«Қандастарын еліне шақырып жатқан дүниеде үш-ақ мемлекет бар. Соның біреуі – Қазақстан. Бастапқы кездерде біз әдейі сол елдерге барып, жағдайларын сұрап, бірінші Құрылтайды өткіздік. Ұлы көшті бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз келді. Олардан өсіп жатқан ұрпақтар одан да көп. Көш тоқтаған жоқ. Ешқашан да тоқтатпаймыз. Ешкімге қарсылығымыз жоқ, келем дегендерге есік ашық. Әсіресе жастар оқуға түсіп, барлығы қалып жатыр. Артынан үлкендері де келіп қосылуда. Оны біз біліп отырмыз. Ол үшін қуаныштымыз. Шетелде әлі де 4 мнл-нан аса қандасымыз бар», деді Президент оларды қолдауға әрбір қазақстандық мүдделі екенін жеткізді.
«Біздің қазақстандықтар, қалталы азаматтар қандастарымызды қабылдауға жақын болуы керек. Оларға көмектесу үшін арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беріп, жұмысқа орналасуға, баспана салуға көмектесу керек. Шақырып соған бәріміз мүдделі болуымыз тиіс. Бұл бізге қажет», деді Елбасы.
Айта кетейік, сұхбат барысында Қазақстан Президенті Астанада өткен «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, журналистерге бұл іс-шара ел экономикасына мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін айтты. Еңбек миграциясы, «жасыл» экономика қағидаттарын енгізу және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды.Сондай-ақ, Елбасы қоғамдық сананы жаңғыртудың және қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығын атап өтіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың нәтижелері жөнінде ой бөлісті.