Жазғы спорт • 25 Желтоқсан, 2017

Әлемдік волейболдың серкесі Жәнібек Сауран­баев

4311 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Доп ойындарынан Кеңес Одағы құрамасына енген тұң­ғыш қазақ спортшысы. 

Әлемдік волейболдың серкесі Жәнібек Сауран­баев

XX ғасырдың 60-70-жылдарында Алаш жұртының айбынын асырған спорт саңлағының бірі әрі бірегейі, әйгілі волейболшы Жәнібек Сауран­баев екенін білгеніміз жөн. Қа­зақ волейболының негізін қа­лаушы, атақты спортшы, айтулы бапкер Октябрь Жарылғаповтың төл шәкірті Жәнібек Нығметұлы 1963 жылы доп ойындарына ден қойған қазақ жастарынан бірін­ші болып КСРО жастар құрама­сына қабылданды. 1964 жылы Сауранбаев Кеңес Одағының ұлт­тық құрамасының белді ойын­шы­ларының қатарынан орын тепті. Ойлап қараңыз, ата-бабасы волейбол добын ұстап көрмеген қазақтың қараторы жігіті сол тұс­тағы әлемдегі ең алып держа­ваның бас құрамасының дәнекері (связующий) болды. Дәнекер – шабуылшы немесе қорғаушы емес. Дәнекер – команданың тіні, өзегі, алаңдағы өзге бес ойын­шы­ның арасын жалғап, үйлестіруші ақыл­маны. КСРО құрамасы Жәні­бек жарқырай көзге түскен тұста Жер шарындағы ең күшті құра­маның бірі, нақтылай айтсақ, Олим­пиаданың екі мәрте жеңім­пазы болатын. Сауранбаев сол сұрапыл құраманың алаңдағы ең басты дирижері еді. Сөзіміз құ­р­ғақ болмауы үшін Жәнібек аға­ның бала кездегі досы, коман­далас серігі, кейін Латвия құрама­сын КСРО халықтары спарта­киа­дасының алтын тұғырына бастап шыққан, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында күміс жүл­дегер атанған Кеңес Одағы құра­масының бас бапкері Генна­дий Паршиннің мына сөзіне жү­гінейік: «Жәнібек досым дүние жүзіндегі ең үздік дәнекердің бірі болды!».

Әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері. Қазақ хал­қына Олимпия ойындарының тұң­ғыш медалін 1960 жылы ұш­па жүйрік Ғұсман Қосанов сый­ласа, Жәнібек Нығметұлы әлем чем­пионатында олжа салған ал­ғашқы қазақ спортшысы. Құ­рамында Сауранбаев ойнаған Ке­ңес Одағының құрамасы 1966 жылғы әлем біріншілігінде қола медальды жеңіп алды.

Әлем кубогының тұңғыш жеңімпазы. Олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогын қанжығаға байлаған бірінші қазақ баласы кім десеңіз, тағы да Жәнібек Сауранбаев алдыңыздан шы­ғады. Жәнібек ағамыз 1965 жылы КСРО волейбол құра­ма­сының дәнекері ретінде Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды.

Еуропа чемпионы атанған бірінші қазақ волейболшысы. Сауранбаевтың тыңнан түрен тарт­қан қадамын әрі қарай жалғас­тырсақ, 1967 жылы Жәні­бек Нығметұлы қазақ волейбол­шы­ларынан тұңғыш Еуропа чем­пионы атанды.

Доп ойындарынан тұңғыш КСРО чемпионы. Волейболдан Кеңес Одағының ең алғашқы чем­пион­дарының қатарында Жәні­бек Сауранбаев пен Аман­гел­ді Сұлтанов тұрғанын көне­көз жанкүйерлер ұмыта қойма­ған шығар. Негізін Октябрь Жарыл­­ғапов қалаған Алматының «Буре­­вес­тник» командасы Қазақ елі­­нің доп ойындары команда­лары­ның арасынан ең бірінші болып 1969 жылы Кеңес Одағы чем­пионатында топ жарды. «Буре­вес­тник» Кеңес Одағына қараған азиялық республикалардың ішінен одақ чемпионы атанған жал­ғыз команда. Тағы ескеретін жағдай: ХХ ғасыр­дың 60-70-жыл­дарында Қазақстанның фут­бол, баскетбол, допты және көгал­дағы хоккей командалары Кеңес Одағы чем­пионаттарында тегеу­рін танытып жүрсе, солардың ара­­сын­да 1972 жылға дейін «Бу­ре­вестниктің» шоқтығы биік болды.

Еуропа чемпиондарының кубогын олжалаған тұңғыш қазақ спортшысы. 1970 жылы Алматының «Буревестник» командасы Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы атанды. Сол тарихи жеңіске команда капитаны Жәнібек Сауранбаев зор үлес қосты. «Буревестниктің» сапында Валерий Кравченко мен Олег Антропов секілді Олимпиада жеңімпаздары ойнағанына қарамастан, Сауранбаев ұзақ жыл дауылпаз команданың капитаны болды. Осының өзі Жәнібектің азаматтығы мен ойыншы ретінде шеберлігіне берілген әділ баға екені анық. Қазақ спортының тарихында Еуропа кубогын ең бірінші олжалаған команданың сапында дарынды ойыншы Амангелді Сұлтановтың болғанын айтуға тиіспіз.

1971 жылы «Буревестник» Еу­ропа чемпиондарының кубо­гын тағы да жеңіп алды. Еуро­паның ең таңдаулы клубына тағайындалған күміс кубок қа­тарынан екінші жыл команда капитаны Жәнібек Сауранбаевқа салтанатты түрде табыс етілді. Сауранбаевпен бірге жеңіс тұғырына Амангелді Сұлтанов пен Төленді Ахметжанов сынды саңлақтардың көтерілгенін еске алудың өзі бір ғанибет. Сол тұста әлемдік волейболдың тізгіні еуропалықтардың қолында еді. Дүниежүзілік чемпионаттарда Кеңес Одағы, ГДР, Чехословакия құрамалары озық шығып жүрсе, Румыния, Болгария командалары күміс тұғырдан көрінетін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Кеңес Одағы мен Еуропада үш жыл қатарынан жеке-дара көш бастаған «Буревестник» – 1969-1971 жылдарда дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубы болды. Бұған күмән келтірсеңіз, басқасын айтпағанда, құрамында бірнеше әлем чемпионы бар чех, неміс клубтарын ұтқан бас бапкер Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаев командасының жеңіс шежіресін парақтап көріңіз.

Аталарымыз «Тақыр жерге шөп шықпайды» деп тегін айт­паған. Жәнібектің әкесі Нығ­мет Сауранбаев филология бойын­ша еліміздегі тұңғыш ғылым док­торы. 1954 жылы жарық көрген 50 мың сөзден тұратын орыс­ша-қазақша сөз­дік­тің авторы. Осындай әкеден тәлім алған Жә­ні­бек жас кезінде оқуға зерек болыпты. Сонымен бірге Мұх­тар Әуезовтен бастап әлемдік дең­гейдегі жазушылардың кітап­тар­ын ден қойып оқыған екен. Міне, қазақтың алғыр да білімді жасы волейболға барып еді – бүкіл әлем мойындаған серке спортшы дәрежесіне жетті. Ал біз кейінгі жылдары спорт­шы балалардың ата-тегі мен біліміне мән бермейтін болдық.

Ал Жәнібек неге Олимпиада жеңімпазы болмады дегенге келсек, ол 1964 жылы КСРО құрамасының базалық ко­мандасы – ЦСКА-ның шақыруын қабыл алған жоқ. Соны кек тұтқан Мәскеу Сауранбаевты екі бірдей Олимпиа­даға апармай қойды. Әйтсе де ол Алаш оғланының жетіс­­тігі­не кіреуке түсіре алмай­ды. Әлемдік деңгейдегі қазақ во­лей­болшысы Жәнібек Сауранбаев туралы деректердің бір парасы осындай!

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист