Әлем • 22 Желтоқсан, 2017

Еуропалық сот Uber-ді такси компаниясы болатыны туралы шешім қабылдады

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропалық сот Uber компаниясын цифрлы қызмет көрсетуші емес, көлік компаниясы болатыны туралы шешім қабылдады.

Еуропалық сот Uber-ді такси компаниясы болатыны туралы шешім қабылдады

Ал Uber өкілдері сот алдында таксистік компания емес, жұрттың бір-бірімен электронды түрде байланысуына көмектесетіндіктен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету мәртебесін қорғап қалмақ болған.

Сот ісінің жүргізілуіне Барселона билік органдарының шешімі түрткі болды. Яғни Каталония билігі Uber-ге қалалық такси қызметіне қатысты барлық ережені сақтауды міндеттеді.

Өз кезегінде Uber басшылығы сот шешімі компанияның Еуропадағы жұмысына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді, ал сарапшылардың пікірі бойынша бұл іс компанияның бос уақытын үнемдеуіне кері әсерін тигізеді.

«Бұл шешім көлік заңдарына сәйкес келетіндіктен ЕО елдерінің басым бөлігіндегі жұмысымызға кері әсерін тигізбейді. Дегенмен, Еуропаның миллиондаған тұрғыны Uber қосымшасын пайдалана алмай отыр. Жаңа басшымыз айтқандай Uber секілді қызмет түрлерінің жұмысын реттеу дұрыс жасалған қадам. Сондықтан біз Еуропадағы қалалардың билік өкілдерімен диалог орнатуды жалғастырамыз. Осы істің нәтижесінде тұрғындардың бір ғана батырманы басу арқылы сенімді сапарға шығуын қамтамасыз етуге тырысамыз», – деді Uber өкілі.  

Сот шешімі бойынша ЕО заңына сәйкес компанияның білікті жүргізушілері болуы қажет.

Британдық тред-юнион конгресінің бас хатшысы Фрэнсис О’Грейдидің айтуынша сот Uber-дің өзгелер сияқты ережемен жүру керектігін басты назарда ұстады.

«Олардың жүргізушілері тауар емес. Жұрт қатарлы айлық алып, ақысы төленетін еңбек демалысын алуға құқығы бар. Технологиялық ілгерілеу жүргізушілердің де еңбек шартын жақсартуы тиіс», – дейді Фрэнсис О’Грейди.

Ал Uber-ге қарсы шыққан Лондон мэрі Садик Ханның айтуынша Ұлыбритания астанасында компанияның жұмыс істеу лицензиясын ұзартуға біраз уақыт кетуі мүмкін.

Uber қызметі жайлы көпшілік теріс пікірде. Бірқатар қалада такси қызметкерлері наразылығын білдіріп жатады. Олардың айтуынша Uber оларды бір жағынан клиентсіз қалдырып жатса, екінші жағынан күнделікті ақысынан айырып отыр.

Дегенмен, жаңа технологиялар саласындағы кәсіпкер, Дэвид Камеронның бұрынғы кеңесшісі Ронан Сильва мұндай пікірмен келіспейді. Оның айтуынша Uber-дің арқасында бәсекелес компаниялар да қызмет сапасын жоғарылатты.

«Қазір жолақысын банк картасы арқылы төлеуге болады. Мұндай қызмет түрін енгізе алмай келгенімізге қаншама жыл өтті. Міне, осыған қарап бәсекелес компаниялар да қызмет сапасын арттырып жатыр», – дейді Ронан Сильва.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар