Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Н.Назарбаев: Банктерге берілген ақша кері қайтады

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұзақмерзімді басым мақсаттарға қолжеткізу үшін елдегі қаржылық институттарды қаржыландыру өте орынды. Әрине, банктерге берілген бұл қаражат міндетті түрде кері қайтарылады. Бұл туралы Президент Н.Назарбаев БАҚ өкілдерімен болған сұхбатта айтты.

Н.Назарбаев: Банктерге берілген ақша кері қайтады

«Әрине, біз банктерді қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан біршама қаражат бөлдік. Өйткені, банктер – ел экономикасының күретамыры. Егер қиын жағдайда оларға көмектесіп, қол ұшын созып, құтқарып қалмасақ тұтас экономикамыз кері кетуі мүмкін», деген Мемлекет басшысы қаржылық нарықты тығырықтан шығару әрекетіміз елдің әлеуметтік тұрмыстық мәселелерінің түзелуіне қалай әсер ететіндігін түсіндірді.

«Өздеріңіз білесіздер мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға дейін көтердік. Қазіргідей жағдайда ұстаздарының әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін осыншалықты көңіл бөліп отырған елдер саны аз. Ал енді банктерді қаржыландыру мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын байланыстыра отырып, мәселені қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. Біз екі-үш жыл бұрын медициналық қызмет саласын сәтті реформалай алдық. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар заманауи талаппен үйлесіп, әлемдік тәжірибеге сай қызмет көрсетуде. Ендігі жерде білім саласын да осылай реформалау қажет. Мәселен, жаңа технологияны жетік меңгерген, білім берудің заманауи үлгісін озық игерген мұғалімнің жалақысына 30 пайыз көлемінде үстемақы төлене бастады. Сол сияқты жоғары оқу орындарында да осындай жүйе қолданысқа енуде. Айталық, жоғары санатты ұстаздың соңынан жүрген студенттердің көптігінен оның білім-білігі бағаланады. Оларға 50 пайызға дейін үстемақы төленуде. Міне, бұл жүйе нарықтық экономиканың заңдылығы. Әлеуметтік саланың тұралап қалмауы үшін қаржылық институттарға Ұлттық қор арқылы қолдау көрсетудеміз. Ол қаржы келешекте қайтарылатын болады», деді Президент.