Медицина • 22 Желтоқсан, 2017

Көз жасына ерік берген әке

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі қызын төрт жыл бойы бағып-қағып өсірген Данияр Тоқ­­жанов сот шешімін амалсыз орындап, жазасын өтеп шыққан бұ­рынғы әйеліне беруге мәжбүр болды.

Көз жасына ерік берген әке

24 жастағы Марияш есімді келіншек алаяқтық жолмен 31 адамды алдап, 71 миллион теңгені қалтаға басқаны үшін абақтыға қамалғанда Әдемі екі жаста, Ай­дана төрт айда қалған. Ол түр­меден босаған соң балаларды өз еркіңмен бер деп бірнеше рет талап еткенімен мұнысынан түк өнбесін біліп, сотқа жүгінген. Сот орындаушылар мен тәртіп сақшыларынан құралған топ пәтерге келіп, сот шешімін күш­теп орындауға кіріскенде әкесінен бір елі ажырамаған бүлдіршіндер үйді басына көте­ріп, құлын даусы шырқырай шыққанда көршілердің сай-сүйегін сырқыратты. Аналары абақтыға тоғытылғанда естері кіре қоймаған екеуі оны мүлдем бөтен адамға жорып, зәре-құт­тары қалмай азар да безер болды. 

Сот орындаушы Андрей Вахра­­меевтің айтуынша, заң талаптары бойынша балалар анасымен бірге тұруға міндетті. Сот ше­шімі шыққандықтан күштеп алуға толық қақылары бар.

Бостандықтың таза ауасын жұтқан келіншек болса кінәсін түсінгенін, абақтыда тігінші ма­ман­дығын игергенін, жұмысқа орналасатынын, қыздарын тәр­бие­лей алатынын алға тартады. 

Сәбилердің жанұшыра қар­сыласқандарына қарамастан ақы­ры алып кетті. Көз жасына ерік берген әке жалғыз қала берді. 

 Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы