Футбол • 23 Желтоқсан, 2017

«Барселона» «Реалды» сырт алаңда ойсырата жеңді (видео)

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Испанияның Барселона қаласында үлкен той. Эрнесто Вальверде бастаған «көк-анарлар» бүгін басты қарсыласы – Мадридтің «Реалын» «Сантьяго Бернабеуде» 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Барселона» «Реалды» сырт алаңда ойсырата жеңді (видео)

Матчтың бастапқы 45 минутында Зинедин Зидан шәкірттері басымдығын көрсетіп, адуынды шабуылдарға жиі шығып еді, бірақ Тер Штеген қақпасынан саңылау таба алмады. Ал Андрес Иньеста бастаған топ сырт алаңда ойнағаннан болар, жатырқап, тиісті деңгейде өнер көрсете алмады.

Кездесудің 2-минутында бұрыштамадан әуелей келген допқа Криштиану Роналду бірінші жетіп, есеп ашқан. Алайда, қаптал төрешісі португалиялықтың ойыннан тыс қалғанын бірден байқады. Өз кезегінде «Барселона» сылбыр ойнағанмен, бірді-екілі шабуылдарға шығып жүрді. Бірінші таймның соңына таман Паулиньоның есеп ашатын сәті болған, бірақ Кейлор Навас өз орнынан табыла білді.

Ойынның екінші бөлігі мүлдем басқа бағытта өрбіді. Үзіліс кезінде каталондықтардың бас бапкерден жаңа нұсқаулар алғаны көрініп тұрды. Себебі, көк-анарлар допқа көбірек иелік етіп, алаңның орталық тұсына «салтанат» құрды. Алғашқы таймдағыдай сасқалақтап, орынсыз жерден доп жоғалтпайтын болды. Ал алаң иелері керісінше матч басындағы «Барселонаның» күйін құшты. Бейне бір бүкіл күшін сол кезде сарп еткендей күйде қалдырды.

Нәтижесінде, гол да көп күттірмеді. 54-минутта орталық тұстан ойқастай шыққан Иван Ракитичке дер кезінде ешкім қарсылық көрсетпеді. Оған жақындау болған Матео Ковачич Мессиді «күзетіп» жүргендіктен алдынан шыға алмады. Осындай еркіндікті сезінген хорватиялық ойыншы допты сол қапталдан шыққан Серхи Робертоға жіберді. Роберто да көп ойланбастан арғы беттегі Луис Суареске бағыттады. Қақпашымен жеке қалған уругвайлық шабуылшы мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Ал екінші голдың сәті тіптен ерекше. Қақпа маңындағы қарбалас сәтте Даниэль Карвахаль допты қолымен қайтармақ болған. Бірақ соның өзінде гол соғылып еді. Алайда, төреші голды есепке алмай, ойынды бірден тоқтатты. Карвахальды алаңнан қуып, пенальти белгіледі. Ал он бір метрлік айып добын Месси сәтті орындай білді. Есеп 2:0.

Бір ойыншысынан айырылғаннан кейін Мадридтің жағдайы тіптен қиындады. Ал каталондықтар ежелгі әуеніне басып, қысқа пастарын жиілетті. Қарсыластарына доп бермей, уақыт созумен жүрді. «Реал» сапында алаңға желаяқ Гарет Бэйл мен талантты Марко Асенсио шыққанмен, жарытып ешнәрсе көрсете алмады.

Кездесудің соңғы минутында «Барселона» соңғы нүктені қойды. Оң қапталдан Лионель Месси бразилиялық Марселодан айласын асырғаннан кейін қақпа маңындағы әріптестеріне әдемі пас шығарды. Соңғы үш минутта алаңға шыққан Алейш Видаль сол тұстан табыла кетіп, үшінші допты соқты.

Осымен, ішкі біріншілікте «Барселона» үшінші жыл қатарынан «Реалды» «Сантьяго Бернабеуде» ұтып келеді. Ал биылғы маусымда каталондықтар Ла лига кестесінде «Реалдан» 14 ұпайға озып тұр. Әрине, мадридтіктердің еншісінде бір ойынның артық екенін де ұмытпаған жөн.

Айта кетер тағы бір жаңалық, Лионель Месси бүгін әйгілі неміс ойыншысы Герд Мюллердің рекордын жаңартты. Аргентиналық шабуылшы еуропалық топ лигалардың ішінде бір команда сапында көп гол соққан ойыншы атанды. Мюллер «Баварияда» жүріп 525 гол салса, Месси бұл ойында 526-добын соқты.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»