– Батыр, сұрағымызды соңғы өткізген жекпе-жегіңнен бастасақ. Нәтижеге қарасақ, сен үшін қиын болған секілді. Қарсыласың да өте тәжірибелі. Жекпе-жек туралы толық айтып берсең?
– Соңғы жекпе-жегім өте жоғары деңгейде өтті. 8 раундқа жоспарланған еді, соңына дейін жұдырықтастық. Уилберт Лопес өте тәжірибелі, шыдамды боксшы екен. Бірінші раундтан соңғы раундқа дейін соққының астына алсам да, нокаутқа жібере алмадым. Бірақ 8 раунд бойы жанкүйерлерге өзімнің жақсы қырларымды көрсете алдым деп ойлаймын. Бұл жекпе-жек маған тәжірибе болды. Ұпай саны бойынша жеңгенімнің өзі үлкен жеңіс деп есептеймін. Жалпы, Лопес маған дейін өте мықты боксшылармен жұдырықтасып, әбден шыңдалғаны көрініп тұрды. Ол осы жылдың мамыр айында отандасымыз Геннадий Головкинмен бірге Биг Беарда және Абель Санчестің қол астында жаттығатын Алекс Сауседомен (26-0, 16 КО) кездесу өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ғана жеңілген. Сондай-ақ Эммануэл Роблес (15-1-3), Хуан Руис (20-0-1) және Иван Баранчик (17-0) секілді мықты боксшылардан да ұпай саны бойынша ұтылған.
– Бұған дейінгі 10 жекпе-жегіңнің тоғызын нокаутпен аяқтаған едің. Бұл жолы қарсыласыңды нокаутқа жібере алмауыңа не кедергі болды?
– Меніңше, бұл жерде қарсыластың деңгейі әсер етті. Лопес соққыға шыдас бере алатын боксшы екен. Бірнеше рет анық және ауыр соққы жасаған болатынмын, бірақ ол төзімділік көрсетті. Ол бұрынғы жекпе-жектеріне қарағанда маған өте ерекше дайындалып келгені көрініп тұрды.
– Қазақстандық жанкүйерлер сенің рингке шығар кездегі киіміңді талқылап жатыр. Әдетте рингке шапанмен шығатын едің. Шапанның орнына қазақ батырларының сауыты іспетті жейдемен не үшін шықтың?
– Иә, бұған дейін қазақтың ою-өрнегі бейнеленген шапанмен шығатын едім. Осы жекпе-жегіме аздаған өзгеріс жасап, бір жағынан қазақ батырларының киімімен шығып көрейінші деген ой болды. Киімнің сызба нұсқасын командамызбен ақылдасып, жобасын жасап шықтық. Ал екінші жағынан өзімнің есімім Батыр болған соң, атым затыма сай болсын деп рингке қазақ батырларының сауыты іспетті жейдемен шыққанды жөн көрдім. Сондай-ақ өздеріңіз білетіндей, кәсіпқой бокста танымалдылыққа имидждің де әсер ететінін білесіздер. Сондықтан осындай қадамға бардым.
– Кәсіпқой бокстағы нокауттарыңды көрген жанкүйерлер әлеуметтік желілерде сені Геннадийдің болашақ ізбасары деп жатыр. Қателеспесем, әуесқой бокста да нокаутер болдың емес пе?
– Әуесқойлар арасында нокаутер болдым деп айта алмаймын. Шама-шарқымша жұдырықтастым, жеңуге тырыстым. 2010 жылы ел чемпионатында үшінші орын алып, ұлттық құрама сапына алынғанмын. Бірақ ел іші болмаса, сырттағы халықаралық ірі турнирлерде топ жара алмадым. Рас, кәсіпқой бокста жанкүйерлер танып, әлеуметтік желілерде өздерінің тілектестігін білдіріп жатыр.
– Әуесқой бокста жүріп, әлем чемпионатына немесе Олимпия ойындарына қатысуға неге тырыспадың?
– Ұлттық құрамада бірінші нөмір немесе екінші нөмір болмаған соң төрт жылда бір келетін Олимпиаданы немесе екі жыл сайынғы әлем чемпионатын күтіп жүре беруге үлкен шыдам керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дейді ғой, сол секілді Олимпиаданы бағындырғысы келмейтін боксшы жоқ. Барлық боксшының арманы – Олимпиада чемпионы болу, еліміздің Көк туын көкке көтеру. Бірақ ұлттық құрамада бірінші нөмір болмасаң, бәрі бекер. Сол себепті кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдадым.
– Кәсіпқой бокстағы карьераңды неге АҚШ-та, Еуропада емес, Канада елінде бастадың? Жалпы, басқа елдерден ұсыныс түсті ме?
– Негізі, әуелгі ойым АҚШ-қа бару болатын. Қанша дегенмен кәсіпқой бокстың қызып тұрған нағыз ортасы ғой. Сол жақтың промоутерлерімен сөйлесіп, визамды да реттеп, АҚШ-қа бару ниетінде жүргенмін. Сол арада Канададағы «Eye of the Tiger Manegement» промоутерлік компаниясынан ұсыныс түсіп, әуесқой бокстағы видеоларымды сұратты. Барлығын жібердім, өздері қарап, саралап, соңында маған ұсыныс жасады. Келісімшарттың барлық бөлімдері көңілімнен шықты. Көп ойланбастан келісім беріп, промоутер Камиль Стефан ұсынған келісімшартқа қол қойдым. Ешқандай көрілімде, қаралымда, спаррингте болмай, бірден келісімге отырдық. Бар себебі осы.
– Кәсіпқой бокста «777» деген лақап атыңмен танылып келе жатырсың ғой «777» саны қандай мағына береді?
– Әлем халықтарының көпшілігі қашаннан жеті санын кие тұтады. Ата-бабаларымыз да жеті санын қасиеті санаған. Мысалы, бала кезімізде анам жеті шелпек пісіріп, көршілерге тарататын. Әкем жеті атасын білмеген жетесіз деп, жеті атамды жаттатқызды. Мектепте тарих сабағынан әз Тәукенің «Жеті жарғысын» оқыдық. Айта берсек мысал көп қой. Осыдан кейін жеті санының қасиетін түсіне бастадым. Ұялы телефонымның нөмірін жеті санымен байланыстырдым. Көлік алғанда 7 саны бар нөмір іздедім. Сол секілді, өмірімнің көп тұсы жеті санымен байланысып кетті. Кәсіпқой боксқа ауысар тұста өзім құрметтейтін, сыйлайтын ағаларыммен дәмдес болып қалдым. Әңгіме арасында сол кісілер «кәсіпқой бокста үш жеті лақап атымен шықсаң қалай болады?» деп ұсыныс тастады. 7 санын әуелден қастерлейтін маған бұл ұсыныс таңсық болған жоқ. Бірден келісе кеттім. Сөйтіп, ағаларымның ұсынысы мен өзімнің қалауым арқасында кәсіпқой бокста «777» атымен таныла бастадым.
– Канада халқының өмір салты, спортқа деген қызығушылығы қалай?
– Канаданың Квебек қаласында тұрып жатқаныма екі жарым жыл болып қалды. Бұл жақта бәрі жақсы. Адамдары да біз секілді қонақжай, бөтенсімей жақсы қабылдады. Сол үшін оларға алғыс айтамын. Біраз жаңа достар таптым. Біздің елде нөмірі бірінші спорт бокс болса, канадалықтар үшін – хоккей спорты. Хоккей жақсы дамыған. Спортқа деген көзқарастары да жақсы. Меніңше, Канадада хоккей нөмірі бірінші спорт болса, екінші орында кәсіпқой бокс деп есептеймін. Өйткені біз өткізген жекпе-жектерге жанкүйерлер көп жиналады. Қызығушылық өте жоғары.
– Жалпы, кәсіпқой боксшылар қалай жаттығады екен? Бір күндік жаттығуың қалай өтеді?
– Әуесқой бокс пен кәсіпқой бокс жаттығуларының айырмашылығы баршылық. Кәсіпқой боксшылар әдеттегідей күніне екі мезгіл жаттығады. Дүйсенбі-жұма күндері екі мезгіл, сенбі күні бір мезгіл жаттығамыз. Жексенбі – демалыс күні. Әр жаттығуымыз 3-4 сағатқа созылады. Бір ерекшелігі, екі жаттығуды екі бөлек бапкер өткізеді. Таңертең физикалық жаттығуға көңіл бөлеміз, кешкі жаттығуда жеке бапкерім Стефан Ларушпен бірге «лапа» ұрамыз, «қап» соғамыз, спарринг-жаттығу жасаймыз.
– Әлемдік boxrec.com сайтында өз салмағың бойынша (63,5 келі) қазақ боксшылары арасында бірінші, әлем боксшылары арасында ТОП-50 боксшының қатарына ендің. Құрлықтық белбеулерге (wba, naba, wbo-nabo, intercontinental) шығуға қаншалықты мүмкіндік бар?
– Құдай қаласа, келесі жылдан бастап қай тұжырым бойынша белбеулерге шығатыным белгілі болады. Асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Жақында ғана бұл туралы промоутеріммен сөйлесіп, ақылдасқан болатынбыз. Белбеу үшін жекпе-жек өткізетін күннің ауылы алыс емес.
Әңгімелескен
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»