Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Елбасы «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының кейінгі қолданысы туралы айтты

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша отандық медиа өкілдеріне сұхбат берді. Кездесуде «ЭКСПО-2017» көрмесі мен оның ел экономикасына қалай әсер еткендігі сөз болып, еңбек миграциясы, «жасыл» экономика, «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларының мән-маңызы айтылды.

Елбасы «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының кейінгі қолданысы туралы айтты

Жиын барысында Елбасы Алматыда өткен 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиада мен «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде ауқымды шараларға жұмсалған шығындар туралы және салған инвестицияның қаншалықты ақталғандығы туралы қойылған журналистің сауалына жауап берді.

«Өздеріңіз білесіздер халықаралық көрменің өтуіне 115 мемлекет ат салысты. Келген қонақтардың саны біз күткеннен екі есеге асып түсті. Барлық қонақ үйлер толды, шағын және орта бизнес жандана түсті. Менің ойымша тұтас бір тамаша жаңа аудан тұрғыздық. Мұның барлығы ел тұрғындары үшін қызмет ете беретін болады. «Нұр-Әлем» сферасы музей ретінде қала береді. Ал бүгінде қалашыққа күніне 600 адам, сенбі-жексенбі күндері 1200-ге жуық адам келеді. Алып мұз айдынында қыс бойы сырғанауға болады», деген Президент Н.Назарбаев көрмеден кейінге қалашықтың одан әрі қарқынды жұмыс істей беретіндігін атады.

«Мұнда халықаралық қаржы орталығы құрылады. Қазақстандықтар  әзірге биржамен, акциямен жұмыс істеуді білмейді. Америкалықтардың 70 пайызы акцияның арқасында қосымша табыс тауып отыр. Қазақстандықтарды акцияға ақша салуды, осы арқылы баюды үйретеміз. Сонымен бірге жасыл технологиялар орталығы, старт-ап өндірісі орталығы мен IT компаниялар келесі жылдан бастап жұмыс істейтін болады», деді Елбасы.