Матвей Матвеев
(«Оқжетпес», 2 ойын)
«Оқжетпес» командасы маусымның екінші жартысында жаңа ойыншылар ала бастады. Қорғанысты күшейту мақсатында Ресейден Матвей Матвеев деген футболшы шақыртылды. Иә, «Оқжетпес» бірінші айналымда өз қақпасына көп гол жіберді. Алайда ресейлік легионер неге екені белгісіз, маусым аяқталғанша 2 матчта ғана алаңға шықты. Сауал: сонда мұндай легионерді командаға алдыртудың мақсаты не?
Александр Ермаченко
(«Ақтөбе», 5 ойын)
Жаңа маусым басталған сәтте «Ақтөбе» командасы 8 легионерді бір-ақ алды. Олардың ішінде Александр Ермаченконың аты ерекше аталды. Украинаның бірнеше клубында доп тепкен футболшы «Ақтөбені» алға сүйрейді деп топшылағандар да аз болған жоқ. Клуб басшылары осылай жар салып, команда күшейіп жатыр дегенге тоқталды. Алайда осы футболшы чемпионаттың алғашқы айналымынан кейін өз
отанына қайта оралды. Қазақстан футболы украиналықты жатсынды ма, әлде аяқдопшының өзі біздің елді жерсінбеді ме, әйтеуір берген қаражатты алды да тайып тұрды. Осындай легионерлердің саны «Ақтөбеде» жеткілікті. Бірінші айналымнан кейін командадан Витор Жуниор (6 ойын), Чако Торрес (7 ойын), Папа Гуйе (9 ойын), Диас Касиано (12 ойын) секілді футболшылар аластатылды. Бұл, әрине командаға жаңа футболшылар іріктеу барысындағы қателікті көрсетеді. Команданың футболшылар сұрыптау жөніндегі салғырттығы көзге анық ұрып тұр.
Вукашин Томич
(«Атырау», 3 ойын)
«Атырау» командасы да жиі бапкер ауыстырып, берекесі қашып жүретін ұжымның бірі. Бапкер ауысқан сайын командадан футболшылар да кете бастайды. Әр бапкер командаға келгенде өзімен бірге бірнеше футболшы ала келетін әдеті бар емес пе? Сол секілді Зоран Вулич командаға бапкер болып тағайындалысымен жаңа легионерлерді тартты. Олардың қатарында кезінде «Тараз» сапында ойнай алмай, Қазақстан чемпионатынан көңілі қалған Вукашин Томич бар еді. Сербиялық легионер алғашқы айналымда 3 ойын өткізіп, Вулич қызметінен босағаннан кейін
отанына оралды. Хорватиялық бапкер сондай-ақ өз отандасы Иван Родичті де ала келген болатын. Бұл ойыншы да 5 матч өткізіп, алған қаржысын толықтай ақтап кете алмады.
Амер Бекич
(«Тобыл», 4 ойын)
Жазғы трансфер ашылған кезде «Тобыл» бірнеше футболшы алып, команданы күшейтпекші болды. Алайда бұл мақсаттары жүзеге аспады. Алған легионерлері негізгі құрамға іліне алмай, қосалқы құрамда отырды. Мысалы, босниялық шабуылшы Амер Бекич небәрі 4 ойынға ғана қатысып, қарсылас команданың қақпасына гол соқпаған. 4 айда 4 ойынға қатысып қомақты жалақы алған Амер жол түссе Қазақстанға тағы да келуді жоспарлайтыны анық. Ал осындай шабуылшыны қостанайдың «Тобылы» қандай мақсатпен командаға алғаны тағы белгісіз.
Зоран Рендулич
(«Ордабасы», 4 ойын)
Шымкенттің «Ордабасы» командасы жергілікті жастарға көбірек сенім артады. Біріншілік басталар тұста Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев секілді жергілікті ойыншыларын да өз сапына жинады. Одан бөлек легионерлерге де сенім артты. Солардың бірі босниялық қорғаушы – Зоран Рендулич. Қазақстан біріншілігінде 4 ойын өткізген Зоран зорықты ма, Шымкенттің ыстық күніне шыдамады ма, әйтеуір ұжымға алғашқы айналымнан кейін керек болмай қалды. Мұндай қателікті Бақтияр Байсейітовтің командасы енді қайталамаса екен дейміз-дағы.
«Қайрат» пен «Астана» секілді жүлдеге таласып жүрген командаларда мұндай жағдай жоқтың қасы. Қос ұжымдағы легионерлер артылған сенімді ақтап, ойынның негізгі тіректеріне айналады. Ойнаған ойындары мен көрсеткен нәтижелері де көңілден шығады. Ал жоғарыда аталған клубтардың бапкерлері мен басшылары осындай легионерлерді жыл сайын жинап алып, келісім аяқталмай жатып елдеріне қайтарады. Жыл сайынғы бұл әдеттің де өзіндік жүйесі бар секілді көрінеді. Кейбір ойыншылардың трансфері мен жалақысына бөлінген қаржы желге ұшқанын естігенде жағаңызды ұстайсыз. Футболдағы жемқорлықтың да бір шеті осы тұста көрініп қалатындай. Сырттан келген футболшылар жергілікті жастардан бір бас жоғары тұрады, сондықтан да олар қазақстандық футболшыларға қарағанда, көбірек жалақы алады деп түсіндіретін клуб басшылары осы мақалаға қалай жауап қайтарар екен?
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»