06 Ақпан, 2010

САЛАҒА САЛМАҚТЫ КӨЗҚАРАС

1278 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Парламент Сенатында палата төрағасының орынбасары Мұхам­бет Көпеевтің қатысуымен “Көк­темгі егіс жұмыстарын қар­жылан­дыру және агроөнеркәсіптік ке­шен­ді дамытудың басым бағыт­та­рын субсидиялау мәселелері” тақы­рыбына арналған үкіметтік сағат отырысы болды, деп хабар­лады осы палатаның баспасөз қызметі. Аграрлық мәселелер және қорша­ған ортаны қорғау комитеті ұйымдастырған бұл шараға Сенат депутаттары, Президент Әкім­шілігі, Үкімет өкілдері, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, “Қаз­Агро” ұлттық холдингі” АҚ басшы­лары қатысты. Үкіметтік сағат отырысын аш­қан Сенат Төрағасының орын­басары Мұхамбет Көпеев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндет­терге тоқтала келіп, талқылауға ұсы­ныл­ған мәселелердің көкей­кестілігін атап өтті. М.Көпеевтің айтуынша, агро­өнеркәсіп кешенін дамыту үшін қажетті құ­қықтық база қа­лып­тасты, мемлекет­тік қолдау шаралары агроөнәр­кәсіп ке­шенін нығайта тү­сіп, оның ор­нықты да­муы үшін се­нім­ді тұ­ғыр бо­лып отыр. “Соңғы тоғыз жыл аралығын­да республикалық бюджеттің агро­өнер­­кәсіптік кешенін дамытуға 790 мил­лиард теңге, ал жергілікті бюджет­тер­ден 250 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл – орасан зор қара­жат”, – деп атап өтті Төраға орын­басары. М.Көпеев агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту саласында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға, отандық рынокты өз өнімдерімізбен тол­тыруға ықпал ететін жаңа қадамдар мен инновациялық технологиялар енгізу керектігін атап өтті. Осыған байланысты Төраға орынбасары 2014 жылы агро­өнеркәсіп кешенінің өнімділігі екі есе өсуге, ішкі рынокта азық-түлік тауарлары 80 пайызға қамтамасыз етілуге, экспорттық әлеует 2015 жылы 4 пайыздан 8 пайызға дейін ұлғаюы тиіс екенін еске салды. Отырыста көктемгі егіс жұмыс-тарын уақытында қаржыландыру және агроөнеркәсіп кешенінің басым салаларын субсидиялау үшін қабылданған шаралар туралы Ауыл шаруашылығы министрі А.Кү­рішбаев пен “ҚазАгро” ұлттық холдингі” АҚ басқарма басшысы А.Мамытбеков баяндады. Үкіметтік сағаттағы сала бас­шы­ларының есебі барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілерді қолдау шараларына, несие ресурстарымен уақытында қамта­масыз ету, төмен бағалы жанар-жағар майға қол жеткізуге қатысты депутат­тар қойған сауалдарға жауап берілді. ХАЛЫҚ ӨКІЛДІГІН НЫҒАЙТА ТҮСУ ЖОЛЫНДА Ермек ЖҰМАБАЕВ, Парламент Сенатындағы “Өңір” депутаттық тобының жетекшісі, Заңдылықты сақтау және құқықтық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі. Парламент Сенатын­дағы “Өңір” депутаттық то­бының міндеті – жергі­лікті өкілді органдармен байланыса отырып, өңір­лер­дің дамуына ықпал ету. Жергілікті өкілді органдар­дың іс-қимылдары мен олардың конституциялық өкілдіктерін атқару барысында құқықтық нормаларды қолдану проблемаларын зерделеу және заңдылықтарды қолдануда бірізді ұсыныстар жасау мақсатымен “Өңір” депутаттық тобы барлық облыстардың және Астана мен Алматы қалалары мәслихаттарының жұмыстарын саралап шықты. Оның қорытындысы депутаттық топтың жуырда болған отырысында жария етілді. Қазіргі кезде біздің елімізде әртүрлі деңгейдегі 213 мәслихат бар болса, соның 16-сы облыстық және Аста­на мен Алматы қалалық, 37-сі қалалық және 160-ы аудандық мәслихаттар. Біздің еліміз өзінің даму бағы­тында орталық және жергілікті билік органдарының өкілдігін шектеу, яғни орталық пен жергілікті билік өкілдігін бөлу, сондай-ақ атқарушы билік вертикалы­ның ішінде орталықсыз­дандыру қағидатын ұстанады. Сондықтан да жергілікті өкілді орган жұмысының тиімді болмағына үлкен көңіл бөлінеді. Мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының құрылымын рефор­малауда үстіміздегі жылдың ақпан айында қабылданған “Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы” Заңның қабылданғаны мол мүм­кі­ндік бергенін айта кетуге тиіспіз. Бүгінгі күні жергі­лікті өзін-өзі басқару осы заң­ға сүйенген жергілікті қауымдастық мүшелері сон­дай-ақ, мәслихаттар арқылы жүзеге асырылады. Биліктің жалпы жүйесінің бір элементі ретінде мәсли­хаттардың іс-әрекеті жуықта ғана дами бастағанымен, оның өзіндік тәжірибесі, құқықтық базасының негіз­дері қала­нып үлгерді. Ең бастысы –қоғамдық санада өрке­ниетті демократиялық принциптің, яғни билікте халық өкілдігінің дамып келе жатқаны туралы идея қалыптасты. Қазір біздің еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихат­тар депутаттарының саны – 550 адам. Облыстық мәслихаттар депутаттары арасында ең көбі 50 адамдық Оңтүстік Қазақстан облысынікі, ал ең азы 25 адамдық Маңғыстау облысынікі. Мәслихат депутаттарының түгелге жуығында жоғары білім бар. Соның ішінде Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары мәслихаттары депутаттары 100 пайыз жоға­ры білімді адамдар. Сондай-ақ, 74 депутаттың ғылыми дәрежесі бар. Мәслихаттардың іс-тәжірибесін зерделеу барысында олардың депутаттық сауалдар жолдау белсенділіктері де қарастырылды. Бұл белсенділік барлық мәслихаттарда бірдей болмай шықты, соның ішінде ең көбінікі 952 болса, ең азынікі 20 сауал ғана екен. Осының өзі депутаттық сауалға деген түсініктің әрқилылығын көрсетеді. Кейбір мәслихаттарда жазба­ша жазылған барлық сұрақтарды депутаттық сауал деп қабылдаса, кейбірінде тек тиісті сессияда қаралып, сол бойынша шешім қабылданған сұрақтарды ғана сауалға жатқызады. Ал “Қазақстан Республикасындағы жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға сәйкес, мәслихат депутаты органның құзірет­тілігіне байланысты әкімге, аумақтық сайлау комис­сиясының төрағасы мен мүшелеріне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға сауал жолдауға құқылы екені белгілі. Сонымен бірге, осы заңның 19-бабына сәйкес, ресми түрдегі депутаттық сауалды жолдаудың міндетті шарты оның мәслихаттың сессиясында жарияланып және ол туралы шешім қабылдануы болып табылады. Мәслихаттың шешімін орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын немесе ұйымдарды жауапкершілікке тарту туралы тиісті органдарға ұсыныс беру тәжірибесі Алматы қалалық мәслихаты мен Жамбыл облыстық мәслихатында ғана көрініс берген. Соның ішінде Алматы қалалық мәслихаты 32 ұсыныс жасаған. Осы мәслихат аппаратының ақпарына қарағанда, көптеген ұсыныстар тексеру комиссиясы актілерінің негізінде жасалған. Алматы және басқа да облыстардың Конституцияға және Қазақстан Республикасының заңдарына қарсы келетін бірде-бір шешім қабылдамағанын оң тәжірибе деп айта кету керек. Жариялы талқылау Астана қаласы, Алматы мен Қызылорда облыстық мәслихаттарында жүргізілген. Бірақ кейбір жариялы талқылаулар мен тұрақты комиссиялардың отырысы арасындағы айырмашылықтар көрінбей кеткен. Жоғарыда айтылған “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңға сәйкес, жариялы талқылауға күн тәртібіне шығарылып, өткізу формасы мен қатысушылары анықталған мәселелер ғана жатқызылады. Аса маңызды және айтарлықтай қоғамдық сипаты бар мәселелерді тұрақты комиссия­лардың депутаттардың, атқарушы билік өкілдерінің, жергілікті өзін-өзі басқару, БАҚ өкілдерінің қатысуымен болатын кеңейтілген отырыста талқылауы жариялы талқылауға жатқызылады. Мәслихаттардың облыс, қала және аудан әкімдері­мен өзара іс-әрекеттерін саралай келіп, олардың арасында ешқандай келіспеушілік жоқ екендігі анықталды. Мәслихат ұйымдарының әрекеттері бойынша жүргізілген сараптың қорытындысына қарағанда, тұрақты комиссиялардың мүшелері екіден алты адамға дейін, ал тексеру комиссияларының мүшелері үштен он бір адамға дейін өзгеріп отырғаны анықталды. Алматы қаласы мәслихатының аумақтық нышан бойынша депутаттық топтар құру тәжірибесі қызығушылық тудырды және осы тәжірибенің одан әрі өріс алғанын қалар едік. Жалпы айтқанда, мәслихаттардың жұмысы депутаттық корпустың конституциялық өкілеттіктерін іске асырудағы белсенділіктері жоғары екендігін көрсетті. Елімізде азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту бағытында аса қажетті әлеуеттің қалыптасқаны көрініп отыр, соның ішінде жергілікті өкілді органдардың айрықша рөлін айта кету керек. Және аймақтық мүдделерді қорғау ісі олардың ең басты міндеті болмағы да заңдылық. МАҚСАТ АЙҚЫН, БАҒДАР АНЫҚ Парламент Мәжілісіндегі “Жаңа Қазақстан” депутаттық то­бы­ның кезектен тыс басқосуы бол­ды, деп хабарлады осы палата­ның баспасөз қызметі. Топ жетек­шісі Қай­рат Сәдуақасов “Бұл бас­қосуы­мыз өткен аптада Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан халқына жасаған Жол­дауына қатысты болып отыр. Оның атының өзі “Жаңа онжыл­дық жаңа экономи­калық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндік­тері”, деп аталып, айқын мақсат, анық бағдар беріп отыр. Халық­аралық сарап­шылар “Бұл Жолдау Н.Назарбаев­тың нық үш қадамы­ның бірі”, деп бағалады. Біздер Елбасының ал­ғаш­қы қадамынан бері жанында болып, қолдап келеміз. Енді ха­лық қалаулылары аймақтарға шығып, елмен кездесіп осы Жол­дауды түсіндірмекпіз”, – деді. Топ жетекшісінің сөзін депу­тат Валерий Вишниченко жалғас­тырып, биылғы Жолдаудың Қазақ­стан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді бастаған жыл­дағы маңызына тоқталып, бұл Елбасының тәуел­сіздіктен бері қа­рай­ғы он төртінші рет жасап отыр­ған Жолдауы екенін нақтылады. Депутаттар Р.Халмұрадов, Л.Хочие­ва, О.Дымов өз сөзде­рінде барыс жылында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылға­нына 15  жыл,  Ұлы Отан соғысындағы Же­ңіс­ке 65 жыл толатынын еске алып, алда тұрған халықпен жүз­десу­лерде айты­латын мәселелерге тоқталды. МАГИСТРАНТТАР МЕН ДОКТОРАНТТАР Оларды дайындауды көбейту қажет Қылышбай БИСЕНОВ, Мәжіліс депутаты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің ғылыми технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы орайда ғылым жүйесін дамытудың, яғни бәсеке­ге қабілетті экономикаға қолайлы жағдайлар жасау, индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында алға қойған мақсаттарға жетудің маңызы зор. Ал бұл ғы­лыми мамандардың әлеуеті арқа­сында жүзеге асатыны баршамыз­ға аян. Өкінішке қарай, бүгінгі күні жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар ғылыми мамандарды даярлау деңгейі оларға деген қа­жет­тілікті қанағаттандыра алмай отыр. Оның үстіне жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында қызмет атқара­тын ғалымдар мен ғылыми атағы бар оқытушылардың жас мөлшері ұлғайып, жас ғалымдар қатары­ның жетіспеушілігі байқалуда. Мәселен, 50 және одан жоғары жастағы докторлар құрамы 86%, болса, 40 жасқа дейінгі ғылым кандидаттарының саны 21%-ды ғана құрайды. 2007-2010 жылдар аралығында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік білім беру тап­сырысы қажетті деңгейде ұлғай­тылып отырған жоқ. Қазақ­стан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы шеңберінде іске асырыла­тын жобаларға қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда магистр­лерге деген қажеттілік 11 798-ді, PhD докторларға 2 678-ді құрайды. Осы айтылғандар негізінде бүгінгі күні мемлекеттік білім тап­сырысын магистратура бойын­ша 5000-ға дейін, ал PhD докто­ран­турасы бойынша 2500 орынға дейін көбейту қажеттілігі туындауда. Сондықтан, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыратын мамандар даярлау жоспарын әзірлеу барысында тиісті толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін. ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбековтің жетек­шілігінде отырыс өткізілді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Жанат Жарасов “Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына мүше мемлекет­тердің терроризмге қарсы бірлес­кен оқу-жаттығуларын ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау тура­лы” заңның жобасын таныс­тырды. Келісімге 2008 жылы Душанбе қаласында өткен саммитте қол қойылған. Аталған халықаралық шарт оқу-жаттығулар өткізу үшін құқықтық негіз болып табылады. Қабылдаушы жақтың кедендік және визалық ресімдеуге, оқу-жаттығуға қатысушылардың қоз­ға­лысы мен оларға тиісті жағдай жасауға байланысты міндеттері көрсетілген. Осы шараларды өткі­зу тәжірибесі 2006 жылдан бар. Сол кезде Өзбекстан, сонымен қа­тар, Қазақстан мен Қытай аумақ­тарында өткен. Содан кейін оқу-жаттығу әр жылдық кезеңге көшіп, 2007 жылдан бастап Қыр­ғызстан, Ресей және Тәжікстанда өткізілді. Бұл құжатты бүгінге дейін Ресей мен Қырғызстан ратифика­циялаған. Заң жобасын комитет мүшелері бірауыздан қолдады. Сонымен бірге, осы отырыста Экономика және бюджеттік жос­парлау министрлігінің жауапты хатшысы Д.Шәженова “Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы” заң жоба­сымен таныстырып, “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Инвести­цияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратифи­кациялау туралы” маңызды халықаралық заң жобасы да қаралды. ЕҢ ҚЫМБАТЫ – АДАМ ӨМІРІ Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері “Өрт қауіпсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылады. Заң жобасы бойынша баянда­ма жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың мәлімдеуінше, заң жобасын қа­был­даудың мақсаты халықты, заңды тұлғалар мен жеке кәсіп­кер­лердің мүлкін олардың қауіп­сіздігінің жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау ор­гандарымен қатар, тәуелсіз сарап­шы ұйымдарды қосу арқы­лы қорғау деңгейін арттыру, сон­дай-ақ мемлекеттік өртке қарсы бақылау органдары жүзеге асыра­тын тексерулер санын қысқарту есебінен қорғау объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту бо­лып табылады. Әрі оларға мүм­кін­діктер жасап, әрі штаттық инс­трукторларды көбейтпей бюджет шығынын да азайтады. “Жалпы, біздің қоғамға ең қымбатымыз – адам өмірі екені туралы түсінікті қалыптастыруы­мыз керек!”, – дейді министр. Ал, депутат Айткүл Самақова болса, “Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тілсіз жаудың жанымызда жүргенін насихат­тайық, Үкімет қаржы бөлсін”, – деді. Білім және ғылым министрлігі оқу жылының басында тұңғыш рет тілсіз жауға қарсы интерак­тивтік сабақ жүргізген, Төтенше жағдайлар министрлігі болса, ай сайын журнал шығарып насиха­тын күшейтіп жатыр. Комитет мүшелері талқылай келе, заң жобасын бірінші оқы­лым­да мақұлдауға болады деп есептеді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. Айтайын дегенім... БАЛАБАҚША ҮШІН ҚАЙТА ЖАБДЫҚТАЛСА ИГІ Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Мәжіліс депутаты. Менің атыма Бейнеу аудандық және Маңғыстау облыстық мәслихатының 14 депутаты қол қойған хат келіп түсті. Онда Бейнеудегі Шекара бақылау отряды, яғни №2095 әскери бөлімі уақытша орналасқан екі қабатты ғимаратты балабақша етіп қайта жабдықтау туралы мәселе көтеріл­ген. Жергілікті депутаттар шекарашыларды жақында №2087 әскери бөлімі босатқан ғимаратқа көшіру туралы ұсыныс беріп отыр. Бейнеу ауылындағы шекарашылар орналасқан екі қабатты жатақхана ғимаратын балабақша етіп қайта жасақтау туралы Бейнеу ауданының әкімдігі шешім де қабылдаған. Жалпы, шекарашыларды Бейнеу ауылынан шекараға жақын Тәжен бекетіне көшіру туралы мәселе Үкімет деңгейінде көптен көтеріліп келеді, бұл мәселемен Үкіметтің тиісті құрылымдары айналысуда екенінен хабардармыз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев балабақшалар үшін мүмкіншіліктер қарас­тыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан мәслихат депутаттарының аталған ғимаратты балабақшаға лайықтап қайта жарақтау туралы ұсынысының шешілу мүмкіндіктері қарастырылса, нұр үстіне нұр болмақ. ЖАСТАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР арасындағы қылмыс етек алып бара жатқандай Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Мәжіліс депутаты. “Жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен моральдық-психоло­гиялық жағдайы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соған қарамастан, жастар арасындағы бұзақылық пен қылмыстың көбейіп отырғаны алаңдаушылық туғызады. Мектеп оқушылары мен студенттердің түрлі қылмысқа барып жатқан оқиғалары туралы жиі естиміз. Жастар арасындағы нашақорлық пен спирттік ішімдіктерге әуестік те артып отырған сыңайлы. Ал бұл жағдай туралы әр ведомствоның ақпараты әр түрлі, тіпті кереғар деуге болады. Мәселен, Ішкі істер минис­трлігінің “Қазақстан Республи­касында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық­тардың, қадағалаусыздықтың және панасыз қалудың алдын алу жөніндегі 2008-2009 жылдарға арналған жоспарын іске асыру бойынша берген ақпаратында” соңғы үш жыл ішінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4-5 пайызға кеміп келеді делінген. Оған қоса, жалпы республикалық жағдайға талдау жасалып, кейбір облыстарда, атап айтқанда, Маңғыстау облысында осындай қылмыстар – 44,1 пайызға, Ал­маты облысында – 10,9, Жамбыл облысында – 23,2 және Оңтүстік Қазақстан облысында 8,9 пайызға артқаны айтылады. Ал Оңтүстік Қазақстан облыс­тық прокуратурасы мынандай мәлімет таратты: “Ресми деректер бойынша Оңтүстік Қазақстан об­облысында былтыр кәмелетке толма­ған жасөспірімдер қолымен жасал­ған қылмыс күрт өскен. Оның ішінде есірткіге байланысты қылмыс 40 пайызға, кісі тонау 54 пайызға, көлік ұрлау 87,5 пайызға артқан. Осы уақыт ішінде 261 кәмелетке толмаған қыз жасанды түсік жасатып, 53 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған” Бұл – есепке алынған ресми деректер. Ал шын мәніндегі жағдай бұдан әлдеқайда күрделі деп пайымдауға болады. Осыған қарап отырып, 8,9 пайызға артқан Оңтүстік Қазақ­стан­ның жағдайы осындай болса, 44,1 пайызға артқан Маңғыстау облысындағы жағдайы елестетудің өзі қорқынышты. Бүгінгі басылым беттері мен интернет сайттарын қарап отыр­саңыз, мектеп оқушыларының өзі, оның ішінде қыз балалар қару алып жүретін болған. Пышақтап кету, атып кету дегенге құлағымыз үйрене бастады. Осыған байланысты мынандай сұрақтар туындайды: Біріншіден, қыруар қаржы бөлініп, мектептер­дегі арнайы жасақталған инспек­торлар, учаскелік тәртіп сақшы­лары қайда қарап отыр, олардың жұмысының нәтижесін кім бақы­лайды және жоғарыда аталған қыл­мыстар мен тәртіп бұзушылықтарға олардың жауапкершілігін артты­рудың қандай тетіктері жасалған? Екіншіден, Білім және ғылым министрлігі, оның жастар саясаты және тәрбие ісі жөніндегі депар­таменті немен айналысады, осы уақытқа дейін жастар тәрбиесін жақ­сарту жөнінде не істелді? Үшіншіден, жалпы алғанда, еліміз бойынша кәмелетке толмаған жас­тар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс жағдайы қандай және оның алдын алу үшін не істеліп жатыр? Төртіншіден, Білім және ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа органдар арасында ведомствоаралаық қандай шаралар немесе жоспарлар жүзеге асырылуда және нәтижесі қандай? Және ең соңғысы, бұл жерде ең алдымен ата-аналардың жауап­кершілігін арттыру қажет. Сауалы мен жауабы ШЕТЕЛДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН шөптік қоспаларға біздің елімізде де тосқауыл қойылуы тиіс Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов Республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Онда: “2009 жылдың 28 қазанында арнайы “шөптік микстер” еркін сауда айналымында жүр­ген­дігі туралы депутаттық сауалмен Қазақстан Респуб­ликасының Бас прокуратурасына және Қазақстан Рес­публикасының денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген болатынмын. Тиісінше келген жауапқа сәйкес, біздің елімізде бұл заттар есірткі заттарына жатқызылмағаны және тыйым салынбағаны туралы ақпарат алынды. Ал көршіміз Ресей бүгінде “шөптік микстерді” әсер ету күші басқа есірткі заттарынан кем емес, халық са­на­сын улайтын үлкен қауіп деп дабыл қағып отыр. Өйткені, көрші елдің 20-ға жуық өңірінде бұл қоспаны сату мен пайдалану шекті жағдайға жетіп, әсіресе, жас­тардың бұған әуес болып, мастануы кеңінен тарап кеткен. Ресей өткен жылдың сәуір айынан бері бұл “шөптік микстердің” еркін сауда айналымына қатаң қадағалау орнатып, есірткі заттар қатарына жатқызу туралы мәселені қарастырып жатыр, бұл туралы Ресей үкіметі арнайы заң жобасын дайындаған. Қораптағы қазақ тіліндегі жазбаларға сенсек, шөп микстері адам тәнін емес, жанын “емдейді”. Бір қарағанда, қарапайым шөптік дәрілер іспеттес көрінетін қоспалар әсері марихуа­надан да ұзақ және қатты әсер беретінін бүгінде осы көрші еліміздің мамандары дәлелдеп отыр. Бұл “шөптік қоспалардың” кері әсерін түсінген Ұлыбри­та­ния, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жа­пония, АҚШ және тағы сол сияқты әлемнің дамыған елдері бұл затты пайдалануға мүлдем тыйым салған. Оның өзіндік себебі де бар. Себебі, бұл тәуелділікті алып келетін, пайдаланған кезде адамды есінен айыра­тын, өз әрекетіне жауап бере алмайтын халге жеткі­зетін, жалпы айтқанда, есірткі затын пайдала­нудың салдары алып келетін нәтижеге жеткізетін қоспа заттар. Олай болса біз неге оны еркін саудалауға жол беріп отырмыз? Аталған “шөптік қоспаның” ғылыми сарапта­масын жүргізіп, оның құрамындағы адамға кері әсер етуші заттарды әсер ету дәрежесіне сай есірткі заттар қатарына жатқызу туралы ресми қорытынды беру керк. Осыған сәйкес, аталған шөптік “микстерді” есірткі және психотроптық зат тектестер немесе құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер қатарына енгізу мақса­тында “Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайда­ланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы” Заңмен бекітілген арнайы тізімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін”, делінеді.