Мектептегі 52 ұстаз сабақ бере отырып, критериалды бағалауды оқу үдерісі кезінде неғұрлым тиімді ұйымдастырудың тәсілдерін көрсетті. Оқушылардың оқудағы жетістіктерін қамтамасыз ету арқылы оларды табысты оқуға ынталандыру осы «Ашық есік күнінің» басты мақсаты болды. Ата-аналар өз балаларының біліміндегі олқылықтарды анықтауға және осыған орай ұстаздармен бірге жұмыс істеуге дайын болды.
– Біз оқушылардың сабақ оқуға деген ынтасын арттырудың жаңа талаптарын қолдаймыз,-дейді ата-ана Гүлназ Бейсенбекова,- бұл оқытудың ізгілікті жолы екендігін байқадық. Ешқандай ұрыс-керіс жоқ. Бала тек бағаға ғана емес, білімге ұмтылады. Мектеп үйлестірушісі Алмагүл Кұрмашева бағалаудың жаңа жүйесінің мақсатын бізге кеңінен түсіндіріп берді. Көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алдық. Енді оқушылардың оқуға деген ынтасын одан әрі нығайту, зерттеу-инновациялық технологиямен де байланысты болмақ. Мектепте өткен тәжірибелік тренингте үйретуші ұстаз Ш.Нугуспанова шеберлік сыныптарын өткізді. Ол Өскемен қаласынан арнайы тренингтік білім алып келген екен. Біздің мектеп ұжымына деген ризашылығымыз зор.
Раушан Нұғманбек,
Суретті түсірген автор
Семей.