Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2017

П.Чайковский атындағы музыкалық колледж 9000 түлектің тұсауын кескен

1837 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледж – еліміздің білім беру жүйесіндегі тұңғыш кәсіби оқу орны.

П.Чайковский атындағы музыкалық колледж 9000 түлектің тұсауын кескен

Сондықтан болар Абай атындағы Опера және балет театрында өткен концертке қарашаңырақтан түлеп ұшқан өнер майталмандары мен ұстаздар түгел жиналды. Мерейтойын атап өтіп отырған бұл оқу орнында Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидилер сабақ берсе, Шабал Бейсекова,  Ермек Серкебаев, Сыдық Мұхаметжанов, Бақытжан Байқадамов, Әлібек Дінішев, Ғазиза Жұбанова, Құддыс Қожамияров, Нұрғиса Тілендиев, Кеңес Дүйсекеев, Нағима Есқалиева секілді есімі елге танымал өнер тарландары тәлім алып шыққан. Бүгінде колледж аталып отырған еліміздің ең байырғы музыкалық оқу ордасынан сегіз КСРО халық әртісінің, 60-тан артық Қазақстанның халық әртісі мен еңбек сіңірген қайраткерлердің қанаттанып ұшқанын әрбір шәкірт мақтанышпен айтады. 85 жыл ішінде оқу орнын 9000-нан астам түлек бітірген.

Ғасырға қарай қадам жасап келе жатқан колледж бұл мерекесіне үлкен дайындықпен келді. Дүниежүзілік классикалық музыканың аса ірі өкілі саналатын П.Чайковский атындағы оқу орнының шығармашылық ұжымының Мәскеу қаласында жеке концерт беріп қайтуы – оқу орны үшін жылдың ең маңызды оқиғасы болды. Колледждің ауласына есімін иеленіп отырған ұлы композитордың ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ П.Чайковский атындағы колледж көптеген музыкалық байқаулар мен бәйгелердің ұйымдастырушысы ретінде де белгілі. Тек биылғы жылы ғана қазақ өнерінің көрнекті өкілдері Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы халықаралық конкурс, «Көшпенділер әуені» атты жас орындаушылардың республикалық байқауы, «Жас талант», «Almaty International Piano Festival» секілді музыкалық орта үшін маңызы жоғары бес бірдей бәйге өткізілді.

Колледж директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасан­­ғалиев: «85 жылдық тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш музыкалық оқу орнының ұлттық өнерге қосып келе жатқан үлесі зор. Биік белестерді бағындырып, қазақ өнерінің мақтанышына айналған қадірлі тұлғаларымыздың көпшілігі осы шаңыраққа қарыздар деп ойлаймын. Олардың жолын қуып, ізін басып, өкшелеп келе жатқан жас өнерпаздарымыз  ертеңгі күні аға-апалары шыққан биіктен көрінетіні сөзсіз», дейді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туған күнін атап өтіп отырған колледждің бірқатар білікті ұстаздарына Мәдениет және спорт министрлігінің марапаты мен Алматы қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Музыка мерекесі іспетті ұйымдастырылған мерейтойлық концертте колледжде білім алып жатқан дарынды шәкірттер мен оларды баулып отырған оқытушылар, сондай-ақ симфониялық және ұлттық оркестр ұжымы өнер көрсетті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ