Халықаралық, республикалық айтыстарда жұлдыздай жарқырап, жауқазын жырларымен енді танылып келе жатқан шағында жол апатынан көз жұмды. Оның журналистика саласына қосқан еңбегі де қыруар. Жуырда жас талант білім алған Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде оның атында дәрісхана ашылып, тұсаукесер рәсімге туған-туыстары, өнерсүйер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дәрісхананың тұсауын облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мен марқұмның туған сіңлісі Айман Тельманқызы кесіп, ол туралы тағылымды естеліктер көптеп айтылды. «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры Жарасбай Сүлейменов, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Дәстен Баймұқанов, колледж директоры Ерлік Жанкелдин, тағы басқалары жас ақынның адамгершілік болмысы, суырыпсалма айтыскерлік ерекшеліктері жайлы сырлар шертті. Мол мұралары жинақ болып жарық көріпті.
Жұртшылық кабинетте өмірбаяны, қызмет жолы, шығармашылығы жайлы топтастырылған стендпен, фотосуреттермен танысты.
Түкпірдегі ауылдан поэзия әлеміне қанат қағып ұшқан ұшқан шынашақтай қыздың ұлттық рухқа, оптимизмге толы кәусәр жырлары мен эсселерін студенттер тебірене оқыды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы