Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Ұрлықты тыю – дамудың алғышарты

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Жуырда Сенатта автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес пен ұрланғандарды қайтаруды қамтамасыз ету жөнінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы заң жобасы талқыланған еді. Төменде осы құжатты талқылау барысында сенатор Владимир ВОЛКОВТЫҢ сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз. 

Ұрлықты тыю – дамудың алғышарты

Адамзат тарихында ең бірінші автомобиль ұрлау фактісі 1886 жылы Париж қаласында тіркелген екен. Содан бергі 130 жылда бұл проблема жылдан жылға өріс­теп келеді. Автомобиль ұрлау­шылардың қылмыстық бизнесі­нен түскен табысы есірткі сату табысынан кейін екінші орын алады. Олардың жылдық табысы 20 млрд доллардан асқан. Дү­ние­жүзінде әрбір 10 секунд сайын бір автомобиль қолды бола­ды екен. Соның ішінде АҚШ мемлекетінде жыл сайын ұрлан­ған автокөліктен келген зиян 7 млрд долларға шығып, мың­даған адамдар шығынға ұшырайды. Ұлыбританияда тір­кел­ген барлық қылмыстың 35-тен 45 пайызына дейін автокөлік ұрлау­шылар алып отыр. Ресей Федерациясының аумағында тек 2016 жылы ғана 36 мың автомобиль ұрланып, соның тек жартысы ғана табылған.

Қазақстандағы жағдай да мәз емес, 1993 жылдан бері біз­дің елі­мізде 60 мыңнан артық авто­көлік қолды болған. Соның 43 мы­ңы ғана ұсталып, иелеріне қай­та­рылған. Бұл барлық ұрлықтың 70 па­йызы ғана. Бүгінгі таңда 17 мың 448 автомобиль ұрлығы ашыл­май, иелерін сан соқтырып отыр.

Соңғы жылдарға ғана тоқ­талатын болсақ, кейінгі үш жылда ғана Қазақстанда автокөлік ұрлығына қатысты 11832 қылмыс тіркелген. Айта кететін жайт, соңғы 12 жылда біздің елімізде ТМД елдерінің аумағынан ұрланған 200-дей автомобиль шыққан. Соның 66-сы иелеріне қайтарылыпты.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Өйткені, біртекті Кеден кодексінің енгізілуі ұрланған көліктерді одақ аумағындағы бір елден екінші елге бөгетсіз алып кетуге жол ашты. Бұл қылмыстық топтарға қолайлы жағдай туғыз­ғанымен қоймай, ұрлық мүлкін оңай легализациялауға да мүм­кін­дік тудырып отыр.

Міне, сондықтан да ТМД-ға­ қатысушы-мемлекеттер ара­­сын­дағы автокөлік құ­рал­да­рын ұрлауға қарсы күрес пен олар­ды қайтару жөніндегі ын­ты­мақтастық туралы келісімді ратификациялайтын заңды қабылдау бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып отыр. Өйткені бұл заң тараптардың осы іс бойынша өз міндеттерін уақтылы орындауы­на және ұрланған автокөліктерді қайтару тетіктерін реттеуді тия­­нақты әзірлеуге мүмкіндік бе­реді. Жалпы айтқанда, бар­лық саладағы ұрлықты тыю – ел да­муының алғышарты ғой. Сон­дықтан барлық тәсілдерді, соның ішінде барлық көрші елдер мен экономикалық әріптестердің көмегін пайдаланып осы індетке тосқауыл қоюымыз керек.

Дайындаған

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»