағытыңның дұрыстығына көзі жетерліктей қылып, әрбір бастамаң көпшіліктің игілігіне айналса көздеген мақсатыңның толыққанды орындалғаны. Көптеген келелі мәселелердің оң шешімін таба білген талантты басшы Ә.Әбжаппаров әулиелі Маңғыстау топырағы­на табан тіреп, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры боп атқарған барлық жұмыстары күллі елдің көз алдында. Ректор­лық қызметін абыройлы атқарып келеді. Ұлт келешегі үшін, баянды болашақ үшін, көш бастаған көсемдеріміз бен жер дауынан бастап, жесір дауына дейін қара қылды қақ жарып шешкен шешендеріміздің, халық үшін “басына күн туса, етігімен су кешкен” ерлері­міздің елге еткен, жерге жұмсаған ақыл-ойлы өнеге сөздері мен іс-қимылдары – бүгінгі бейбіт күнге жеткізген алтын көпір. Қазақтың жазира даласының тау-тасына ойып салынған ру-тайпаларының белгілері – қазақ халқының кешегі күнін растайтын қолтаң­басы. Сары­арқа төсінде аздаған уақыт ішінде бой көтер­ген Қазақстанның Астанасы – елдігіміздің белгісі. Алып “Бәйтерегіміз­дегі” Елбасы алақанының бейнеленуінің өзі үлкен маңызға ие. Демек, Астана – тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың қолтаңбасы. Сондай-ақ үш жүз алпыс екі әулиелі киелі мекен Маңғыстауда ұлт бола­шағы үшін бой көтерген бұл жаңа университет қалашығы Елбасымыз­дың аманатын абыроймен орын­даушы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қол­дауы­мен қалдырған университет ректоры Ә.Әбжаппаровтың қолтаңбасы, Маңғыстау елінің мақтанышы. Қолтаңба – адамзат баласының еңбекке жарамды алақаны мен бес саусағы. Сон­дықтан, әркім өз білгенін істеп, жан-жаққа тартпай, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмыла білсе тәуелсіз Қазақстанның әлі талай асқарларды бағындырары сөзсіз. Көш бастаған көсеміміз бен көшке ерген елімізді болашақ деп аталатын бағытымыздан жаңыл­дырмағай тәңірім! Ылайым, солай болғай! Паң даланы асқақ жыр-әндерімен тебіренткен, кейде күмбірлеп, кейде от-жалын шашып дүбірлеп, буырқана толқыған әлемге әйгілі күйлерімен, тарихтан таныс батырлы­ғымен аты шыққан Маңғыстау жаңа ғасырда ғылым-біліммен де белгілі болса екен деймін! Құрметті Әбеке! 60 жас мерей­тойыңыз құтты болсын! Елге еткен қыз­метіңіз бен ұрпаққа үлгі ұстаздығыңыз, ғылымға деген адалдығыңыз бен ұжымға парасатты басшылығыңыз, бір адамның басынан көп табыла бермейтін ерекше жақсы қасиеттеріңіздің өзі –сізге тәңірдің берген үлкен сыйы, ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тәлімі мол мектеп! Сізге алдағы уақытта да бар ісіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін! Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.