Мерекеге оқу озаттары, жетім балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары мен ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндер шақырылды.
Елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың сөзінше өтіп бара жатқан жыл қала үшін айрықша болды.
«Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесі дүркіреп өтті. Алдағы жыл да айтулы шараларға толы болмақ. Біз елордамыздың 20 жылдығын қарсы аламыз.Барлығыңызға армандарыңыздың орындалуын және жаңажылдық ғажайып тілеймін!» – деді Е.Аманшаев елордалық оқушыларды құттықтау кезінде.
Шара интерактивті шоу қойылым ретінде өтіп, ондағы ертегіге барлық бала қатысты.
Мерекелік бағдарлама аясында балалар ертегі кейіпкерлерімен шыршаны айнала ән салып, сыйлықтарға ие болды.
Жаңажылдық шыршадан соң балаларға "Нұр Әлем" сферасында экскурсия ұйымдастырылды.
Қалалық білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозиннің сөзінше, шыршаның негізгі идеясы елорданың 20 жылдығы мен оның тарихы. Бұған қоса елордалық оқушылардың жетістігіне де тоқталды.
«Бүгін барлық оқушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Сондай-ақ олардың оқудағы жетістігін атап өткім келеді. Себебі біздің тобымыз 11 жыл қатарынан республика бойынша бірінші орында келеді. Балаларымызға армандарының орындалуын және бақытты болашаққа деген сенім тілеймін», – деді А.Жанғозин.