Президент • 25 Желтоқсан, 2017

Елбасы: Латын әліпбиін толық енгізуге әлі уақыт бар

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев жыл қорытындысы бойынша отандық медиа өкілдерімен кездесті. Сұхбаттың телевизиялық нұсқасы "Хабар" телеарнасынан көрсетілуде. 

Елбасы: Латын әліпбиін толық енгізуге әлі уақыт бар

Сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан" телеарнасының тілшісі Мұхтар Түменбаевтың "Қазіргі қоғамда белгілі бір қозғау болуы керек, қоғамдық сана өзгеруі керек. Сіздің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламаңызда осыған жетудің біршама жолдары көрсетілген.  Сол бағдарламы жүзеге асыру үшін құрылған ұлттық комиссияның жұмысына көңіліңіз тола ма?" деген сұрағына жауап берді. 

"Біз бағдарламаны биыл ғана жарияладық. Яғни, оның шыққанына көп уақыт болған жоқ. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін тиісті заңдар қабылдадық, ұсыныстар енгіздік. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдыға қойған мақсаттардың ішінде ең бірінші орында латын әрпіне көшеміз деген мәселе тұр. Оны бүкіл халық болып талқылап, барлық зиялы қауымның, тіл ғалымдарының пікірін, елдің ойын тыңдадық. Жан-жақты қарастырып, бір шешімге келдік. Маған әліпбидің ең соңғы нұсқасы таныстырылды. Мен соны бекіттім. Бірақ латын әліпбиін толықтай енгізуге әлі уақыт бар. 

Мен қоғамда түрлі пікірлердің бар екенін білемін. Кейбірі әріптердің үстіндегі үтірдің дұрыс еместігін, кейбірі бірнеше қаріптен жасау керектігін айтып жатыр. Түркітілдес ағайындардың нұсқасына өтейік деген пікір де жоқ емес. Менің ойымша, латын қарпі компьютерлік нұсқаға сай болуы керек. Компьютермен жұмыс істеуге қиындық тудырмайтындай жағдай жасау керек. Сондықтан мен қазіргі нұсқаны дұрыс деп санаймын", - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.