Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2017

Павлодар облысында 223 дәрігер жетіспейді

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жайында облыс әкімдігінде өткен  денсаулық сақтау басқармасының  жылдық қорытынды есебінде айтылды. 

Павлодар облысында 223 дәрігер жетіспейді

Өңірдегі қалалар мен аудандарда 26 акушер-гинеколог, 23 жалпы практика дәрігері, 20 анестезиолог дәрігер, 15 терапевт, 13 невропатологтың орындары бос тұр.  Бұған себеп жергілікті әкімдіктерден «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен келген жас мамандарға нақты көңіл бөліп, ынталандырудың болмауы делінді.

 Облыс әкімі Болат Бақауов аудан орталықтары мен ауылдарда дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл бала көтерген екі әйел дәрігерлердің  кінәсінен көз жұмыпты. Дәрігерлер тәртіптік жазаға тартылған.  Биыл бала туу көрсеткіші 4,2 пайызға кеміпті.

Мерзімінен бұрын туған 500-900 грамдық сәбилерді аман алып қалу қиынға соғатын көрінеді. Жүкті әйелдердің уақытылы тіркеуге алынуы маңызды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болғандар жалпы өлім-жітімнің 40 пайыздан астамын құрайды. Онкологиялық аурулардан өлім көрсеткіші Қашыр ауданы, облыс орталығында жоғары.

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»

Павлодар