Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2017

Эрлан Батырбеков Курчатов қаласының Құрметті азаматы атанды

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық Ядролық Орталықтың Бас директоры Эрлан Батырбеков Курчатов қаласының Құрметті азаматы атанды.

Эрлан Батырбеков Курчатов қаласының Құрметті азаматы атанды

Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық Ядролық Орталығында Энергетиктер күніне орай салтанатты жиын болып өтті. Жиынға Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов, қалалық мәслихат хатшысы Гүлмира Қарымбаева және тағы басқа да мекеме, ұйым басшылары қатысып отырды. Жиында Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов Ұлттық Ядролық Орталықтың Бас директоры Эрлан Батырбековке «Курчатов қаласының құрметті азаматы» марапатын тапсырды.

-Эрлан Ғаділетұлын осы марапатқа нағыз лайық азамат  қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар арнайы  шешім шығарды,-деді қала әкімі Алмас Оңдақанов,- Эрлан Батырбеков кәсіби маман, білікті басшы. Осы азаматтың жетекшілігімен бүгінгі таңда ҚР Ұлттық Ядролық Орталығында атом саласының инновациялық бағдарламалары, атап айтқанда «КТМ Токамак» жобасы  іске қосылуда. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бейбіт атомды насихаттауда АҚШ, Жапония, Франция, Ресей сияқты көптеген алыс және жақын шетелдермен іскерлік байланыс орнатып келеді. Шетелдік ғалымдар бүгінде қазақстандық атом саласының мамандарының жұмысына қызығушылық танытса, ол бірден-бір осы Эрлан Ғаділетұлы Батырбековтың еңбегінің жемісі деп білеміз.  

Айта кету керек, Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Ұлттық Ядролық Орталықтың Бас директоры Эрлан Батырбеков ядролық  энергетикасы саласындағы  ішкі реакторлық тәжірибелер мен ядролық энергияның оптикалық сәулеленуін терең зерттеген үздік маман болып табылады. Ол ядролық энергетика, ядролық энергияның жаңа түрге енуі тақырыбында 100-ден аса ғылыми мақала жазған. Оның ішінде «Ғарыштық бағыттағы ядролық-энергетикалық реакторларды орнатудың және лазерлерді жасаудың физикалық мәселелері» тақырыбындағы зерттеу жұмысы ғылыми ортада айрықша аталады.

Раушан Нұғманбекова                                

Курчатов қаласы.

Суретті түсірген автор.