Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Президент 2025 жылға қарай мектеп түлектері үш тілге жетік болатынын айтты

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылға қарай мектеп түлектері үш тілге жетік болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жыл қорытындысы бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде айтты.

Президент 2025 жылға қарай мектеп түлектері үш тілге жетік болатынын айтты

«Бізде қазіргі кезде бірінші сыныпта үш тілде оқытылуда. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім алуда. Ал 2025 жылға қарай мектеп түлектері үш тілге жетік болады. Әрине, әңгімелесу деңгейінде үш тілді меңгерген және жұмыс істеуге қабілетті болады. Сол сияқты алдағы уақытта біз латын таңбасына негізделген әліпбиімізді қабылдасақ, болашақта балаларымыз үшін ағылшын тілін үйрену мүмкіндіктері арта түседі», деді Президент.

Мемлекет басшысы сондықтан бұл мәселені неге, қалай деген сұрақтарды доғарып жаппай кірісе беруіміз керек деген пікірін білдірді.

«Ең бастысы айқын мақсатымыз бар ғой. Халықтың көпшілігі 95 пайыздан астамы қолдады. Оның үстіне бізде бірінші сыныптан бастап балаларымыз үш тілде оқитын болады. Бұрынырақта айтқанымдай, 2025 жылға қарай мектеп түлектерінің барлығы да үш тілге жетік болады. Ал енді алғашқы сыныптан бастап мектепте ағылшын тілін оқытатын болса, ол қай тілде болмақ? Әрине, латын таңбасына негізделген төл әліпбиімізбен жеңіл әрі тез меңгеретіндігі сөзсіз. Демек, бұл бастама балаларымыз үшін бұл қиындық туғызбайды деп санаймын», деді Н.Назарбаев.