Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2017

Маңғыстау облысында фототілші Се­рік­ Майемеровтің көрмесі өтті

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Газет беттерін парақтайтын оқырмандарға фототілші Се­рік­ Майемеровтің есімі жақ­сы таныс. Журналистика са­ла­сын­дағы жұмысты 2000 жы­лы «Қазақстан-Ақтау» телеарна­сында оператор болып баста­ған Серік 2006 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетін­де фототілші қызметін атқарып келе­ді.

Маңғыстау облысында фототілші Се­рік­ Майемеровтің көрмесі өтті

Өңірде өткен ірілі-ұсақ­ты ша­ралардан бастап, маңызды бас­қосу, жиындардың басы-қасынан табылатын Серік – өз ісінің үздігі, қас-қағым сәтті қалт жібермейтін қырағы фотограф. Оның жеке мұрағатынан дала мен қала, кәрі мен жас, өмірдің кез келген көріністері, табиғат тамашалары, тіршілік түйткілдері, барлық сала тынысы, еңбек ұжымдарының қалыптасу кезеңдері, жекелеген адамдардың суреттері мен белгілі тұлғалардың өңірге са­парына қатысты сан түрлі су­реттерді таба аласыз. Әр сурет тұ­нып тұрған сыр десек, суреттер тұта­са келе өткен шақтың тарихын тол­­ғай жөнелетіндей. 

Серік «сурет көрмесін өткіз­сем» деген көптен бергі арманын биыл Тұңғыш Президент кү­ні және еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жүзеге асырды. «Елбасы және рухы жаң­ғырған Маңғыстау» тақы­ры­­бындағы көрмеге автордың 90-жылдардағы тырнақалды туын­дыларынан бастап, күні бүгін­ге дейінгі іріктелген 100-ден астам шығармалары қойыл­ды және суреттердің барлығы Елба­сының Маңғыстау өңіріне әр жылдары жасаған сапарларынан сыр шертеді. 

–Маған Нұрсұлтан Назарбаев­ Маңғыстауға келген әр­ са­па­рында суретке түсіру мүм­­кін­дігі бұйырды. Сонымен қатар тек Маңғыстауда емес, 2015 жылғы Астанадағы инау­гурация сәтін және әскери ны­­сан­­дарға барған сәттерін де тү­сі­рген едім, осы әдемі көрі­ніс­­терді мереке қарсаңында ха­лықпен бөлісуді жөн санадым, – дейді Серік Майемеров. 

2007 жылы өткен «Каспий – дос­тық теңізі» халық­аралық фестивалінің және 2013 жы­лы Ақтау қаласының 50 жыл­­ды­ғына орай өткізілген фо­то­­көрменің бас жүлдегері, 2014 жылы Астана қаласында рес­пуб­ли­калық деңгейде ұйым­­дас­тырылған «Табиғат – тал бесік» фото­байқауының жеңімпазы, Маң­ғыстау облысы әкімінің «Құр­мет грамотасына», бірнеше са­лалық басқармалардың марапаттарына ие Серік – Жур­налистер одағының мүшесі, рес­публикалық «Фотоөнер» қо­ғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша төрағасы. 

Бала кезінде ертерек өмірден өткен ағасы Оспанның қасынан бір елі қалмай, ауылдық жерде қараңғы бөлмеде сурет шыға­румен өз қабілетін ұштаған Се­рік өнерде өзіне ақыл-кеңес бе­ріп, суретке түсіру әлемінің қыр-сырын үйреткен Айсағали Қыдыр, Бейбіт Нұрсейіт сынды ағаларының есімдерін құрмет­пен атайды. 

С.Майемеровтің сурет көр­ме­сіне Маңғыстау облысының әкі­мі Е.Тоғжанов бастаған әкім­­­­­дік қызметкерлері, бас­­­қар­­ма­­лар бас­шы­ла­ры,­­ сондай-ақ өнер адам­­да­­ры мен әріптестері, жас­­­­тар­ жиналды. Олар сапа­сы­ мен мазмұны бірін-бірі­ то­лықтырған бай сурет көр­месіне ризашылықтарын біл­діріп, автор жұмысына сәттілік тіледі. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы