Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Сот тілі қазақша сөйлемей тұр...

799 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысы хан­дар қосын тік­кен, сал-серілері сауық құрған, батыр­лары ерлік көр­сеткен қа­сиетті мекен саналады. Алай­да ке­ңестік жүйенің ық­палымен өңірде жергілікті тұр­ғындар арасына сы­на қағылып, ана тілдерін ұмыттыруға үлкен күш салынғаны белгілі. Соның салдары бүгінгі күнге дейін жалғасып ке­леді. Тек соңғы жыл­­дары ғана, онда да облысымызда қандас бауыр­ларымыз санының арта бастауымен қазақ тіліне деген көзқарас біртіндеп жақсара түскендігін көріп отырмыз. Соның бір дәлелі – Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.Әміровтің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілдің сот төрелігі саласындағы кеңістіктері мен кедергілері» тақырыбында өткізген дөңгелек үстелі.

Сот тілі қазақша сөйлемей тұр...

Аталған шараны өткізудегі басты мақсат – ана тіліміздің қол­данылу аясын кеңейтіп, қо­ғам­ның әрі қарайғы даму­ына негіз қалау. Тіпті ол үшін белгілі тіл жанашыры, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың рес­пуб­ликалық үйлестіру-әдіс­темелік орталығы ди­­рек­торының орынбасары Ораз­­­күл Асанғазыны арнайы ша­қыртыпты. Сондай-ақ шараға Ақ­мо­ла облысы әкімдігінің, құ­қық қорғау органдарының, мем­лекеттік мекемелер мен адво­каттар алқасының өкілдері қа­тысты. Алдымен сөз алған Ақ­мола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров бірқатар жайттардың басын ашып берді. Төраға бұл ретте Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ко­дексінің 738-бабына сүйене оты­рып, іс жүргізу мемлекеттік, ал қажет болған жағдайда орыс не­месе өзге тілдер мемлекеттік тіл­­мен тең қолданылатындығын тіл­­ге тиек ете кетті. Алайда әлі күн­­ге дейін құжаттар орыс тілін­де әзірленіп, қажет деп тапқан жағ­­­дайда ғана қазақ тіліне ау­да­ры­­лады екен.

Келтірілген деректерге сүй­ен­сек, 2017 жылдың 11 айында 15424 әкімшілік іс келіп түс­­се, соның тек 943-і ғана қазақ тілін­де. Онда да соттың уәж­ді қау­­лысымен істердің 98-і қа­зақ тіліне ауыстырылып­ты. Өл­шем­дік көрсеткіш бойынша не­бә­рі 6,7 пайызды құрайтын бұл жа­йт арыз­дардың орыс тілінде түсуі­мен түсіндіріледі. Д. Әміров реті кел­генде арызды орыс тілінде бер­ген азаматтың өзі сот процесі б­арысында аудармашы талап етіп тұратындығын көлденең тартты. Өйткені арызданушы заңгерге жү­гінеді, ал олар арызды орыс ті­лінде жазып беретін көрінеді. Қа­­лай дегенмен де өңірде мем­ле­кеттік тілдің қолданылу аясы әлі де кеңеймей тұр. Оған мысал, 2017 жылдың 11 айы ішінде Ақ­мола облысының соттарына түс­кен 2213 қылмыстық істің тек 64-і немесе 2,9 пайы­зы ғана мем­лекеттік тілде екен. Ескерте ке­тер бір жайт, соның 873-інде қыл­мысқа тартылғандар қазақ ұл­ты­нан.

Жалпы, облыс бойынша 92865 іс пен материалдардың 2652-і немесе 2,9 пайызы ға­на қазақ тілінде қаралыпты. 2016 жылы бұл көрсеткіш тіпті, 1,4 пайызға жетер-жетпес деңгейде еді. Сон­дық­тан да мемлекеттік тілді қа­рым-қаты­нас құралы ретінде ға­на емес, нақты істің тілі етуге, со­н­ың ішінде құқық саласында ке­ңінен қолданылатын жағдайға жеткізуге күш салу көзделініп отыр. Алайда әлі күнге өзі қазақ ұл­ты­нан бола тұра осы тілде іс­ті жүргізе алмайтын судьялар да баршылық екені айтылмай қалмады. Орайы келгенде 2018 жылы судьялар мен мемлекеттік қызметшілер «Қазтест» арқылы тест тапсыратындығын қаперге сала кеткен орынды. Судья лауа­зымына кандидаттардың мем­ле­кеттік тілді еркін меңгер­ген­ді­гін анықтау қажет екендігін уа­қыттың өзі көрсетіп берді. Қазірдің өзінде еліміз соттарында судьялардың 75 пайы-
зы мемлекеттік тілді еркін мең­герген және сот төрелігін осы тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар екен. Өкінішке қарай, тиісті талап болмаған соң Ақмола облысындағы мемлекеттік меке­ме­лер тарапынан тілге деген сел­қостық әлі де байқалып отыр. Тек үс­тіміздегі жылдың 11 айындағы көр­сет­кішті алар болсақ, мем­лекеттік мекемелерден 9734 талап-арыз түссе, солардың бар болғаны 671-і немесе 6,9 пайызы ғана мем­лекеттік тілде жазылыпты. Облыс­тық сот қабырғасында дөңгелек үстелдің өткізілуінің бір ұшы да осыған келіп тіреледі.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»