Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Астана әкімі «Спарта Номад» командасын жеңісімен құттықтады

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Мәскеуде өткен көңілді тапқырлар клубы ойындарының жоғарғы лигасының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана әкімі «Спарта Номад» командасын жеңісімен құттықтады

Әкім «Спарта Номад» командасын жеңісімен құттықтап, оларға естелік сыйлықтарын табыстады.

«Биылғы жыл «Спарта – Номад» командасы үшін табысты болды. Алғаш рет қазақстандық ойыншылар көңілді тапқырлар клубы ойындарының жоғарғы лигасының чемпиондары атанып, елордамызға ойынның ең басты кубогін алып келді. Біз сендерді мақтан тұтамыз», деді Әсет Исекешев.

Өз кезегінде топ басшысы Данияр Жұмаділов әкімдіктің қолдауына алғысын айтып, қазақстандық команданың жеңісті көптен күткенін атап өтті.

«Отандық командалар көңілді тапқырлар клубының ойындарына 1999 жылдан бері қатысып келді. Жеңіске жету үшін біз көп жұмыс істедік, іздендік. Чемпиондықты 17 жыл күттік. Біздің жеңімпаз атанғанымыз туралы хабарды жиылған жұрт жылы қабылдап, зор қошемет көрсетті», деді Данияр Жұмаділов.

Естеріңізге салайық, көңілді тапқырлар клубы ойындарының жоғарғы лигасының соңғы байқауы ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында Мәскеу қаласындағы Ресей әскері театрында өткен болатын. Ойынның теле көрсетілімі 30 желтоқсанда таралады.