Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2017

Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады

8008 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген 200-ден астам сарбаз бабаларымыздан аманат ретінде мұра боп қалған Қазақстанның ұлан-байтақ жері мен елін ақтық демі қалғанша қорғауға салтанатты түрде ант берді.

Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған сарбаздардың ата-ана, ағайын-туыстары Ұлттық ұлан қатарына қабылданып жатқан ұлдарын көріп көзайым болды.

Жиын басында сөз алған 28237 әскери бөлімінің командирі подполковник Баянғали Есжанов: «Жас сарбаздар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Өйткені, әскери ант – әскери өмірдің өзгермейтін заңы. Онда Отанды қорғаудың, оның ішінде халыққа және заңды сайланған Президентке адал қызмет етудің айқын белгілері бар. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау – парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз – өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау. Туған жерімізге тер төгіп, антқа адал болу», деп жас сарбаздарға жалынды сөздерін арнап жігерлерін жаныды.

Ұлттық ұлан қатарына қосылып Отан алдында ант қабылдауларымен сарбаздарды бөлім қолбасшылыған бөлек Ұлттық ұлан ардагерлері мен өзара әрекеттегі байланыс органдарының өкілдері де құттықтап, игі тілектерін арнады.

Ата-аналардың атынан құттықтау сөз сөйлеген жас сарбаз қатардағы Серіковтің әкесі Ермағұлов Өмірбек сарбаздарға, осы қабылдаған әскери анттарына адал болуларын, әскери қызметтің қиындықтарына мойымай табандылықпен төтеп беруге шақырып, борыштарын ойдағыдай өткеріп болып үйлеріне, ата-аналарына аман-есен оралуларын тіледі және ұлының Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өткеріп жатқандығын мақтаныш тұтатынын айтты.

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін иеленетін әскери бөлім жеке құрамы республика көлеміндегі азаматтық қорғаныс саласында төтенше жағдайлардың салдарын жою және апат болған жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша түрлі тапсырмаларды орындайды. Осы жылдың күз мезгілінде әскери бөлімге шақырылған 200-ден астам бозбала жас жауынгер курсын аяқтап, бүгіннен бастап Отанын қорғаушы Ұлттық ұландық сарбазға айналды.

Әскери ант қабылдау - Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», - дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету - ең ұлық қызмет, мәртебе. Бүгінгі шара соның айқын мысалы, айшықты айғағы болса керек.

Айдос Байшағыров,

28237 әскери бөлімінің офицері