Дәлелсіз ақпардың дауы сотқа жетпей шешіледі
Аталған заң жобасында 16 заңға және 6 кодекске 280-нен астам өзгеріс пен толықтыру енгізу қарастырылған. Сол себептен де жобада қарапайым азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз ететін бірқатар норма ұсынылған. Атап айтқанда, тұлға мен редакция арасындағы дәлелсіз ақпаратқа қатысты дау-дамайды сотқа дейін шешу тәртібі егжей-тегжейлі қарастырылған. «Қазір ақпараттың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір ғана жалған дерек санаулы уақытта адамға орасан нұқсан келтіре алады. Сондықтан біз азаматтарды осындай жағдайдан қорғай отырып, бұл мәселені сотқа дейін реттеу жолын ұсынып отырмыз. Әрине, бұл ретте заңда БАҚ-тың теріске шығарудан бас тартып, азаматтың сотқа жүгінуін күту сақталады», дедi Д.Абаев.
Министрдiң айтуынша, ақпарат құралдарында азаматтардың суретін олардың рұқсатынсыз қолдануға арналған талаптар тізiмi бекітілген. Мысалы, қандай да бір тұлға мәдени, спорттық және басқа да көпшiлiк шараларға қатысып әрi жұрт алдында сөз сөйлесе, журналистер оның суретін рұқсат сұрамай-ақ жариялай алады. Ал жеке-дара жағдайда келісімсіз жариялау заңға қайшы. Сол сияқты бұл заң жобасында балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да қарастырылған. «Атап айтсақ, жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды «тазартылған» интернет контентпен қамтамасыз ету талабы көзделiп отыр. Сонымен қоса, күш көрсету, жәбірлеу салдарынан зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу сияқты өзгерістер ұсынылып отыр», деді министр.
Құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған заң
Жалпы, құжат бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ал осы мақсаттағы тетіктер мінсіз жұмыс іске асырылуы үшін Бюджет, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Кәсіпкерлік кодекстерге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстеріне, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы», «Электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба туралы», «Пошта туралы», «Жарнама туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізу көзделеді. Оған қоса, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңында БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттеліп, БАҚ-пен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан айқындалады. Тағы бір айта кетерлік жайт, заңда бұқаралық ақпарат құралдарының шығындарын қысқарту мақсатында уәкілетті органға жіберілетін мерзімді баспасөз басылымының міндетті данасының қағаз нысанын алып тастап, электронды нысанда жіберу ұсынылады. Бұдан басқа, заңда халықтың тыныс-тіршілігін бұзатын оқиғаларға жедел ден қоюды және оларды уақтылы хабарлауды қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың үш сағат ішінде халықты ақпараттандыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделеді.
Жөнсіз жарнамаға жол жоқ
Заң жобасында ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар бойынша жауап беру тәртібі де тиянақталған. Егер сұрау салудың өзінде өзгеше атап көрсетілмесе, сұрау салу келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, берілген сұрау салу сипатында және тілінде жауап қайтарылатындығы да нақты атап көрсетіледі. Оған қоса, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңға сәйкес аралық жарнамамен бөлудің мүмкіндігін болдырмайтын «діни», «білім беру» және «балалар» телебағдарламасы ұғымдарына анықтама берілген.
Осылайша, жиын барысында басқа да өзгерiстер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы ақпарат, байланыс және ақпараттандыру субъектілері үшін оңтайлы жағдай жасап, олардың одан әрі қарқынды дамуына бағытталғандығы айтылды. Ал аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндаманы Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов жасаса, сенатор Дариға Назарбаева мен депутат Дархан Кәлетаев ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты мән-жайды тереңірек түсіндіруді сұрап, сөз сөйледі.
Осы күні сенаторлар Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныстыруымен «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» кодекстің жобасы мен оның ілеспе заң жобасын да талқылап, қабылдады. «Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексінің негізін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі құрап отыр. Осы құжатты қалыптастыру кезінде біз қолданыстағы Кеден кодексінің нормалары құрылысының логикасын негіз етіп алдық. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ыңғайлы болуына байланысты кодекс жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелері толығымен имплементацияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалар көрсетілген. Сондай-ақ ЕАЭО кодексінде реттелмеген құқықтық қатынастар белгіленген», деді Т.Сүлейменов.
Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің электрондық декларациялауға, «бір терезе» тетігіне, тауарларды автоматты түрде шығаруға байланысты кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыру бөлігіндегі негізгі тәсілдері жаңа жобада толық көрсетілген. Сонымен қатар құжатта Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмаларды іске асыру үшін «Постфактум» кедендік тазарту режімі деп аталатын кедендік декларация берілгенге дейін мәлімдеме бойынша шығарылатын тауарлар тізбесі кеңейтіледі деп көрсетілген. Сонымен қатар министр еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында кодексте кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделгенін атап өтті. «Қолданыстағы кодексте 24 сағатта кедендік транзитті аяқтау көзделген болса, жаңа кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты берілген. Бұдан басқа, транзиттік жүктерді кедендік тексеріп қарауды жүргізу қажет болған жағдайда, оларды жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылған. Сол сияқты жаңа Кеден кодексінде бір транзиттік декларация ресімдеу мүмкіндігі берілген. Бұл мультимодальды тасымалдау рәсімін едәуір жеңілдетеді», деді Т.Сүлейменов.
Инвестиция тартуға икемді заң жобасы
Жалпы отырыс аясында палата депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырған аталған заң жобасында қатты пайдалы қазба мен көмірсутегі шикізат қорлары бойынша есеп берудің CRIRSCO халықаралық стандарттар жүйесін енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығы мен болжамдылығын арттыру көзделген. Сондай-ақ ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, барлық пайдалы қазбалар үшін келісімшарт жасасудың оңтайландырылған тәсілі енгізілген. Кодекс жобасы жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға өтуге және инвестициялық климатты жақсартып, салаға тікелей шетелдік инвестиция тартуға бағытталған. Бүгінде 104 елдің ішінде Қазақстан геология саласын мемлекеттік реттеу бойынша 74-ші, ал жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 45-ші орында тұр. Осыған орай пікір білдірген министр бұл реформа әлемде болып жатқан дағдарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланысты бәсекелестіктің артуынан туындап жатқан жағдай екендігін айтты. «Ұзақ мерзімді шикізат тасымалының тұрақтылығы, жүргізілетін саясат пен саладағы ашықтық және рәсімдердің жеңілдігі бүгінгі күннің басты талабы. Кодекс жобасын әзірлеу барысында аустриялық заң моделін үлгі ретінде алдық. Мұндай шешім біржарым жылдық зерттеу жұмыстары мен Дүниежүзілік банк ұсынысының нәтижесінде қабылданды», деді Ж.Қасымбек.
Жолаушылар қауіпсіздігі алаңдатады
Жалпы отырыс барысында депутат Әбдәлі Нұралиев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Жамбыл облысының бір топ азаматтарының хаты негізінде жарияланған сауалға Қазақстанның жолдарында қауіпті жағдайлардың жиі орын алуы арқау болған.
«Бүгінде күн санап республикалық немесе жергілікті трассаларда ірі жол апаттарының саны ұлғаюда. Жақында Маңғыстау облысындағы жантүршігерлік апат, Алматы облысындағы қайғылы оқиғалар қалааралық заңсыз тасымал көліктерінің қатысуымен болды. Жеңіл көлікпен жолаушылар тасымалдау саласында ретсіз бей-берекеттікке орын берілген. Ресми автовокзалдарды айналып, заңсыз тасымалдаушылар уәкілетті органдарының бақылауынан тыс, рұқсатсыз өздерінің автотұрақтарын ұйымдастырған.
Жамбыл облысының ресми тасымалдаушыларының хатында, кәсіпкерліктің осы түрінде заңсыз немесе заңға қайшы келетін әрекеттер белең алғанын ашық көрсетті. Тек қана Тараз қаласынан 50-ден астам автокөлік бақылаусыз, астыртын қала, ауданаралық қатынасқа шығуда.
Мемлекеттік құзырлы органдардың жауаптары біртекті, құрғақ, ресми кеңсе әдеті бойынша қайтарылады. Прокуратура, ішкі істер, жергілікті билік тарапынан заңсыз тасымалдаушыларға қолданылып жатқан тұжырымды әрекеттер көрінбейді. Мұндай жағдай еліміздің барлық өңірлерінде туындауда.
Осы жерде, атап өтетін өте маңызды мәселе бар: тасымалдаушылардың басым көпшілігі еліміздің заңға бағынушы, жеке тасымалдауды кәсіпке айналдырып, жанұялық қаражат табыс көзін жасап жүрген жандар.
Мәселенің шешімін техникалық құрал арқылы шешу жолы айқын. Шағын құжат жиынтығы, жеке тұлғаларға ауыртпалық түсірмейтін салық, жеңіл тасымал көліктеріне автотұрақтар орнын заңдастыру амалдарын енгізу. Шынтуайтында, мұндай заңсыз тұрақтар Қазақстанның барлық облыс, одан қалды аудан орталықтарында бар.
Бұл сұраққа өте мұқият әрі үлкен жауапкершілікпен жан-жақты қарап, қолданыстағы кәсіпті дамытып, тасымалдаушы жеке көліктерді заңдастырып, қала, ауданаралық тасымалдаушы автокөлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін амалдарды қолға алу керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың көлеңкелі жұмыс пен көлеңкелі экономикадан шығуына жол ашып, одан әрі де табыс табуына жағдай туғызып, ал жолаушылардың керекті мекеніне кедергісіз жетуін қамтамасыз ететін шаралар кешенін енгізуді ойластырған жөн. Сонымен қатар осы саланы бірыңғайландырып, тәртіпке келтіру қажет.
Осы мәселенің үлкен әлеуметтік салмағын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға мүдделі ведомстволармен бірігіп, облыс, қала, ауданаралық тасымалдауды заңдастырудың жаңа тұжырымдамалы тетіктерін қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Осы тұста, жолаушылардың қауіпсіздігін арттырып, осы кәсіп түрінің жеке көлік иелеріне қолжетімді болуын ескеруді ұсынамыз» делінген депутаттық сауалда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»