Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Әйелі азған елдің ертеңі болмайды

1995 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Немесе тағы да тоқал алу жөнінде. Тіршілік қарбаласымен осы сәрсенбіде Астанада болдым. Барған үйімізде «Тоқал алғым кеп тұр...» деген күлдібадам хабар жүріп жатыр екен. Бәрі отыр сонда, психологы да, саясаттанушысы да, спортшысы да, айтыскер ақыны да, діндары да, басқасы да...

Әйелі азған елдің ертеңі болмайды

Әңгімелері тоқал алу жөнінде. Құлақ салсаңыз...

Құлағыңыздың қарыны шұрқырап қоя береді. Тоқал жөнінде келелі әңгіме өрбіткеннің орнына татымсыз көр-жерді қоңырсытады. Сол көр-жер әңгімеден түсінгеніміз тоқал деген екінші әйел екен. Оны алу үшін бәйбішенің рұқсаты керек-мыс. Екінші тоқал алсаң бәйбіше мен алғашқы тоқалдың рұқсаты керек-мыс... Неге тоқал алу керек деген мәселеге келгенде демографияны жақсартамыз дейді.

Негізінен тоқал алуға қарсы емес бір замандасымыз отағасының ондай ойдан сырт екенін, ала қалса өсіп қалған бала-шағадан ұят емес пе деп қарап тұр. Әлсіз де болса қарсылығының түрі.

Әрине, бұл тоқал, тоқал алу мәселесі кешелі-бүгінде қозғалып жатқан жоқ. Соған қарамастан бұл дау-дамай аяғынан шыға ала алмай әлі күнге милығып жатыр.

Анық нәрсе, тоқал алу мәселесін шешпейінше, тоқал мәртебесін анықтамайынша, оған деген көқарасымызды түбегейлі өзгертпейінше ертеңгі күні ер адамдарымыздың тоқал алмақ тұрсын, қу тізесін құшақтап қалуы әбден мүмкін. Өйткені біздің қыздарымыз Сайын көшесінде тұр, қала берді жат жұрттықтардың құшағында кетіп жатыр. Одан қалды аспан асты елінің жүз миллион бойдағы бізге қарап тұр. Оларда қазірдің өзінде қазақ қызы мүкәмалшыл деген ұғым қалыптасып үлгерген.

Неліктен?! Сол айтып отырған тоқалдыққа қимағандығымыздан!

Енді осы мәселеге этнограф ретінде бір сәуле түсіре кетсек артық болмас. Өйткені еліміздің ертеңі осы тоқал мәселесінің шешілуіне байланып тұр.

Өндірісті ошақта тұрғандықтан орыс тәлімі бізге ерте келді. Әкейдің бір бауыры қалада оқыды. Бір күні сол ағатайым сары шашты, бидай өңді қазақша сайрап тұрған бәденді аруды алып келді. Үлкендердің, оның ішінде әжемнің батасын алмақ. Әжем ескіше оқыған, діни сауаты өзіне жететін адам еді.

Көршілес жатқан Ақтоғайдың орысы екен. Ел «өзіміз ғой, қазақшасы өзімізден асып тұр», деп желпілдегенімен әжемнің қабағы  ашыла қоймады. Айтыстарынша болашақ жеңгем мұсылман дініне де кірмекші екен. Сонан әжем болашақ келінімен есік жауып алып бір сағат сөйлессін. Іле болашақ жеңгем ағатайыммен есік жауып алып бір сағат сөйлессін...

Қабағы кіржиіп шыққан ағатайыма әжем:

– Әйкәпір де болса қазақ ал, сүйегі мұсылман... – деді.

– Мұсылман дініне кірем деп тұр ғой, – деді жан ұшырған ағатайым.

– Жүре мұсылман бар да, туа мұсылман бар...

– Мұсылман болса болды емес пе?

– Қарындасыңның басын кемітпе. Алдымен қазақ ал, басқасын сонсоң көресің...

Ол кезде бұл сөзге ой жүгірте алмадық.

Бүгінде мен үшін мұнан асқан қастерлі сөз жоқ сияқты.

Әйел баласына деген қазақ баласының мұндай ұстанымы қай ұлтта, қай ұлыста бар екен дейсіз еріксіз.

Қойшы, сонымен ағатайым  сөзін өткізе алмады.

Қатынсыз қалған жоқ, әрине. Сары шашты «жеңгем» де өз теңін тапты. Алайда осыдан кейін біздің жақта орыстан әйел алу біржолата тыйылмаса да айтарлықтай сиреді.

Толық себебін білмесем де сол жолы әжеме риза едім. Бүгін де ризашылығымды айтып отырамын. Ескі адамдар бірнәрсе білген ғой.

Сол әжем қолы босай қалса бабалар тарихын құлағыма құяды.

Біздің түп бабамыз Дау болады. Біздер сол бабамыздың Бабылдық деген тоқалынан тараймыз.

Бұл маған ұнай қоймайды.

– Оны қайдан тауып алып жүр? – деймін.

Өйткені анамыздың сүйегі қалмақ боп тұр ғой.

Әжемнің тарқатуынша Даудың інісі Балапан батыр бір жорықта ерлік жасап, соның өтеуіне алған екен.

– Өзі ала алмайды...

– Неге? – деп тықақтаймын ғой мен де.

– Себебі қыздың сүйегі қалмақ.

Енді мен ойланайын. Ағасына алуға болғанда інісіне неге алуға болмайды деп.

– Қалмақтың қызы бәйбіше бола алмайды...

– Неге? – деймін мен де беріспей.

– Тек қазақ қыздары ғана бәйбіше бола алады!

Міне, мәселе қайда?

Балапан батыр бойдақ болған соң ала алмаған екен ғой. Манағы ойымнан біршама қайтқан сындымын. Бәйбішесі болғанда ғой...алатын еді ғой деймін іштей.

Мәшекең, Мәшһүр Жүсіп жазады, Қырбас жеті қатын алған деп.

Қырбас айтулы, тарихи тұлға. Атақты Көкбөрі Жарылғаптың баласы, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың күйеу баласы. Бір қызығы Бөгенбай батыр күйеу баласын өзі таңдаған. Олай болса Қырбасыңыз осал емес.

Елдің айтуынша иман нұры тасыған жан-жақты тұлға болыпты. Сөйткен Қырекең жеті қатын алды дейді. Бұл қалай деймін. Шариғаттан шығып тұр ғой деймін. Ұшығына шыға алмаған соң Мәшекең шатысыңқыраған екен дегем.

Замана ағымына қарай шежіре жазуға кіріскенбіз. Сонда Қырекеңнің жеті қатын алғанына көзім жетсін. Алғашқы төртеуі түсінікті.

– Қалғаны ше? – деймін.

– Кейінгі үшеуі аяқбауы... –  дейді үлкендер.

– Аяқбауы кімдер? –  деймін де.

– Некесіз қатындары, – дейді.

Ертеде ауылда жесір әйел деген болмайтын. Тиісінше жетім бала да болмайтын. Әлгіндей себептен.

Ер кіндік жетімсіздігі қашанда болған. Еркектің аз жасайтындығы, ауру-сырқауға бейім тұратындығы белгілі. Оның үстіне барымта-сырымтасын, жортуылын, соғысын қосыңыз.

Осыдан кейін әйелдер қалайша көп болмасын?!

Осыдан соң бабаларымыздың әйелдері қалайша көп болмасын!

Сол әйелдердің көптігін бабаларымыз білдірмеген. Бәйбішесі, тоқалы түгел болса да әлгіндей себеппен шамасы жетіп жатса аяқбаулыққа алған.

Бабаларымыз шариғат жолын осылайша айналып өткен.

Ең бастысы әйел байсыз отырмау керек!

Байсыз әйел «бұзылады». Ал бұзылған әйел елді бұзады. Елді ағайындықтан шығарады.

Әмеңгерлік, аяқбаудың астарында осыдан кейін нәпсі сезімі жатыр деп айта алмайсыз. Тоқал алуда болса болар, ал аяқбауда бар деп айту қиын. Онда әйелдің бұзылмауы жатыр.

Бабаларымыз әйел баласын қатты қастерлеген. Оларды ертеңгі күнгі ана деп білген. Сондықтан да әйел баласына деген басқаша көзқарас болмаған.

Қазақ ауылында байсыз әйел баласы болмаған!..

Қазір кәрі қыз дегенді шығарып алдық. Онысы отыздан асып кеткендері. Бұрынғының кәрі қыздары он үштен ғана асушы еді.

Қазақ ер баласына мұсылман болып жатса басқа нәсілді қызға үйленуге рұқсат берген. Оның өзінде тоқалдыққа.

Қыздарына ондай кеңшілік жасамаған!..

Соған орай қазақ баласының бәйбішесі міндетті түрде қазақ болған.

Бұқар жыраудың «Қатының болсын қалмақтан» дегені белгілі. Алайда сол қалмақ қыздары бәйбішелікке жоғарыдай себептермен жарамаған. Бұқар екең олай деп айтса қан жаңартуды жадыңнан шығарма деп тұр!

Бәйбіше дүниеден озған күннің өзінде тоқалдар оның орнын баса алмаған.

Бәйбішеден кейін есік аттағандар тоқал деп аталады.

Бұл екінші қатын деген ұғымды білдірмейді. Некелі қатын дегенді білдіреді. Тоқалдардың ұзын саны үшеу. Олардың өз атаулары бар. Қазіргідей рет санымен бірінші, екінші, үшінші деп аталмайды.

Қазірде тоқал алу мәселесі алқалы жиындардың биік мінберлерінен естіле бастады. Бір қарындасымыз осыған орай әйелдердің екі байлы болуын заңдастыру жөнінде даурығып жүр. Қош, бұған не айтуға болады?

Алғашқыларынікі түсінікті. Олардың ойынша еліміздегі демографиялық мәселені тап осы тоқал институтымен әбден шешуге болады. Әрине, бұл бопсамен толық келісе алмаймыз. Бұған мына өзбек ағайындардан мысал келтірсек жеткілікті. Кейінгі он жылдың ішінде өзағаңдар жиырма миллионға көбейіпті. Тоқал алмай-ақ. Демек, гәп басқада.

Шын мәнінде тоқал алудың физиологиялық астары бар.

Аяғы ауыр әйел кемінде ерінен төрт ай азат болуы керек...

Әйелдің жайы түсінікті. Ал ері ше? Физиологиялық жағынан бұл мәселеде әйелдерге қарағанда еркектің осал екендігі белгілі. Тоқал алу осыдан шыққан. Қалғанының бәрі салдары.

Қазіргі бауырларымыз мен екі әйелді асырай аламын, болмаса үш әйелді киіндіріп, тамақтандыра аламын деп даурығып жүр. Ашығын айтсақ бұл жерде көлденеңдеп нәпсі мәселесі тұр.

Ал бабаларымыздың тоқал алуында адамгершілік мәселесі тұрған. Бұл сол кездегі елдік мәселе болатын.

Қазақ қоғамында басы артық әйел болмаған!..

Ерлер жетпесе тоқалдыққа жүрген. Осындай себеппен жесірлер де болмаған. Әмеңгерлік институтын заманның өзі тудырған.

Жақын әмеңгері болмағанда руластарынан шығармаған!

Аяқбаулық да осыдан барып шыққан.

Қазақ қоғамында басы бос әйел баласы болмаған.

Қай қазақ әйелінің болсын байы болған.

Бұл мәселеге шариғат та қатты қараған.

...Онда шешеңді әкеңді өлтірген қандықолға қос дейді.

Міне, мәселе қайда?!

Шешең байсыз қалмасын дейді. Тіпті, адам өлтірген кісіге қос дейді. Оның ішінде әкеңді өлтірсе де!

Өйткені оның болмысы – әйел.

Мұсылмандық деген осы.

Адамгершілік деген осы.

Өйткені оның астарында әйел баласының басының бос болмауы жатыр.

Мұсылман дінінің қағидатында біреудің баласына әке болуы пиғылына үлкен сауап жазылған. Бізде де солай. Айырмашылығы бізде қан туыстығына қатты қарайды. Мұның өзі баланың жетімдігіне жол бермейді.

Бәйбіше – көп  әйел алғандағы әйелдердің үлкені, рет саны бойынша бірінші әйел.

Бай және бике сөздерінің қосындысынан тұрады. Осы түбір сөздер бәйбішенің мәртебесін айтқызбай-ақ айқындап тұр деп ойлаймыз.

Тоқал – бәйбішеден кейінгі әйелдер. Ер адамдар көп әйел алғанда тоқалдар үлкен тоқал, кіші тоқал және кенже тоқал деп бөлінеді. Тоқал саны екеу болғанда: үлкен және кіші тоқал деп аталады.

Бәйбіше қайтыс болған жағдайда да тоқалдар бәйбішенің орнын баса алмайды. Бәйбіше орнында отырған тоқал – бәйбіше тоқал деп аталады.

Күні кеше ғана «31 арнадан» Қазақстандағы жезөкшелікті заңдастырайық деген хабар таратылды.

Бұған не айтуға болады?! Біздер мұсылман еліміз. Олай болса ондай әңгіменің көтерілуі орынсыз. Әрі-беріден кейін мұны еліміздің қауіпсіздігін осалдату деп қабылдауымыз қажет.

Сонымен мақаламызға нүкте қойған сындымыз. Азған әйелдің себебімен талай жұрт тарих сахнасынан кетті. Мәңгілік ел боламыз десек қоғамымыздағы әйел балаға деген көзқарасымызды өзгертейік.

Ұрғашы деп қарау надандықтың белгісі!

Қарындас деп қарау кемелдіктің белгісі!

Қарындастарымыздың басын кемітпейік.

Төрехан МАЙБАС,

этнограф-жазушы

ҚАРАҒАНДЫ