Қысқы спорт • 24 Желтоқсан, 2017

Астанада қысқы марафон басталды

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда тарихында тұңғыш рет кең көлемді қысқы марафон басталды. Жарыстың ұйымдастырылуына «Маrat#ON» марафон клубының құрметті мүшесі, атақты қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев, Астана қаласының әкімдігінің бұқаралық спорт іс-шараларын өткізу жөніндегі дирекциясының жетекшісі Азамат Имашев, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы мұрындық болып отыр.
 

Астанада қысқы марафон басталды

Жарысқа Қазақстанның түкпір түкпірінен барлығы 400 спортшы қатысуға ниет білдірді. Қысқы марафон үш қашықтық - 42, 21 мен 10 шақырым бойынша өтуде.

«Бас кезінде 300 орын 30 сағаттың ішінде сатылып кетті. Сондықтан жарыстың ұйымдастыру комитеті қосымша тағы да 100 орын бөлген болатын, алайда ол да 2 сағаттың ішінде таусылып қалды. Шынын айтсақ, біз ондай қызығушылық болады деп ойлаған жоқпыз. Осының өзі xалықтың спортқа деген ынтасын көрсетсе керек», - дейді Astana Winter Marathon ұйымдастыру комитетінің баспасөз xатшысы Әсем Әбдірайымова.

Оның айтуынша, қатысушылар әрбір қашықтыққа бөлек-бөлек тіркелген. Сондай-ақ, 4-6 мың теңге көлемінде жарна жасады. Спортшылардың басым бөлігі - 207 адам 10 шақырымды таңдады. 144 адам 22 шақырымға, ал 49 спортшы толық марафон, яғни 42 шақырымға тәуекел еткен.

Жарысқа тіркелгендердің ішінде - ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин, бизнесмен Айдын Раxымбаев және тағы басқалар бар.

Сонымен, «Astana Winter Marathon» жарысы Триатлон паркінде өтіп жатыр. Түске таман қысқа қашықтықтардың жеңімпаздары анықталса, түстен кейін толық марафонның жүлделері табысталады.  

Ал жарыстың ұйымдастырушысы жоғарыда айтылғандай Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Марат Жыланбаев. Ол бірнеше рет қысқы жарыстарда алыс қашықтарға жүгірген. Ал 1992 жылы Екібастұздан Алматыға дейін экстремалды төмен температурада 1 400 шақырымды бағындырған.