«Латын әліпбиіне көшу туралы Тәуелсіздік алған күндердің басынан бастап айтып келе жатырмыз. Нағыз тәуелсіздік – тілдің де тәуелсіздігі. Оның ар жағында жатқан астары сол», деген Президент латын әліпбиіне көшудің төрт артықшылығын атап өтті.
«Оның бер жағында бүкіл дүниенің 70 пайызы сол әліпбимен жұмыс істейді. Ғылымның, технологияның, интернеттің тілі. Екіншіден, сіз – журналистер менен де жақсы білесіздер, бұл әліпбидің өзіміздің қазақтың тіліне қанша пайда әкелетінін. Кириллицаның ішінде бізге керек емес тілімізді бұрғызып, қисайтатын неше түрлі әріптер бар. Біздің қалыпқа келмейтін, ол жағын да ойлау керек. үшіншіден, біз өркениетті 30 елдің қатарына түсеміз десек соларменен бірге болуымыз керек қой. Ақырғысы, қазақтың тілін басқа жұрттар үйрену үшін де бұл әліпбидің пайдасы бар», деді Мемлекет басшысы.
Қорытып айтқанда латын әліпбиіне көшу қазақ үшін, еліміз үшін пайдалы екенін айтқан Елбасы зиялы қауымның бұған дейін жарық көрген туындыларына алаңдамауын тағы да атап өтті.
«Зиялы қауымның біздің шығармаларымыз, кітаптарымыз қайда қалады деп қорыққан жерлері бар. Оны да түсіндірдік. Қазіргі жағдайда графиканы интернет арқылы аудару қиынға соқпайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша неге, қалай деп отырмай енгізуге кірісу керек», деді Президент.