Шараға «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, әсіресе Алаш арысы Ж.Мыңбаев туралы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген ҚДП «Ақ жол» Маңғыстау облыстық филиалы жастар қанатының жетекшісі Әлия Исаева мен шәкірттері, Маңғыстау өнер колледжі студенттері мен ұстаздары, Тұщыбек негізгі орта мектеп оқушылары, мектеп директоры және ауыл әкімі қатысты.
Шараны жүргізуші Алаш қозғалысының құрылуы ХХ ғасырдың басында қазақ тарихында болған ерекше оқиға, заңды құбылыс екенін атап өтті. «Себебі сол кездегі әр сала бойынша алдыңғы қатарлы білім алған қазақ зиялыларының ел болашағын ойлап, сол кездегі саяси ұтымды жағдайды пайдаланып туған елінде үлкен саяси бетбұрыс жасап, дербес мемлекет құруды көксеулері, соған әрекет етулері орынды еді. Бірақ, өкінішке орай, сол кезде Ресейде құлаған патша үкіметінің орнына саяси биліккке келген, қара халықтың мүддесін көздейміз, саяси және әлеуметтік теңдік орнатамыз деген большевиктердің сөзі мен ісі сай болмады. Олар ұлттық мемлекет құруға талпынған «Алаш ордашылардың» өздерінің ойлаған мақсаттарына жетулеріне кедергі келтіретінін біліп, «Алаш орда» үкіметін таратып, үкімет мүшелеріне түрлі жала жауып, репрессияға ұшыратқаны тарихтан белгілі...» дей келе, сөзді алаштанушы Әлия Исаеваға берді. Әлия Жангелдіқызы Алаш қозғалысы мен «Алашорда» үкіметінің құрылуы, қызметі «Алаш» қозғалысы мен Жалау Мыңбаевтың байланысы туралы баяндалатын бейнелі фильмді көрсете отырып, Алаш қозғалысы қайраткерлері мен сол кезде Қазақ ОАК төрағасы болған Ж.Мыңбаевтың қарым-қатынастары, оның екі оттың ортасында жүріп қазақ мемлекеттігін сақтап, елді ашаршылықтан, азаматтарды репрессиядан аман алып қалу үшін сол кездегі СССР атты мемлекет басшысы Сталин, Қазақ АССР-ның басшысы Голещекин сияқты баскесерлермен тіресе отырып, жанқиярлықпен жұмыс жасағанын, Мұстафа Шоқай сынды біртуар азаматты НКВД құрығына ілінбес үшін Түрікменстан арқылы шетелге шығарып жіберуге атсалысқанын т.б. баяндап берді.
Әлияның театр өнеріне баулып жүрген шәкірттері, жақында Н.Жантурин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында тұсауы кесілген драматург Өтен Ахметтің «Елім деп өткен Ер Жалау» атты спектаклінде Жалау Мыңбаевты сомдаған Рамазан Таңсықбаев пен Мұстафа Шоқайды сомдаған Ғазиз Ізтұрғанов спектакльден үзінді-диалог орындап берді. Келушілер, соның ішінде өнер колледжінің ұстазы Манап Қосан мен Тұщыбек негізгі орта мектебінің директоры Жұбандықова Алтынай ризалық сезімдерін білдіріп, жастарға алғыстарын айтты, деп хабарлады «Отпан» МКҚК қызметкері Жомарт Айдарбек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы