Жайдарман көңілді тапқырлар командасының Қостанай облысына «жақындығы» бар. Қалай дерсіз? 2010 жылдан облыста Жайдарман КТК-нің ресми ашық лигасы ырғақты өткізіліп, ол республикалық телелигасының соңғы сатысына дейін жетіп, оны көрермендер Qazaqstan телеарнасынан жақсы білетін. Көптеген командалардағы әзілкештер Қостанай әзіл мектебінің түлектері десе болады. Жайдарман лигасы құрылғалы жеті жылда оған 100 команда қатысып, олардың арасынан 15 команданың асығы алшысынан тұрып, телевизиялық ойынға шақырылды. Солардың көпшілігі, мысалы, Арқалық қаласынан «Ару KZ», Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің «Жаңа ғасыр», Ы.Алтынсарин мектебінен «Дарын құрамасы», ІІМ Қостанай академиясынан «Ішкі істер құрамасы» бүгінге дейін республикалық КТК сахнасында облыс абыройын асырып жүр.
Қостанай облысы әкімінің кубогы үшін өткен ойынға осы аталған командалармен қатар Ақтөбеден «Фемида», Астанадан «Тұран» және Петропавлдан «Бес жаңалық» қатысты. Оны Қазақстандағы Көңілді тапқырлар командалары одағының президенті Есен Елеукен жүргізді. Сахнадағы командалардың бәрі де ұтымды әзілімен қостанайлық көрермендерді риза етті, олар беделді қазылар алқасы мен көрерменге ұнау үшін барын салды деуге болады. Дегенмен, жарыстың аты – жарыс. Жеңіс ақтөбелік «Фемиданың» қанжығасында кетті. Оларға облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев 300 000 теңгенің сертификаты мен Қостанай облысы әкімінің кубогын тапсырды. «Дарын құрамасы» командасының мүшесі Таңшолпан Темірлан ең үздік актриса деп танылды. Ол 50 000 теңгенің сертификатын алды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ