Көмірмен жылытылатын жер үйлердің, жылу электр орталықтарының мұржаларынан қалықтаған түтіннің иісі қолқаны қауып, көзді ашытады, тіпті ауа жұтып, дем алуды қиындатқан. «Қазгидромет» РМК кезекші тобының мәліметіне қарағанда, соңғы күндері ауа райы желсіз тымық болғандықтан қаланы түтін басқан. Желдің екпіні күшейсе, мұндай болмайтын еді. Жаз бойы «жасыл» энергия тақырыбын ту етіп, ЭКСПО-2017 көрмесінің көрігін қыздырған бас шаһардың түтінге тұншығуы бір жағынан атымызға сын. Былтыр мамандар Астана қаласы ауасының ластану деңгейі еліміз бойынша төртінші орынға көтерілгенін айтып дабыл қағып еді. Мұның себебін жылу электр орталықтарының әлі газға көшірілмегенінен және мұржаларға сүзгіш фильтр орнатылмағанынан көргенбіз. Оның үстіне, соңғы жылдары қала төңірегін ораған орман мен биік ғимараттардың көбеюінен азынаған ауа ағынына тоқтау болған көрінеді. Мүмкін әлемдік климаттағы өзгерістің әсері де болар. Әйтеуір, ахуал әркімнің басын қатыруда.
Сапалы отын сансыратпайды
Мамандардың пікірінше, түтінді тұманның адам денсаулығына кері әсері де бар екен. Оның құрамында күкірттің қос тотығы, азот тотығы, көмір қышқылы сияқты зиянды газдармен бірге ауыр металдар болады. «Әдетте түтінмен аспанға ұшып, әрі қарай тарап кететіндерінен гөрі қайтадан жерге қонатын ауыр металдардың денсаулыққа залалы орасан зор. Ол түрлі ісік ауруларын тудырады, жұтқыншақ, кеңірдек, өкпе қатарлы ағзаларға ауыр зиянын тигізеді», дейді белгілі эколог Ерлан Мақажанов.
Яғни, астаналықтардың шулайтындай жөні бар. Ал құзырлы органдар түтіннен арылудың жолдарын қалай қарастыруда? Алдымен Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзіне мән берсек, «Бұл мәселені шешудің жолы – жеке сектор мен отын энергетикалық кешенін сапалы отынмен қамтамасыз ету», дейді ол. Министрдің пайымынша, Астанада көмір жағуды тоқтату керек, қалаға газ тартып, оның бағасын қолжетімді еткен жөн. «Жылу электр стансасында газ пайдаланатын болсақ, ол жылу құнының бағасын арттыруы мүмкін. Сондықтан аталған процесті арзандату үшін не істеу қажеттігін қарастырудамыз. Көмір – арзан. Сондай-ақ ол жақын жерде, ал газ алыста орналасқан. Бірақ таңдау әрқашан денсаулық пен экология жағында болуы тиіс». Бұл да Қ.Бозымбаевтың сөзі.
Астана әкімдігі де қарап жатқан жоқ. Құзырлы орган жылу маусымы басталғалы осы мәселені қаузап, мамандардың басын бірнеше рет қосты. Аумақтық экология департаментінің деректеріне сәйкес, автокөліктен шығатын газ бен баспанасын көмірмен жылытатын жеке сектор – елорданы басқан түтіннің басты себебі. «Экологиялық заңнаманы қатаңдату бойынша ұсыныс енгізу қажет және қаладағы барлық құрылым жұмысын өзгерту керек. Экология әкімдіктің 2018 жылдағы жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Біз тәуелсіз сарапшылардан, ғалымдардан және белсенділерден арнайы комиссия құрып, қоғамдық тыңдаулар өткізетін боламыз», дейді Астана әкімі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, жұмыс екі бағытта жүреді. Кешенді жоспар аясында жанар-жағармай мен көмір сапасын бақылау бойынша жаңа шаралар мен механизмдер әзірленіп, экологиялық заңнаманы бұзғандарға қатысты айыппұл санкциялары көбейеді.
Көмірге шектеу қойылады
Шаһар басшылығы аспанды торлаған түтінді сейілтуге бағытталған тағы бірқатар шараларды қарастыруда. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев олар жайында кеңінен тоқталып, 2017-2018 жылдарға арналған кешенді жоспар туралы айтты. «Бүгінгі таңда қала әкімі тиісті тапсырма беріп, оған толықтырулар енгізуді жүктеді. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін 5 жұмыс тобы құрылды. Атап айтсақ, атмосфералық ауаның сапасын арттыру, көліктің кері әсерін азайту, жеке тұрғын үйлерде жылу маусымында қауіпті қалдықтарды өртеу жағдайының алдын алу, ағаш отырғызу, су ресурстарына байланысты мәселелерді бақылау жұмыстарымен айналысатын топтар. Бұл топтарға әкімдік және жауапты органдардың қызметкерлерімен бірге Қазақстан экологтары қауымдастығының өкілдері енді. Жуық арада жұмыстар аяқталады», деді ол.
Жұмыс тобы жүргізген шаруаларға сәйкес, Астана қаласының билігі бірнеше ұсыныс әзірлеген. «Біріншіден, елорда аумағында жаңа нысандардың құрылысын жүргізген кезде қатты отындарды жағуға арналған автономды қазандықтарды пайдалануды 2018 жылдан бастап шектеу қажет. Астана қаласында отын ретінде көмірді қолданатын 400-ге жуық кәсіпорын бар. Осыған байланысты 2019 жылы қатты отынды осы кәсіпорындарда қолдануға тыйым салу жоспарлануда. Оларға нысандарын қайта жөндеуге 1 жыл уақыт беріледі. Яғни аталған кәсіпорындардың бәрін табиғи газға көшіру көзделуде», деді Мұса Танабаев. Басқарма басшысының айтуынша, үшіншіден, электромобильді көлік иелеріне жеңілдік беру қарастырылған.
Газдандыру қарқын алады
Астана қаласы энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев елордада табиғи газды пайдалана отырып, бірнеше жобаны іске асыру басталғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бас қаланы регазификациялау бойынша алты станса орнатылады. Келесі жылы «Global Gaz Group» ЖШС екінші «Тельман» сұйытылған табиғи газ стансасын салады.
«Біз инвестор «Global Gaz Group» компаниясына «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданын газдандыру бойынша талап қойдық. Олар алдымен Железнодорожный кентінде «Индустриальная» газдандыру стансасын салуы тиіс. Сол жерден құбыр Астананың «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданына тартылады. Қазіргі күні станса құрылысына жер телімі бөлінген. Бұл аумақ 2019 жылы газдандырылады», деді басқарма басшысы.
Компания газды таратушы стансадан шағын ауданға дейін жеткізеді, ал әр тұтынушы өз қаржысына үйіне құбыр тартуы тиіс. Маманның мәліметінше, тұтынушы үшін газ бағасының текше метрі 110 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта тарифті субсидиялау туралы мәселе мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің қарауында жатыр. Егер оң қорытынды шығарылса, газ бағасының текше метрі 35 теңгеге төмендейді.
Даудың басы – желдің болмауынан
Ал Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Мансұр Ошырбаев қала көшелерін тұман мен ыс иісі алып кетуінің басты себебін атмосфераның төменгі және жоғары қабатында ауа алмасу әлсіздігінен, яғни желдің болмауынан көріп отыр. «Қала ішінде желдің жылдамдығы соңғы күндері секундына 0-0,9 метр болса, ауа ылғалдығы 79 пайызды құрады. Нәтижесінде жекеменшік жер үйлер мен жылу электр стансаларының мұржасынан шыққан түтін тарамай қалады. Ауаның еркін алмасу процесіне аспанмен таласқан биік ғимараттар да кедергі келтіреді. Сонымен қатар автокөліктерден бөлініп шығатын зиянды түтін де ауаның ауырлауына әсер етеді», дейді ол. Департамент басшысының сөзіне сенсек, тұман мен түтіннің көмір тапшылығы мен отын сапасына қатысы шамалы.
P.S. Астана тұрғындарын тұншықтырған түтіннің себебін біршама терген болдық. Расында, Целиноград заманында тумаған проблема қайдан пайда болды? Астана – Алматы секілді таудың ортасында тұрған қала емес, жазық далаға жайғасқан қала.
Көліктен бөлінген газ, жеке сектор жаққан көмір түтіні, желдің ұйтқымауы... Бұл – мамандар болжамы. Астанадан айтарлықтай үлкен қалалар бар, көліктері де еселеп асып түседі, көмірді әлдеқайда көп жағады. Бір жылда болатын 365 тәуліктің 288-інде Арқа төсінде жел соғып тұрады екен. Ендеше?..
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»