Кездесу барысында WEB-ті халықаралық үкіметтік емес ұйымнан халықаралық үкіметаралық ұйымға түрлендіру, сондай-ақ Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы мен Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығы арасындағы еліміздегі сайлауды басқаруды жақсарту, дауыс беру және дауыстарды санау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
ОСК төрағасы Берік Имашев Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 2013 жылдың қазан айынан бастап A-WEB-тің институттық мүшесі болып табылатынын, ОСК-ның аталған қауымдастықтың мүшесі бола беруге мүдделі екенін, A-WEB-қа қатысу ОСК-ның жаһандық сайлау процестеріне атсалысуына, демократиялық сайлау өткізуде оң тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретінін айтты.
A-WEB бас хатшысы Ёнг-Хи Ким қауымдастықтың әлемдегі, соның ішінде ТМД елдеріндегі оқыту орталықтары желілерін құру бойынша және Қазақстандағы сайлау үдерістерінде IT-технологияларды пайдалану жөнінде сөз қозғады.
Сондай-ақ Б.Имашев сайлау процестерін цифрлы форматқа көшіру мақсатында (соның ішінде сайлаушылар тізімі) ОСК-ның «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына қосылғанын жеткізді.
2017 жылғы маусымда Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау кезінде тұңғыш рет сайлаушыларды электронды тіркеу жүйесі апробацияланған болатын. Бұл дауыс беру және оны қорытындылау процесінің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етті.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және тиімді іскерлік байланыстар орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, А-WEB әлемдегі 104 мемлекеттің орталық сайлау органдарын біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады.