Технология • 25 Желтоқсан, 2017

«Ақылды», цифрлы, жайлы өмірге ұмтылу керек

4112 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда «ақылды технологиялар» адамзат өмірінің барлық саласына қарқындап еніп, оның ажырамас бөлігіне айналуда. Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды бағытқа алған мемлекеттердің барлығы ұстанатын жаһандық тренд, үрдіс. Бұл орайда, тартыншақтап қалуға, бөгелуге мүлде болмайды, себебі бөгеліп қалған аз ғана уақыт бізді бірнеше жыл кейінге шегеріп тастайды. Осы үрдіске бүгіннен бастап бел шешіп кірісу арқылы болашақ ұрпақтың табысты өмірінің іргетасын қалаймыз. 

«Ақылды», цифрлы, жайлы өмірге ұмтылу керек

Табысты бастауға барлық жағдай бар

Осыны түсінген Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасаудың қажеттігін айқындап берді. 12 желтоқсанда Үкімет тарапынан ұлттық компаниялардың, мемлекеттік корпорациялардың сарапшыларын, халықаралық консультанттарды тарта отырып әзірленген бағдарлама қабыл­данды. Онда бес стратегиялық бағыт бойынша нақты іс-әрекеттердің алго­ритмі көрініс тапқан, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, ден­саулық сақтау және басқа да ма­ңызды бағыттардың барлығы қамтылған.

Бағдарламаны жүзеге асыру цифр­лы технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады, сондай-ақ Қазақстан эконо­мика­сы­ның принципті түрде жаңа траек­тория­мен дамуға көшуіне қажетті жағ­дай­ларды туғызады.

Қазіргі таңда Қазақстанда оны табысты бастауға қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Цифрландырудың база­лық деңгейі экономиканың барлық салаларында бар деуге болады, тұрғын­дардың 70 %-дан астамы интернетпен қамтылған. Электронды үкімет құры­лып, табысты жұмыс істеуде.

Тағы бір маңызды тармақ кадрларға тіреледі. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда, ол бірінші кезекте жоғары оқу орындарына қатысты. Қазақстандық студенттер халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда жоғары нәти­же­лерге қол жеткізіп жүр. Ендігі уақытта еліміздің талантты жастарына өздерінің білімдерін өз Отанында кәдеге жаратуға даңғыл жол ашылады.

Бизнес-орта деген факторды да назарға алған жөн. Қазақстандық ірі және орта кәсіпорындар трансұлттық компаниялармен қатар цифрландыру элементтерін өнеркәсіптің түрлі салаларына енгізуге ниет білдіруде.

Индустрия 4.0 элементтерін енгізу

Сонымен бағдарламаның бес бағытына тоқталайық. Бірінші – экономика салаларын цифрландыру. Бұл дегеніміз инновациялық технология­лар мен интеллектуалды жүйелер экономиканың базалық салаларына енгізіліп, ол өнімділіктің өсуіне және халықаралық деңгейде бәсекелестіктің артуы арқылы экономиканың дамуына серпін беретінін білдіреді. Соның нәтижесінде шикізат саласындағы, оған қоса агроөнеркәсіп кешеніндегі отандық экспорттың ішкі және сыртқы нарықтағы өсіміне қол жеткізіледі, өз кезегінде аса ірі өндірістік компа­ния­лардың капиталдануының артуына ықпал етеді.

Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс заттар интернеті (желіге қосылған сан алуан цифрлы құрылғылар), жасанды интеллект, роботтандыру сынды техно­логиялардың өндіріске енгізі­луімен байланысты. Осы айтылған­дардың бар­лығы салалардағы еңбек өнімділігі өсімін 2022 жылға қарай орташа есеппен 50 %-ға ұлғайтады.

Бүгінгі таңда бірқатар қазақстандық кәсіпорындар Индустрия 4.0 элемент­терін қолданысқа табысты енгізуде, яғни менеджмент инновацияға инвестиция салудың қажеттігін түсінді деуге болады. Мұнай және уран кеніштеріндегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыру аз уақыт ішінде электр энергиясы шығындарын, химиялық реагент­тер­ді, көлік шығындарын оңтайландыру­да маңызды нәтиже (10 %-ға дейін) көрсетті. ERG, «Қазцинк» ЖШС, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Астана РЭК», «Қазақмыс» корпорациясы сынды ірі кәсіпорындар осы бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыруға әзір.

Бағдарламада ауыл шаруашылығы­на, бірінші кезекте, өнімді молайту мен еңбек өнімділігін арттыруға бағыттал­ған нүктелік жер өңдеу енгізуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл фермерлер­дің егістік жағдайына, жердің сапасы­на, қоректік және зиянды элементтерге қатысты, жауын-шашын болуы сынды деректерді уақытылы алып отыруына мүмкіндік беріп, бұл еңбек шығындарын, тұқым себу уақытын, өнімді жинайтын мерзімді дұрыс есептеуге жол ашады.

Бірінші бағытты жүзеге асыруға отандық IT-компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттары атсалысатын болады. Бұл шара қазақстандық маман­дарға өздерінің технологияларын іс жүзінде қолдану үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Осындай коопера­ция­ның жарқын мысалы ретінде Өскемен титан-магний комбинатын тілге тиек етуге болады, аталған комбинат ҚБТУ және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бағдарламашылары­ның жобаларын өндіріске енгізіп келеді. Ал Шығыс Қазақстан Мемлекет­тік техникалық уни­вер­ситеті болса «Қазцинк» АҚ кәсіп­орын­дарында кафедра ашқан: универ­ситетте теориялық білім алған студенттер өз білімдерін өндірісте нығайтуда.

ҚазҰТУ базасында ЖОО оқыту­шылары, өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдері мен студенттер Индустрия 4.0 жобаларын жоспарлау мен жүзеге асыруға машықтанады.

«Paper free» принципі бойынша

Екінші бағыт – цифрлы мемлекетке өту. Бұл үдерісті суреттеу өте оңай: қағаз түріндегі құжат айналымын азайтып, халық пен бизнеске барынша аз мерзім ішінде қызмет көрсету. Оған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру арқылы қол жеткізіледі.

Біріншіден, 20 миллионға тарта анықтама алынып тасталады. Екіншіден, мемлекеттік органдар электронды құжат айналымына (анықтамалар мен ақпарат алмасу) өтеді. Үшіншіден, дербес ақпараттар азаматтардың – қызмет алушылардың келісімімен үшінші тұлғаларға ұсынылатын болады.

Әзірге мемлекеттік қызмет түр­лерінің төрттен бір бөлігі ғана электронды форматта ұсынылады. «Paper free» принципі (толықтай қағазсыз үдеріс) бойынша мемлекеттік қызметтердің 80 %-ы тек қана электронды форматта ұсынылатын болады. Мекенжай анықтамасы, сотталмағаны туралы, жылжымайтын мүлікке қатысты және басқа да 30-ға тарта анықтама түрі жойылады. Бұл деректердің барлығы мемлекеттік органдар жүйелері арасында цифрлы түрде беріледі, сонымен қатар арнайы қорғалған режімде екінші деңгейлі банктерге, коммуналдық қызметтерге және басқа да мекемелерге қолжетімді болады. 2019 жылға дейін проактивті қызметтер (ХҚКО-ға баруды талап етпейтін) енгізіледі, олардың әрқайсысының 5 түрлі қызметі бар. Бүгінгі таңда ХҚКО-лар тарапынан жыл сайын 40 млн анықтама беріледі екен. Цифрландырудың арқасында үнемделетін бюджет қаражатын есептеу қиын емес, ол 33,5 млрд теңге шамасында болмақ.

Мемлекеттік органдардың ішкі үде­рістерін автоматтандыруда, мысалы, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауда, жер және минералды ресурстарды басқаруда, сондай-ақ импорттық-экспорттық операцияларды басқаруда айтарлықтай ілгерілеу болады.

Шешуші мәселелердің бірі еліміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға қатысты. Экспорттық-импорттық опе­ра­цияларға «бір терезе» және интеллектуалды көлік жүйесі сынды жүйе­лерді енгізу адами факторларды азай­туға, барлық үдерістерді жеделдетуге және оның ашық болуына бағытталған.

...Бір кездері Сингапур енді ғана еңсе тіктей бастаған тұста, оның теңіз порттары көршілес Малайзия, Индонезия сынды мемлекеттердің порттарына бәсекелестік тудыруға қауқарсыз еді. Алайда TradeNet жүйесін іске қосу арқылы сауда кәсіпорындары теңізден, яғни қашық жерден-ақ ресімдеу процедураларынан өтуге мүмкіндік алды, яғни портта тауарды физикалық тек­серуді жүргізу жұмысы ғана қалатын болды. Осылайша кемелердің портта тұру уақыты еселеп қысқарды, сауда компаниялары Сингапурдың порттарын таңдауға көшті. Біз де дәл солай жасай аламыз.

Ауылдарға – интернет, мектептерге – бағдарламалау

Үшінші стратегиялық маңызды бағыттардың бірі – цифрландырылған Жібек жолын жүзеге асыру. Ол екі түрлі жолмен жүргізіледі – байланыс желілерімен қамтуды кеңейту және киберқауіпсіздікті күшейту.

Бірінші шара кең жолақты жаһан­дық желілерге қосылу инфрақұрылы­мын дамыту және қорғалған алмасу мәселесімен байланысты. Бұл орайда 1200-ден астам ауылдық елді мекенге мемлекет-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарлан­ған. Осылайша 2,1 млн-нан астам адам жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға техникалық мүмкіндік алады. Барлық аудан орталықтарында жаңа буындағы ұялы инфрақұрылым (4 G желісі, болашақта 5 G желісі) пайда болады.

Төртінші бағыт – адам капиталын дамыту. Аталған бағытта жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін Қазақстанда сапалы кадрлық әлеует құру қажет. Сол себепті бағдарламада орта, техникалық және кәсіби, жоғары білім беруде цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары қарастырылған. Кезең-кезеңімен 2-сыныптан бастап «Бағдарламалау негіздері» пәні енгізіледі. Ал жоғары сыныптардағы бағдарлама роботты техника, виртуалды шындық, 3D-принтинг және басқа да пәндермен толығады.

Талантты жастарды дамыту және қолдау мақсатында қазірдің өзінде тұрақты түрде хакатондар, олимпиадалар мен конкурстар ұйымдастырылып, роботты техника мен бағдарламалау бойынша түрлі үйірмелер ашылуда. Елді мекендерде тұрғындар, оның ішін­де жұмыссыздар сұранысқа ие цифр­лық машықтарға оқытылатын болады.

Стартаптарды қолдайық!

Сонымен бағдарламаның бесінші бағыты – инновациялық экожүйе қалыптастыру – Қазақстанда қолға алын­ған технологиялық стартап-жоба­лардың қатарын көбейту және оларды қапиталдандыру.

Инновациялық экожүйе қазіргі технопарктердің, венчурлық қорлар­дың, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лардың базасында, сонымен қатар жаңадан құрылып жатқан «Astana hub» технопаркінің базасында қалыптасатын болады. Бұл орта жаңа идеяларды, технологияларды, цифрлы шешімдерді шоғырландыруды, сондай-ақ шетелдерде IT-жобалармен айналысатын талантты қазақстандықтарды белсенді түрде тартуды қамтамасыз ететін болады.

Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл дегеніміз идеяшыл адамдардың – технологиялық кәсіпкерлердің батыл жобаларын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі таңда әлемдік IT-индустрияның алыптары – Apple, Google, Facebook – бұрын жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер болатын. Олар инновациялық экожүйеде жасалған жағдайларды тиімді пайдалана отырып, идеядан алып трансұлттық корпорация құра алды. Енді бізде де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға әрі азаматтарға өз мүмкіндіктерін іс жүзіне асыруға зор мүмкіндіктер жасалады.

Бірінші кезекте бағдарламада халықаралық «Astana Hub» IT-стар­таптар технопаркін құру қарас­тырылып отыр. Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған жоба аясында дүние жүзінің технологиялық кәсіпкерлері мен мамандарын тартуға жағдай жасалады, осылайша біз әлем­дік деңгейдегі IT мамандарын шоғыр­ландыратын боламыз.

«Astana hub» резиденттері «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын, атап айтқанда, ерекше еңбек және визалық режімдерді, ағылшындық құқық және халықаралық сот принциптерін пайдалана алады.

Компанияның ұлғаюына қарай оның қанат жаюына, бизнестің ауқымын кеңейтуге қолдау керек екендігі, яғни қаржылай қолжетімділік қажет болатыны белгілі. Алайда мәселе стартаптар туралы болғандықтықтан, біз қаржы­ландыру­дың жоғары тәуекелді қажет ететін түрі – венчурлық қаржы­лан­дыру туралы айтып отырмыз. Халықара­лы­қ тәжіри­бе­ге сүйенсек, стартаптардың ша­мамен 10-20 %-ы ғана табысты болады.

Сол себепті «Венчурлық қаржы­лан­­­дыру туралы» заңды әзірлеу қарас­тыры­лып отыр, ол әлемнің үздік тәжі­рибелерін Қазақстанда қолдануға мүмкін­дік береді. Стартаптарға инвестиция салу мәдениетін дамыту мақсатында «Astana hub» аясында қазақстандық бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізілуде. Көптеген бизнесмендер қазірдің өзінде бұл бағытқа назар аударуда.

Сонымен қатар жаңа да болса болашағы зор тағы бір бағыт – корпоративтік бастамалар. Бұл ірі бизнес­тің шағын және орта бизнес өкіл­дерімен, яғни дамудың бастап­қы кезеңіндегі стартаптармен бірле­сіп жұмыс істеуін білдіреді. Корпо­рациялар жұмыс барысында стартаптар тарапынан ұсынылатын қызмет пен тауар түрлерін қажет етеді. «Цифрлы Қазақстан» жаңадан іс бас­таған кәсіпкер-инноваторларға корпорация­лармен арада өзара тиімді ынты­мақтастық орна­туға жағдай туғызады.

Көріп отырғанымыздай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында шешуші ауқымды мақсат – инновациялық экономика қалыптастыру, 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу және қоғам мен өнді­рісті жаңарту, сол арқылы заманауи техно­логиялық әлемнен тысқары қалмау мақсатына қол жеткізуге қажетті бір-бірімен тығыз байланыстағы шаралар кешені қарастырылған. Бұл мақсаттың үдесінен көріну бүкіл қоғамның бас біріктіре отырып жедел әрекет етуін, аз уақыт ішінде серпінді түрде алға басуын қажет етеді. Уақыт күдік пен сенімсіздікті көтермейді, алға – цифрлы болашаққа қадам басу керек!

Әсел МҰҚАНОВА