Елбасы Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамда» индустрияландыру және экономикалық өсім туралы айтқан болатын. Өз кезегінде өңірлерге инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу да егемен елдің ерекше қарымын айқындайтын үрдіске айналуда. Осы орайда Жамбыл облысында өткен төрт жылдың және ағымдағы жылдағы он айдың көлемінде 1096,9 миллиард теңгеге инвестиция тартылыпты. Ал Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 6951, іске қосылу кезеңінде 6085 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда.
Мұндағы әрбір жобаның өңір дамуына ғана емес, мемлекеттің өрлеуіне де қосатын үлесі аз емес. Мәселен, өңірде Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Нидерланд, Франция, Чехия, Италия, Иран, Германия, Түркия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері және Малайзия сияқты мемлекеттердің инвесторлары инвестициялық жобаларды іске асырып келеді. Тартылған инвестициялар да сан алуан. Айталық, ет экспортын жүзеге асыруда БАӘ инвесторлары жарқын жобаларды қолға алды. Сол сияқты Франция инвесторлары да өңірде құрылысқа қолданылатын цемент өндіруде белсенділік танытып отыр. Ал Ұлыбритания инвесторлары жүзеге асырған күн көзінен қуат алатын «Бурное Солар» электр стансасы жасыл экономиканың серпінділігін арттыруда.
«2015-2016 жылдары және 2017 жылдың он айында жалпы құны 35,2 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылып, 1170 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін құны 4,7 миллиард теңге болатын тағы 4 жобаның іске асырылуы көзделуде», дейді облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке.
Бұл күнде Әулиеата өңірі инвестициялық аймаққа айналып үлгерді деуге болады. Мәселен, қазір жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларына жететін 32 инвестициялық жоба қарастырылуда. Сол сияқты қытайлық компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын 9 инвестициялық жоба қолға алынған. Елбасының тапсырмасы бойынша облыста жалпы құны 2,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 4 трансұлттық компанияның 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы