Сұхбат барысында отандық БАҚ өкілдерінің бірі "Түтін алматылықтарға сүйікті қаласын еске түсіргенімен, кейбір қала тұрғындарына мүлдем басқа эмоция туғызатыны белгілі", дей келе Президенттен Астананы газдандыру мәселесі туралы сұрақ қойды.
"Дамып келе жатқан қалаларда, миллиондаған көлік бар қалаларда түтіннің болуы заңды. Әрине, Сарыарқалның сары желі түтінді алып кетеді. Дегенмен, Астананың біз ойлағаннан да, біз күткеннен де жылдам дамып жатқанын ескеру керек. Қаланың өзіндік өмірі, өзіндік тарихы бар. Оны тоқтату қиын. Бұрын Астананың масасын сынады. Аязы туралы да айтылды. Тіпті, Алматы тұрғынының астаналыққа хабарласып, 40 градус аязда қалай өмір сүріп жатқанын сұрағаны туралы әзіл де бар. Астана тұрғыны "Мен кабинетте жұмыс істеймін" деп жауап берген екен", дей келе Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газдандыру күн тәртібінде тұрған мәселе екенін айтты.
"Біз мұнай алатын, газ өндіретін мемлекетпіз. Бірақ ол ол Қазақстанның басқа шетінде. Біз басқа шетіндеміз. Ал Ресей газды Сібірден алып отыр ғой. Сондықтан біз қазіргі таңда газ қазбен қамтамасыз ету мәселесін қарастырудамыз. Бүгінде қазақстандық газды оңтүстік өңірге тарттық. Газды жеткізетін құбыр Қытайға тиесілі. Яғни «Бейнеу-Бозой» құбыры. Сондай-ақ орталықта 4 құбырдың тізбегі бар. Кеңес одағынан пайдаланып келе жатқан құбырлар бар. Барлық құбырларды оңтүстікке өзіміздің газды жіберуге пайдалануға болады. Газ «Қашаған» мен «Теңіз» кен орнында өндіріледі. Ол газ жіберілуде. Газ құбырын Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы өткізіп, Астанаға жеткізіледі. Содан кейін Астанадан Павлодар, Петропавлға газды жеткізу жоспарымыз бар. Жоспарды жүзеге асыратын боламыз. Ол үшін қаражат бар. Әрине, оған уақыт керек. Бізде тек Астананы емес, басқа қалаларды да газға көшіруге мүмкіндіктер бар. Тек уақыт керек. Сонымен қатар қоғамдық көліктерді газға көшіріп, тұрғындарды электр көліктеріне көшіру керек. Жоғарыда аталған жоспады күтпей-ақ біз Астанаға сұйытылған газды жеткізудеміз. Ол тұрмыстық отын ретінде пайдаланады ғой. Біртіндеп қаланы электр қуатымен жүретін көлік құралдарымен қамтамасыз етуге болады. Қоғамдық көлікті газға көшіру қажет. Осы жұмыстарды жүргізу қажет. Мысалы, бізді Алматы қатты алаңдатады. Алматыда электр стансаларын газға, халықты қоғамдық көлікке, электр көліктеріне көшіріп, метроны дамыту керек. Бұл проблема барлық жерде бар. Біз оны шешетін боламыз", деді Президент.
Президенттің айтуынша, Алматы сияқты үлкен қалаларда көлік құралдары ауаны қатты ластайды. Бүгінде осы мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. «Осыған байланысты республика бойынша 3 040 жаңа қоғамдық көлік құрастырылды. Соның жартысы газбен жүреді. Жақында мен Қостанайда болдым. Ол жақта біз отандық электромобильдерді құрастыра бастадық. Міне, дәл осы көліктермен ауасы ластанып жатқан қалаларды қамтамасыз ету керек. Біріншіден, ол - Алматы. Себебі ол жерде xалық та, көлік те көп», - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, 1998 жылға дейін Қазақстанда 700 мың көлік болған. Қазір автомобиль мінетін қазақстандықтардың саны 5 млн-ға жетті. «Осы көліктер қоршаған ортаны ластап жатыр. Сол себепті метро, жеңіл рельсті көлік қатынасы, қоғамдық көліктер, бензинге қойылатын талаптар және тағысын тағы - бұның барлығы экологияны сақтау жолындағы шаралар», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.